Өткен ғасырдың ортасына таман күллі әлемді күңіренткен Ұлы Отан соғысы біздің алдыңғы буын ағаларымыздың жеңісімен аяқталды. Сол бір өлшеусіз қанмен, ұлы ерлікпен келген Ұлы Жеңіске биыл 79 жыл толып отыр. Жеңіс күні-тарих төрінен орын алатын ұлы мереке. Жеңісті сәттің жыл өткен сайын құны артып келеді. “Ер есімі-ел есінде” демекші, кешегі 1418 күн мен түнге ұласқан сұрапыл соғыстың сызы Отан қорғауға аттанған азаматтарға қандай құрмет көрсетсекте артық етпейді.Олардың қатары бүгінде сиреп барады. Биылғы мерекені облыс бойынша 8 ғана майдангер атап өтті. Ал оның біреуі біздің жерлесіміз екенін
мақтан етеміз. Жеңіс күні аудан халқы Сарыкемер ауылындағы «Қайғылы ана» және Кеңес Одағының Батыры, жерлесіміз Ақәділ Суханбаевтың ескерткіштері маңына ертемен жиналды. Олардың арасында әскери қызметкерлер мен Ауған соғысының ардагерлері де болды. Олар сұрапыл соғыста жан беріп, жан алысқан, Отан үшін от кешкен боздақтарға құрмет көрсетіп, тағзым етті. Ел тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы бейбіт күннің арқасы екенін байзақтықтар жақсы біледі.
Шара барысында аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ермеков, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысының орынбасары Есжан Әбдіманаповтар сөз алып, боздақтардың Отан үшін жасаған ерліктері ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті. Сондай-ақ соғыс ардагерлеріне деген құрмет үнемі жасалатындығы, олардың жасаған ерліктері дәріптеліп отыратындығына тоқталды. Соғыста Жеңіске жетуімізге үлес қосқан майдангерлер арасында Кеңес Одағының Батыры атанған жерлесіміз Ақәділ Суханбаевпен әркез мақтанатындығы ерекше аталып өтілді. Енді мұндай соғыс болмай, елімізде тек тыныштық болуын тіледі. Тағзым алаңдарында аудан әкімі Бақыт Қазанбасов бастаған сап түзеген ардагерлер мен жастар ескерткіштер алдына гүл шоқтарын қойып, боздақтарға тағзым етті. Содан соң ел мен жерді, Отанымызды қорғауда ерен ерлік көрсеткен жауынгерлер бір минут үнсіздікпен еске алынды. Шара соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, спорттық жарыстармен жалғасты.
Сүндетулла ӘБІЛОВ. |
Обновлено 14.05.2024 10:30 |