Онлайн газет



ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫН ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛДЫ

М.Шалғынбай,
«Ауыл жаңалығы».

Тараз қаласында 2011 жылдың 12 қарашасы  күні  елді дүр сілкіндірген лаңкестік оқиға үстінде ерлікпен қаза тапқан жол полициясының жеке взвод командирі,  полиция капитаны, Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовты еске алуға арналған іс-шаралар өз жалғасын табуда. Ерліктің үлгісіне айналып, жасындай жарқ етіп үзіле барған жас ғұмырдың бейнесі  халық жадынан өшпек емес.
Ағымдағы жылдың 5-6 сәуірі күндері Түймекент орта мектебінде №8 Ж.Үшкемпіров атындағы балалар–жасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен волейболдан 1997-1998 жылдары туылған жасөспірімдер арасында  облыстық турнир болып өтті.
Жарысқа Тараз қаласы мен Т.Рысқұлов, Жамбыл, Жуалы, Сарысу, Шу, Байзақ аудандары командалары және Сарыкемер ауылындағы №9 балалар- жасөспірімдер спорт мектебі, Тараз қаласындағы №49 орта мектебі, Гоголь орта мектебі мен Ғ.Байтасовтың өзі оқыған Ақжар ауылындағы С.Сейфуллин  орта мектептерінен барлығы 11 командадан 135 жасөспірім спортшылар қатысып, үш топқа бөлінді.
Атаның ғана емес адамзаттың  ұлына айналған хас батырдың  бейнесі сомдалған суретпен безендірілген спорт залында өмір, елдік мүдде, қызметке адалдық, отаншылдық сезімінің құдіретін  ұқтырғандай  әсерге бөлеген турнирді тамашалауға жанкүйер көптеп жиналды. Турнирдің ашылуында аудан әкімінің орынбасары М.Демесинов, Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Н.Жолдасбеков, Ғ.Байтасовтың ағасы С.Байтасовтар  сөз сөйлеп, іс-шараның тағылымдық мәнін ерекше атап өтті. 
Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың жары Гүлжамал Тәжиева мен екі ұлы турнирдің ашылуына арнайы келіп қатысты.   Ғазиз Әбдібекұлының жары Гүлжан Махамбетқызы  ұрпақ тәрбиелеуде ұстаздардың еңбегі өлшеусіздігін айтып, еске алу турнирін  ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Отаншыл сезімді ұландардың қалыптасуына абыройлы тұлғалардың ерлігін насихаттау қай кезде маңызды іс. Оқушылар «Жаса қазағым», «Қазақстаным» әндерін шырқады. Мемлекеттік  гимн орындалған соң, спорттық жарыс кезеңі талапқа сай қарқын алды. 
Жарыс қорытындысында  Тараз волейбол клубының командасы бірінші орынды жеңіп алса, Т.Рысқұлов ауданының командасы екінші орынды, №8 Ж.Үшкемпіров атындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің командасы  үшінші орынды жүлделеді. Жеңімпаз командаларға ұйымдастырушылар тағайындаған дипломдар, кубоктар мен медальдар және демеушілер атынан бағалы сыйлықтар ұсынылды. Сондай-ақ жарыстың сәтті және әділ  өтуіне атсалысқан бір топ төрешілер марапатталды.

Обновлено 15.04.2014 17:42
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін199
mod_vvisit_counterКеше993
mod_vvisit_counterОсы аптада11451
mod_vvisit_counterӨткен аптада8989
mod_vvisit_counterОсы айда28081
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2279750

Серіктестер