Онлайн газет



БІРЛЕСІП ЕҢБЕК ЕТСЕК, ТОЛЫМДЫ ТАБЫСҚА ЖЕТЕМІЗ,- дейді «Жадыра» ауылдық тұтыну кооперативіне біріккен шаруалар

М.Манекеев,
«Ауыл жаңалығы».

Ауыл шаруашылығы саласы – ел экономикасының дамуында екпінді үлесі бар сала. Сондықтан Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында: «Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру маңызды. Бұл біздің дәстүрлі саламыз. Азық-түлікке деген қажеттілік

 

арта береді. Бұл секторға инвестиция көбірек салынады. Сондықтан бүгінгі фермерлер тек уақытша әрі ауа-райына байланысты кездейсоқ жетістіктерді малданып қалмай, өндірістің өсімі жөнінде ойлануға тиіс. Жаһандық ауыл шаруашылығы өндірісінде бәсеке өсе беретін болады. Жермен жұмыс істейтіндер, ең алдымен, жаңа технологияларды енгізіп, өнімділікті үздіксіз арттыратындар, жұмысын әлемдік стандарттар негізінде жүргізетіндер болуы керек», деп қадап айтқан болатын.
Иә, қазіргі таңда әлем халқы санының өсу қарқыны азық-түлік проблемасын күрт шиеленістіру үстінде. Сондықтан Елбасымыз Н.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауларында елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлуде. Ауданымызда ауыл шаруашылығы саласы негізгі сала болып табылатындықтан ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру уақыт талабы болып отыр.
Бүгінде ауыл шаруашылығы саласының дамуына негізгі кедергі – ұсақ шаруашылық құрылымдары. Ауданымызда жері аз ұсақ шаруашылықтар көп. Олар инновациялық агротехникаларды енгізуге, инвестиция тартуға қауқарсыз. Бұндай жағдайды еліміздің барлық өңірлерінен көруге болады. Мәселені оңтайлы шешудің бірден-бір жолы ұсақ шаруаларды ірілендіру.
Өткен аптаның жұмасы күні Ботамойнақ ауылдық округінің ауылдық клубына жиналған шаруа қауымы осы мәселеге байланысты бас қосты. Өйткені, аудан бойынша өзгелерге үлгі боларлық игі істі қолға алып, ірілену мақсатында «Жадыра» ауылдық тұтыну кооперативіне біріккен 28 шаруа қожалықтың бұл әрекеті құптарлық іс екені анық.
Ауыл әкімі Е.Зәуірбеков ашып, жүргізіп отырған жиынға аудан әкімінің орынбасары Д.Сұлтанбеков, аудан әкімдігі ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Б.Сағынбеков, шаруа қожалық жетекшілері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Алдымен мінберге көтерілген аудан әкімдігі ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Б.Сағынбеков салаға қатысты атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде кеңінен сөз қозғады. Өз сөзін еліміздегі сыртқы және ішкі орта жағдайларында Қазақстанның Кеден Одағы мен Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі және саланы мемлекеттік реттеу мен жаңғыртудың жаңа тетіктерін қолдану қажеттілігі туындауы себепті агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020» бағдарламасы әзірленгенінен бастаған Б.Сағынбеков ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдаланудың тиімділігін арттыру мәселесіне ерекше тоқталып өтті. Қазіргі уақытта ауданымызда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымсыз және тиімсіз пайдалану бағытындағы проблемалар, сондай-ақ мал шаруашылығы өнімінің үлкен үлесі тұрғындардың жеке үй шаруашылықтарында өндірілгендіктен төмен өнімділікке әкелетінін, ішкі нарықтағы күн санап өсіп келе жатқан қажеттілікті қамтамасыз етуге мүмкіндік бермей отырғанын жасырмады.
Сонымен бірге, Жамбыл облыстық мәслихатының өткен жылдың 27 қыркүйегіндегі сессиясында 2013-2020 жылдарға арналған облыс аумағындағы ауыл шаруашылығы құрылымдарын ірілендіру бағдарламасы бойынша айқындалып, бекітілген төрт бағыт аясында бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылған. Нәтижесінде бүгінге 145 шаруа қожалығы біріктірілген он сегіз ауылдық тұтыну кооперативтері құрылса, олардың жұмыстарын жандандыру мақсатында ауылдық округ әкімдерімен бірге түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылуда. Солардың бірі осы 28 шаруа қожалықтың басын қосқан «Жадыра» ауылдық тұтыну кооперативі болса, екіншісі Қостөбе ауылдық округіндегі «Агали» шаруа қожалығы. Он бірдей шаруа қожалығын біріктірген бұл ұйымда «Талас» ауылдық тұтыну кооперативін құру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» транзиттік дәлізі бойынан аудан аумағында сүт өндірісін дамыту мақсатында 24, 50, 100, 200 бас сауын сиырға арналған шағын тауарлы сүт фермаларын салуға он шаруа қожалығы ниет білдіріп, бүгінгі күнге лизинг бойынша алынатын мал, құрал-жабдықтар мен ауыл шаруашылығы техникаларына төленетін пайыздық қаражаттарына құжаттарын дайындауда.
Б.Сағынбеков сонымен қатар «Сыбаға» бағдарламасы, көктемгі дала жұмыстары, жеңілдетілген бағадағы жанар-жағар май, минералды тыңайтқыштар, мал шаруашылығы мен мал өнімдеріне төленетін субсидиялар көлемі туралы да жан-жақты мәлімет берді.
Өз кезегінде сөз алған «Жадыра» ауылдық тұтыну кооперативінің жетекшісі Г.Дәулетбаева 2009 жылы он шаруа қожалықтан құрылып, ағымдағы жылы 28 шаруа қожалыққа ұлғайған ұжымның иелігінде бес мың гектардан астам  жер телімі бар екенін, олардың қатарында ірілену бағытында атқарылып жатқан оң істерге тоқталды.
Аудан әкімінің орынбасары Д.Сұлтанбеков өткен жылы мемлекет тарапынан қолдау ретінде келген 128 млн. теңгенің бар-жоғы 42 млн. теңгесі ғана игерілгенін, ветеринария саласына қарастырылған қаржыға малдардан қан алу, түрлі ауруларға қарсы вакцинация салу жұмыстары тегін жүргізілетінін, төмендетілген бағамен наурыз айына берілген 240 тонна жанар-жағар майдың толығымен пайдаланылмағанын, тыңайтқыш алу, су тапшылығына орай суды үнемдеу, жерді тиімді пайдалану, субаренда мен тәлімді жер, мемлекеттік бағдарламалар аясында беріліп жатқан несиелер, шағын тауарлы сүт фермаларын салуды ұйымдастыру, ауыл шаруашылығы құрылымдарын ірілендіру мәселелеріне кеңінен тоқталды.
Жиын барысында оған қатысушы шаруалар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Өз кезегінде аудан әкімінің орынбасары Д.Сұлтанбеков шаруалар тарапынан қойылған өзекті мәселелерге орай өз ойын ашық білдіріп, оның әрбірі бойынша тұшымды жауаптар қайтарып, жиынды қорытындылады.    
Осы бағыттағы басқосулар алдағы уақытта басқа да елдімекендерде жалғасын табады.

 

Обновлено 15.04.2014 17:20
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін94
mod_vvisit_counterКеше993
mod_vvisit_counterОсы аптада11346
mod_vvisit_counterӨткен аптада8989
mod_vvisit_counterОсы айда27976
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2279645

Серіктестер