Онлайн газет



ӨЗАРА ТӘЖІРИБЕ АЛМАСТЫҚ

Қай кезеңде, қай салада болмасын тәжірибе алмасу-кәсіби шыңдалуға негіз болатыны анық. Әсіресе, шығармашылық ізденіс,  өткеннен өнеге ала отырып, жаңашылдыққа ұмтылу музей саласы мамандарына аса қажеттілік болып табылады. Осы мақсатта  Байзақ аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұжымы аудандағы «Жастар ресурстық орталығының» мамандарымен бірлесе Жуалы, Сарысу аудандарындағы музейлерге іс-сапармен барып қайтты.
Көктем келісімен жан-жағы жасыл желекке малынып тұратын табиғатымен талайды таңқалдырған Жуалы жері-батырларға, ақындарға бай өлке. Алдымен ұжым болып осындағы Кеңес Одағының Батыры, жазушы, екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлы атындағы мемориалдық музейге табан тіредік.
1995 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан мәдени орталықта батыр бабамыздың ұстап-тұтынған заттары, киімдері, естелік суреттер мен сыйға алған кітаптары, бағалы сыйлықтары қойылыпты. Музейдің бір бұрышында орналасқан батырдың жеке бөлмесі де айрықша көз тартады. Жұмыс үстелі, жатын төсегі, ондағы жабдықтар, кітап сөресі, тіпті аспалы шамына дейін бәрі көздің қарашығындай қаз-қалпында сақталып, келушілердің қызығушылығын одан сайын арттыра түседі. Бұл заттарды музейге Бауыржан атамыздың келіні Зейнеп Ахметова тарту еткен. Соғыс қасіретін басынан кешкен Бауыржан Момышұлының өз қолымен сызған картасы, ұлттық нақышта салған ою-өрнегі де өзгеше екен. Батырдың кіндік қаны тамған жерінде жұмыс жасап тұрған музейдің құнды дүниелерімен қаныға танысып, ілгерідегі күндерді көзбен көрмесек те, көңілге түйген күйі келесі нысанымыз - Жуалы аудандық тарихи-өлкетану музейіне келдік.
Мұнда бізді тарихшы, өлкетану ісінің білгірі, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Дәулетжан Жамалбекұлы қарсы алды. Төрт мыңға жуық жәдігері бар мұражайдан Жуалы ауданының құрылу тарихынан бастап, өңірден шыққан өнер адамдары, еңбек ерлері мен соғыс ардагерлері туралы толық мағлұмат алуға болады.  Музейде ескіден қалған ерекше жәдігерлер де бар. Мысалға,  VІ-VІІ ғасырлардағы түркілер мәдениетіне тиесілі Жуалы ауданының «Көсегенің көк жоны» деп аталатын жерінен табылған балбал тастар,  ортағасырлық қалаларды салуда пайдаланылған қыпшақ кірпіштері, XVII ғасырда жоңғарларға қарсы шайқаста пайдаланылған Жәуіш батырдың қылышы кешегі күннің шежіресін шертіп тұрғандай. Өлкетанушы Дәулетжан Байдалиев мұражайда жинақталған аудан тарихына қатысты мұндай құнды мұралардың өскелең ұрпаққа аманат екендігін жеткізіп, болашақ жоспарларымен бөлісті.
Мұнан кейін серпінді даму жолына түскен Сарысу ауданына қарай бет бұрдық.  Сонау 1978 жылы іргетасы қаланған  Төкен Мақашев атындағы тарихи-өлкетану музейіндегі «Көне дәуір», «Ықылас Дүкенұлы», «Табиғат», «Ұлы Отан соғысынан кейінгі кезең», «Этнография», «Мәдени ағарту және өнер» залдарын осы мекеменің меңгерушісі Эльмира Кокушева таныстырып өтті. Мұражай ауданның тамырлы тарихынан, бұрынғы және бүгінгі күннің тыныс-тіршілігінен сыр шертіп тұр деуге болады.
Тәжірибе алмасу іссапары барысында аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Артықбай Үкібаев ұлттың ұлы құндылықтары сақталатын рухани ошақ-мұражайлардың өскелең ұрпақтың бойына адами құндылықтарды сіңіруде рөлі зор екендігін атап өтіп, тілек кітапшасына өз қолтаңбасын қалдырды. Әріптестеріне шығармашылық табыс тіледі.

Айдана Шотбасова,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы.

Обновлено 14.05.2024 10:25
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін530
mod_vvisit_counterКеше1348
mod_vvisit_counterОсы аптада7748
mod_vvisit_counterӨткен аптада8176
mod_vvisit_counterОсы айда32094
mod_vvisit_counterӨткен айда62198
mod_vvisit_counterБәрі2396354

Серіктестер