Онлайн газет



17-сінде от кешкен

А.Қайыпназарқызы,
«Ауыл жаңалығы».

Міне, біраз күннен кейін тарихқа таңба болып басылған қаһарлы соғыстағы Жеңістің 69 жылдық мерекесі тойланады. Ұлы Жеңіс Тәуелсіз Мемлекеттер достастығы елдері үшін ғана емес, сонымен қатар әлем халықтары үшін де үлкен оқиға. Өйткені бұл соғыс миллиондаған адамдардың өмірін қиып, мыңдаған қала мен елді мекенді тып-типыл етті. Жүздеген жанұяның өміріне жазылмас із қалдырды. 1941-1945 жылдардағы соғыс  Кеңес Одағы халықтарының тарихындағы қасіретті бет қана емес, ол “туған жерім” деп

жан берген жалпы халықтың теңдесі жоқ ерлігі, қажыр-қайраты, бекем бірлігінің дәлелі.
Отан үшін от кешкендердің қатарында Үлгілі елдімекенінде тұратын Базарбай Қалдыбаев та бар. Ол  1925 жылы 30 қыркүйекте Байзақ ауданы аумағындағы «Ванцетти» колхозында Жарқылдақ пен Қалдыбайдың жанұясында өмірге келеді. Балалық шақ балдай болмағаны белгілі. Аштық, қуғын-сүргін бұл отбасыға да өз зардабын әкелді. «Үйде қалған кішкентай інім екеуміз бір-бірімізді жетектеп жүруші едік. Ал анам мен әкем зығыр, түрлі басқа да шөптерді жинап әкеліп,содан тамақ істеп беретін. Ашаршылықтан аман қалғандардың көбі осылайша күнелтті ғой» - дейді Базарбай ата бізбен әңгімесінде. Сөйтіп жүріп, Политотдел мектебінің 7-сыныбын тәмәмдаған ол, жастық шақта да жұмыс істеп, еңбекпен ысталады. Оқу арасында, жазғы демалыста Қызылқайнар даласында бидай жинап, үлкендерге қолғабыс көрсетеді. Осылайша сәби шағы, бозбалалық дәурені аса  мәз болмаған Базарбай Қалдыбаев алдында тағы бір қиын кезең күтіп тұрғанын онда қайдан білсін?! Бұл жағдай жайлы Б.Қалдыбаев былайша тебірене жеткізді:
-Қызылқайнарда жұмыс істеп жүргенімізде басшымыз  жастарға әскери оқу туралы ұсынысын білдірді. Әскери  білім алу әрине, ол кездегі жас жігіттердің басты арманы болатын. Сонымен ауылдан Дәулетияров Сейтқасым деген жолдасым екеуміз Түркменияның Марры қаласына барып, офицерлық училищеде алдымен білімімізді байқаттық. Ол 1943 жылдың жаз айы болатын. Алайда жолдасым екеуміз екі бөлімге оқуға түсіп, жолымыз екіге айырылды. Студенттік өмір басталды. Елдегі аптап ыстықты ауызбен айтып жеткізу қиын. Тіпті, күн көзі денемізді күйдіріп жіберетіндігі соншалықты, теріміз тұз секілді ағарып, сыпырылып түсетін еді. Сол кезде бірге оқитын орыс жігіті «Оданда соғысқа барайық! Отанымызды қорғап, қиналайық!» дегені біздің бәрімізге ерекше ерік-жігер беріп, 1943 жылдың тамыз айында өзіміз өтініш жазып, ел қорғауға аттандық. Ол кезде мен небәрі 17 жаста едім. Қош, сонымен  эшалон-эшалон жігіттерді жан-жаққа бөліп, соғыс майданына кіріп кеттік. Мені Украинаның Харьков қаласы № 201-ші жаяу әскерилер  полкіне жіберді. Бір күні осы полктің командирі мені шақырып алып, «сен училищеде азды-көпті оқығаның бар, топографияны түсінетін шығарсың. Саған жауапты жұмыс тапсырмақшымын. Мына картаға немістердің іс-қимылын бақылауға алып, түсіріп келе аласың ба?» деді. Тапсырманы орындау солдаттың басты парызы емес пе?! Қасыма үш жігіт қосып беріп, төртеуміз немістер жағына қарай жол жүрдік. Үш күн фашистердің ізіне түсіп, аңдыдық. Өзімізге керекті мәліметтердің барлығын қағаз бетіне түсіріп артқа қарай қайтар жолда, жау жағы бізді байқап қалып, оқ жаудыра бастады. Бізді бастаған екі жігіт  қатты жараланып, әзер дегенде алдыңғы шепке барып қосылды. Ал, артында қалған біз, алдымен қасымдағы жолдасым, кейіннен менде екі жерімнен жарақат алып, бір-бірімізді