Онлайн газет



ЦИФРЛЫ КЕЛЕШЕК ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР

Жаңа ғасыр ұрпақтары ақпараттар ағымы заманында өмір сүріп жатыр. XXI ғасыр-заманауи технологиялардың қарқынды дамып жатқан ғасыры, ақпараттық қоғам дәуірі, техниканың озық дамыған кезеңі. Күнделікті жаңадан ойлап табылған жүйелер бүгін ойлап табылып, ертең-ақ қолданысқа беріліп отыр. Осы цифрлы келешекте өмір сүріп жатқан біздер үшін ұлттық құндылықтарымыз қалай сақталып жүр және олардың құндылығы жойылып кетпей ме деген қауіп бар.  
Атырау қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өткені баршамызға белгілі. Дәстүрге айналған келелі кеңестің кезекті жиынында алдағы атқарылатын жұмыстардың бағыт-бағдары айқындалды. Әсіресе жаһандану кезеңінде тарихи тамырдан ажырамай, ұлттың өзіндік келбетін сақтап қалудың маңыздылығына екпін салынды. Ұлттық құндылықтарды сақтау, дәстүрлі отбасы құндылықтарын табанды түрде орнықтыру, өскелең ұрпақ бойына адами құндылықтар мен қасиеттерді сіңіру қажеттігі айтылды.
Ел Президенті ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарды да атап айтты. Ол-тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық. “Әр азамат Отанға деген сүйіспеншілігін сөзбен ғана емес, нақты іспен көрсетуі қажет. Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін терең сезініп, оны бағалай білуі керек. Біз біртұтас ұлт және халықаралық қауымдастықтың жауапты мүшесі ретінде ұлттық мүддеміз бен Тәуелсіздігімізді әрдайым қорғауға дайын болуымыз қажет”, - деді Президент.
Сонымен қатар Ел Президенті қоғамда кітап оқу мәдениетін орнықтыру үшін құрылтай мүшелерінің Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысына қолдау білдірді.
Еліміздің өркендеуі, ұлттық ерекшелігіміз бен ұлттық құндылықтарымызды сақтаудың маңызы зор. Өйткені  ұлттық құндылық - әрбір ұлттың болмысында ғасырлар бойы атадан балаға мұра болып келе жатқан адамгершілік қағидаттары. Ғасырдан-ғасырға жеткен халықтың қазынасы-тілі, ділі, салт-дәстүрі, әдебиеті мен өнері, мәдениеті, ұлтымыздың рухани байлығы. Осы орайда, ұлтымыздың көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқай: «Ұлттық құндылықтардан жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халықтың мүддесі мен мұқтажын жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды»,-деген еді. 
Заман талабына сай адамдардың цифрлы мәлімет алмасуы, ақпараттық-коммуникативтік технологиялардың кеңінен қолданысқа енгізуі керек-ақ. Алайда, келешек қоғамымыздың мүшелері-жастардың бойында ақпараттық мәдениетті қалыптастыру қоғамның алдында тұрған ең басты міндет деп ойлаймын. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптей отырып, өркениет көшінен қалмай дамудың алғышарттарын қалыптастыруды да бүгінгі күннен бастаған абзал, бұл уақыт күттірмейтін іс.
Жас ұрпаққа ұлттық құндылықты дарыту, тәрбие беру ертеңгі сапалы өмір кепілі.  Біз ұрпақ тәрбиесіне  «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп ұлы жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, еліміздің болашағын қалыптастырар, іргетасын қалар ұрпақты бесіктен бастап тәрбиелеп, құндылығымызды жастайынан бойларына сіңірген елміз. Сол келешектің тұтқасын ұстайтын ұрпақты жан-жақты тәрбиелеп, олардың бойына ұлттық болмысымызға сай келетін құндылықтарды дарыту - біздің парызымыз.
Ұлттық құндылықтар ұлтты құрметтеуден бастау алады. Сонымен бірге ұлттық құндылықтарымыз ұлт болмысын қалыптастырады. Жас ұрпақтың бойына сол дүниелерді сіңіріп тәрбиелей алсақ, еліміздің болашағы солай айқын көрінетінін естен шығармаған жөн дегім келеді.

Жұлдызай МҰХИТҚЫЗЫ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4-курс студенті.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін857
mod_vvisit_counterКеше1762
mod_vvisit_counterОсы аптада8270
mod_vvisit_counterӨткен аптада10587
mod_vvisit_counterОсы айда4177
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2255846

Серіктестер