1. “Ұлттық қор - балаларға” бағдарламасы аясында тиісті ақшаны мерзімінен бұрын алуға бола ма? Шетелге тұрақты тұруға кеткен баланың оны алуға құқығы бар ма? Бала 18 жасқа дейін немесе одан кейін қайтыс болған жағдайда жинақтардың тағдыры қалай шешіледі? Балалар 18 жасқа толғанға дейін нысаналы талаптар мен инвестициялық кіріс мерзімінен бұрын алу құқығынсыз есептелетін болады. Естеріңізге сала кетейік, кәмелетке толған кезде алушы жинақталған соманы тек білім алуға немесе тұрғын үйге пайдалануға құқылы. Қазақстаннан басқа мемлекетке тұрақты тұруға кеткен балалар Ұлттық қордың қаражатын пайдалану құқығынан
айырылады. Бала 18 жасқа дейін немесе одан кейін қайтыс болған жағдайда жинақтар ҚР азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен мұраға қалдырылады. Жинақтар баланың мұрагерлері үшін уәкілетті операторда ашылған банктік шотқа аударылады. Мұрагер ретінде баланың жақын туыстары немесе заңды өкілі танылады. Қаражатты кез-келген мақсатта пайдалануға болады.
2. Алдағы жылдары жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) қалай өзгереді? 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесі жаңа құрамдауыш - жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарымен (ЖМЗЖ) толықтырылды. ЖМЗЖ мөлшері қызметкердің ай сайынғы табысына байланысты және жұмыс берушінің қаражаты есебінен қаржыландырылатын болады. Жұмыс берушіге түсетін жүктеменің теңгерімді болуы мақсатында ЖМЗЖ жарнаны кезең-кезеңімен ұлғайта отырып аударылатын болады: - 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап-1,5 пайыз мөлшерінде; - 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап-2,5 пайыз мөлшерінде; - 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап-3,5 пайыз мөлшерінде; - 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап-4,5 пайыз мөлшерінде; - 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап-5 пайыз мөлшерінде. ЖМЗЖ-ны біртіндеп енгізу, сондай-ақ, оны салық салынатын табыстан шегеру жұмыс берушіге түсетін жүктемені жеңілдету үшін қарастырылған. Сонымен қатар, заңнамаға сәйкес, ЖМЗЖ барлық жұмысшылар үшін емес, тек 1975 жылы және одан кейін дүниеге келгендер үшін төленеді. Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасын енгізу қызметкердің зейнетке шыққаннан кейінгі зейнетақымен қамсыздандырылу деңгейін арттыруға ықпал ететін болады.
3. Зейнетақыны рәсімдеу үшін қалай, қайда және қашан жүгіну керек? «БЖЗҚ» АҚ (бұдан әрі-БЖЗҚ, Қор) Қорда міндетті зейнетақы жарналары және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары бар және жалпыға бірдей белгіленген зейнет жасына жеткен адамдардың, сондай-ақ, егер мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленсе, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдардың БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін белгіленген кесте бойынша алуға құқықтары бар екенін еске салады. Қордан зейнетақы төлемдерін зейнет жасына толуына байланысты тағайындау үшін алушылар тұрғылықты жері бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО), ал бірінші немесе екінші топтағы мүгедектіктің белгіленуіне байланысты төлем алу үшін Қор бөлімшелеріне, электрондық цифрлық қолтаңбасы бар болса БЖЗҚ сайты арқылы уақытылы жүгінулері қажет. Алушы зейнет жасына толғанға дейін 10 күн бұрын ХҚКО-ға өтінішпен бірге қажетті құжаттарын өткізуі керек. Біз осы мерзімді қатаң сақтауға кеңес береміз. Себебі, бұл мемлекеттік зейнетақыны алу үшін өте маңызды, оны тағайындау үшін ұсынылған құжаттар бойынша еңбек өтілін тексеру қажет. Оған қоса, заңнамаға сәйкес жасына байланысты зейнетақы және мемлекеттік базалық төлем тағайындау өтініш берілген күннен бастап жүргізіледі. Өтініш пен қажетті құжаттар “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясында (Мемлекеттік корпорация) тіркелген күн осындай күн болып есептеледі. Естеріңізге сала кетейік, жасы бойынша зейнетақыны жалпыға бірдей белгіленген зейнет жасына толған адамдар: ерлер 63 жасқа, әйелдер 2024 жылы 61 жасқа толғанда ала алады. БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдері зейнетақы жинақтар таусылғанға дейін жүзеге асырылады. Сонымен қатар, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру бойынша проактивті қызмет көрсету мақсатында зейнет жасына толған, Қорда зейнетақы жинақтары бар, бірақ төлем алуға өтініш білдірмеген тұлғалар бойынша БЖЗҚ Мемлекеттік корпорациямен бірлесіп, осындай азаматтарда жасына байланысты тағайындалған зейнетақы төлемдерінің және бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерінің бар-жоқтығын жыл сайын салыстырып, тексеру жұмыстарын жүргізеді. Жыл сайынғы салыстыру нәтижелері бойынша бюджет қаражаты есебінен тағайындалған зейнетақы төлемдері бар адамдар анықталған кезде БЖЗҚ Мемлекеттік корпорациямен жасалған тиісті келісім шеңберінде оларға зейнетақы төлемдерін аударады.