сүйей отырып өзіміздікілерге қосылдық-ау әйтеуір. Тапсырманы сәтті орындап, полк командиріне картаны жеткізіп бердік. Бір жамбасым мен жағымды оқ тесіп өткен мені және жанымдағы жауынгерлерді госпитальге жатқызды. Воронеж облысының Алексеевка госпиталіне, сонан соң Саратов қаласында ем алдық. Сондағысы, біздікі былай тұрсын, қол-аяғынан айырылған, көздері ағып түскен, тіпті жағы-жағына тимей, бет-ауызы жыртылып, тамақ ішуге мүмкіндігі болмай қиналып жатқан талай жауынгерлер әлге дейін көз алдымда. Содан 1944 жылы ұрысқа қайта жіберіліп, Белоруссия қалаларын, Литва, Шығыс Пруссия, Балтық теңізінен өтіп, Кенигсбергті (қазіргі Калининград) жаудан азат етуге атсалыстық. Берлинге 20-30 шақырым қалғанда Жеңіс жалауы желбірегенін естідік. Соғыс мұнымен аяқталған жоқ. Жауынгерлердің кейбірі елге оралғанымен, біраз әскерилер Қиыр Шығыстағы Жапонияға қарсы соғысқа, ал кейбірі  дүрбелеңнің толық басылуына дейін сонда қызмет етті. Соңғылардың бірі ретінде мен де 1950 жылға дейін әскерде болдым, - дейді майдангер қарт өткен күннен естелік айтып.
Оттан аман шыққан Отан қорғаушы елге оралысымен еңбекке араласып, Жамбыл ауданында Ішкі істер бөлімінде милиционер, Үлгілі мектебінде ұстаздық, тіпті, бір жылдары Байзақ (Свердлов) ауданының бірінші хатшысы Ә.Сандыбаевтың көмекшісі, кейін мәдениет бөлімінің басшысы қызметтерін абыроймен атқарады. Зейнетке шыққаннан кейін де Жамбылдағы «Химпром» зауытына жұмысқа кіріп, онда да үлкен-кішінің арасында қарапайымдылығымен ерекше құрметке бөленеді.
Базарбай Қалдыбаев өзінің жары Нағима Даусариевамен 1953 жылы бас қосты. Жаңасаздың жас аруы ол кезде осы Үлгілі колхозында экономист болып іс істеп жүрген. Осындағы мектепте денешынықтыру пәнінен сабақ беретін жас жігіт Базарбай мен Нағиманың сезімдері Үлгілідегі үлгілі  жанұяның құрылуына себепкер болады. Бүгінде олардан тараған 8 бала, яғни 4 ұл, 4 қыздан 7 немере, 3 шөбере бар. «Құдайдың мұнысына да шүкір, балаларымның барлығы жоғары білімді. Үлкені Шаяхмет бас қала - Астанада санақ комитетінде, Гүлнұр – облыстық аурухананың терапия бөлімінің меңгерушісі, Нұржахан – банк саласында, ал Гүлжаханым – мұғалім, Гүлнара – Тараздағы педагогикалық институтта қызмет атқарады. Ділмұхаммед пен Нұрмұхаммед те түрлі сала мамандары. Ең өкініштісі, ұлымыз Жүністен ерте айырылып қалдық»  - дейді Базарбай атаның жары Нағима әжей.
Ең қызығы, бұл отбасы тұрып жатқан қазіргі үйдің іргетасын кезінде осы екі жұп өздері қалаған екен. Тіпті, оның 22 мың кірпіштен тұрғызылғанын абыз ана әлі күнге дейін ұмытпайды. Ал,  бүгінде 90-ға таяп қалған майдангер қарт сол үйдің алдындағы бақшаға гүлден бастап барлық көкөніс түрін егіп, өзі бағып-қағады. Ұрпақтары кейде күліп “Біздің Мичурин ата” деуі де сондықтан.
Иә, үлгілі отбасының үлгілі тірлігі бізді де тәнті етті. Әсіресе,  бүгінде омырауында  “І-дәрежелі Отан соғысы” ордені,  “За взятие Кенигсберга”,  “За победу над Германией”  т.б. көптеген медалдары жарқыраған Базарбай Қалдыбаевтың өмірі – үлкен өнеге. Өнегелі өмірдің иесі бізге жүздесу соңында ақ батасын беріп, сұм соғыстың қайталанбауын,  елде тыныштық орнауын тіледі.

 

Обновлено 21.04.2014 16:25
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін991
mod_vvisit_counterКеше1762
mod_vvisit_counterОсы аптада8404
mod_vvisit_counterӨткен аптада10587
mod_vvisit_counterОсы айда4311
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2255980

Серіктестер