Онлайн газет



Қандастарымызды ойландыратын жайлар аз емес

Г. Әбдіқұлова,
“Ауыл жаңалығы”.

Елiмiз тәуелсiздiк алысымен әлемнiң әр түкпiрiнде шашырап жүрген  қандастарымыз атамекенге бет бұрды.  Елбасымыздың Жарлығымен шетелдерден көшiп келетiн қандастарымызға жан-жақты қамқорлық көрсетiлiп жатқандықтан бүгiнгi  күнге дейiн 1 миллионға жуық қандасымыз ата жұртқа оралып, олардың 700 мыңнан астамы Қазақстан азаматы атаныпты.

Сәрсенбі күні  ауданымызға іссапармен келген   Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші қон комитетінің төрағасы Саламат Аманбаев пен осы комитетке  қарасты этникалық көші қон басқармасының басшысы Марат Тоқсамбаев, облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы С.Сейтбековтер алдымен Сарыкемер ауылындағы «Әдемі»  тігін цехында болды.
Қазақтың ұлттық киімдері  айшықты ою-өрнегімен, өзіне тән қанық бояуымен айшықталады. Сондықтан  бүгінгі күнге дейін өзінің қадір-қасиетін жоймай, қол өнерінің озық үлгісі ретінде-отандық брендке айналып отыр. Ұлттық үлгідегі киімдердің ұлттық құндылығын  асқақтатып,  өркениет талабына сай ұлттық киімдер дайындап келе жатқан кәсіпкер Ы.Жұмаев  басшылық ететін «Әдемі» тігін цехы  осы жылы есігін айқара ашқан  болатын.
Қадірменді қонақтар екі қабатты ғимарат ішін аралап, он саусағынан өнер тамған тігіншілердің қолынан  шыққан ұлттық киімдер: ерлер, әйелдер және балаларға арналған камзол, шапан, бас киімдер, ұлттық нақыштағы той  кәдесыйларын көріп,  тігілген бұйымдардың сапасымен танысты.
Цех басшысы Аққалам Жұмабаева    «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы шеңберінде Еуразиялық банкіден 7 млн. теңге несиені жеңілдікпен алып, өз жұмысын  бастағанын,  бүгінде   бірнеше адамды жұмыспен қамтығанын, тігіншілердің айлық жалақысы 30 бен 50 мың теңгенің көлемінде екендігін, қосымша  шағын несие алып, соны үлгідегі тігін машиналарын алуды  жоспарлап отырғанын,   әрі «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасының шарапатын көргендігін әңгімеледі.
Бұдан соң қонақтар Сарыкемер  орта мектебінің мәжілістер залында бір топ оралмандармен кездесті. Кездесуді облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы С.Сейтбеков ашып, жүргізіп отырды. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші қон комитетінің төрағасы Саламат Ермұханұлы сөз алып,   еліміздің көші-қон саласында атқарылып жатқан жұмыстарға, соның ішінде Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға, әсіресе  Үкіметтің биылғы 20 наурыздағы жаңадан қабылданған қаулысына  айрықша  тоқталды. Ендігі жерде атажұртқа көш басын бұрғысы келген қандастарымыз 7 облыс -Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарына қоныстана алатындығы, осы облыстарға барған  отандастарға барынша жағдай жасалып,  жеңілдіктер берілетіндігі айтылды.  Ал көші-қон төңірегіндегі мәселелерге этникалық көші -қон басқармасының басшысы Марат Тоқсамбаев  түсінік берді.
Жүздесуге келгендер арасынан өздерінің тілек-өтініштерін білдіргендер аз болған жоқ. Аудан тұрғындары Д.Тұрсынбаева мен Қ.Құрманбаевтар “Жұмыспен қамту-2020” бағдарламасы аясында 3 млн. теңге көлемінде  несие алып, жұмысын бастап отырғанын айтып,  Елбасына деген ризашылықтарын   білдірді. Ж.Жолмаханова Өзбекстан Республикасында   қалған жолдасына Қазақстанның азаматтығын қалай алуға болатындығын сұраса, Р.Нұрмолдаев оралған қандастар  үй салу үшін жер учаскесін, егінге-жер телімін алу қиындығын алдыға тартты.
Жүздесуді қорытқан С.Аманбаев оралмандар көкейінде жүрген сауалдарды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне жеткізетіндігін айтып,  қиындықтарды жеңу үшін ерінбей  еңбек ету,   отбасына қарап тіршілік жасау, қажетті мамандықтарды игеру, өсіп келе жатқан  жастарға дұрыс тәрбие берудің маңызын сөз етті.
Мәртебелі қонақтарды аудан әкімінің орынбасары М.Демесинов бастаған бір топ сала басшылары ертіп жүрді.
*              *              *
Осындай   алқалы жиын  ертеңіне Түймекент ауылдық округінде жалғасты.

Обновлено 21.04.2014 17:02
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1148
mod_vvisit_counterКеше1762
mod_vvisit_counterОсы аптада8561
mod_vvisit_counterӨткен аптада10587
mod_vvisit_counterОсы айда4468
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2256137

Серіктестер