4. Ерікті зейнетақы жарналары деген не? Оны дұрыс аудару үшін не істеу керек? Жинақтаушы зейнетақы жүйесі аясында Қазақстанда жарналардың мынадай түрлері жүзеге асырылады: міндетті (қызметкер табысының жұмыс беруші ай сайын аударатын 10%), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (зиянды және қауіпті мамандықтарда еңбек етіп жүрген қызметкерлер табыстарының 5%, оны жұмыс беруші өз бюджетінен төлейді), сондай-ақ, 2024 жылдан бастап енгізілген жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ), 1975 жылы және одан кейін дүниеге келген барлық жұмыскерлер үшін (2024 жылы 1,5% басталып, біртіндеп өсірумен 2028 жылы 5% дейін). Сондай-ақ, жеке және заңды тұлғалар аудара алатын ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) да бар. Жеке тұлғалар ерікті зейнетақы жарналарын өздері және (немесе) жақындары үшін өз табысы есебінен, ал заңды тұлғалар – өз қызметкерлерінің және (немесе) үшінші тұлғалардың пайдасына аударады. Бұл жарналардың осы түрінің басты артықшылықтарының бірі. Ерікті зейнетақы жарналарын екінші деңгейдегі банктер, Қазпошта арқылы, сондай-ақ, жұмыс берушіге өтініш беру жолымен аударуға болады. Жұмыс беруші осы өтініш негізінде ЕЗЖ-ны БЖЗҚ-ға мәлімделген адамның пайдасына аударады. ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдерін алу тәртібін БЖЗҚ зейнетақы ережелеріне сәйкес алушы дербес айқындайды. Шарт жасасу және ЕЗЖ бойынша жеке зейнетақы шотын (ЖЗШ) ашу үшін БЖЗҚ кеңсесіне барудың қажеті жоқ. ЕЗЖ есепке алынатын ЖЗШ алғашқы жарна түскен кезде автоматты түрде ашылады. ЕЗЖ есепке алынатын ЖЗШ ашу өтінішсіз тәртіппен мынадай негізде жүзеге асырылады: -БЖЗҚ-ға агенттер ЕЗЖ аудару кезінде ұсынатын жеке тұлғалардың тізімдері; -жеке тұлғадан өз пайдасына немесе үшінші тұлғаның пайдасына ЕЗЖ аудару кезінде БЖЗҚ-ға түскен бастапқы жарна. Пайдасына зейнетақы жарналары аударылатын жеке тұлғаны сәйкестендіру ЕЗЖ аудару кезіндегі төлем тапсырмасының электрондық форматында көрсетілген дербес деректер (ТАӘ, ЖСН, туған күні) арқылы жүзеге асырылады. БЖЗҚ жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын қолданыстағы құжаттың деректемелері, тұрақты тұратын жері туралы барлық қажетті мәліметтерді және өзге де мәліметтерді мемлекеттік органдардың тиісті ақпараттық жүйелерінен алады.
5. Ерікті зейнетақы жарналарының салықтық артықшылықтары бар ма? Оларды инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) қанша көлемде аударуға болады және ол қалай жүзеге асырылады? Қазақстанда ерікті зейнетақы жарналары салықтық артықшылықтарға ие. Мысалы, жұмыс берушінің қызметкердің пайдасына аударған ЕЗЖ жеке тұлғаның табысы ретінде қарастырылмайды, жұмыс беруші үшін мұндай шығыстар корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегеруге жатады. Яғни, бұл жағдайда жұмыс беруші салық салу кезінде жеңілдіктер алады. Ерікті зейнетақы жарналары да міндетті зейнетақы жарналарының барлық түрлері сияқты инвестицияланады және салымшыларға табыс әкеледі. Зейнетақы активтерін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі басқарады. Алайда, салымшылар зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушыға (ИПБ) аударуға құқылы, олар кірістілік пен тәуекелдің әртүрлі деңгейлері бар түрлі инвестициялық стратегияларды ұсынады. Егер міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жинақтарын ИПБ-ға 50% дейін аударуға болатын болса, онда ерікті зейнетақы жинақтарын басқаруға толық көлемде беруге болады. Жинақтарды ИПБ-ға аудару салымшының өтініші бойынша жүргізіледі, оны Қор сайтындағы жеке кабинетте немесе БЖЗҚ-ның кез келген филиалында электрондық форматта беруге болады. Инвестициялау нәтижелері бойынша басқарушы компанияны да өзгертуге болады. Бірақ оны жылына көп дегенде бір-ақ рет ауыстыруға болады. Осылайша, зейнетақы активтерін басқаруға қатысу ЕЗЖ-ның тағы бір артықшылығы болып табылады. Жарналардың барлық түрлері есебінен зейнетақы жинақтарының сомасын enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте 24/7 режімінде оңай бақылауға болады. “БЖЗҚ” АҚ салымшының ерікті зейнетақы жарналарын (ЕЗЖ) аудару туралы уақытылы шешім қабылдауы оған өз зейнетақы капиталын едәуір толықтыруға және сол арқылы болашақта жоғары төлемдер алуға септігін тигізетіндігін ескертеді.
“БЖЗҚ” АҚ баспасөз орталығы. |