Онлайн газет



ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДАҒЫ ИШАНДАР МЕН АХУНДАР

Қазақ жерінде ислам мəдениетінің орнығып дамуына, халық санасында ислам құндылықтарын қалыптастыруға қазақ даласынан шыққан діни қайраткерлер, ишандар мен ахундар үлкен еңбек сіңірген. Олар исламды дұрыс бағытта таратып, халықты, ұлтты бір сенімге біріктіруге көмектесіп, елдің ынтымағын, береке-бірлігін қалыптастыруда əділ қазылық қызметімен халық санасына ислам құндылықтарын, ислам мəдениетін қалыптастыруға, қазақтың тәуелсіздігін сақтауға айрықша үлес қосты.
Қазақ жерінен білім іздеушілер діни білім орталығы Түркістан, Бұхара («Мирараб», Көкелташ), Самарқан тағы басқа медреселерінде жоғары білім алды. Ресей отарлауына дейін қазақ жерінде исламның дамуына кең жол ашылып, қожалар, ишандар исламды терең уағыздады.
Қазақ қоғамында ишан-деген халық арасында діни сауат ашу, оқу жұмыстарын белсенді жүргізуші, халыққа хақ дін ислам негіздері бойынша дұрыс ғибадат жасауды үйрететін, шариғатты меңгерген,діни білімі зор адамға берілетін лауазым.
«Ахун (парсы сөзі ахунд- 1.мұсылмандық діни лауазым; 2.баулушы ұстаз)-ХVIII ғасырдан бастап қазақ даласында қолданылған діни лауазым. Орта Азияны билеген Бұхар хандығы тұсында ислам ғұламаларының ең жоғарғы лауазымы. 1860 жылы Л.Толстойдың қабылдауында болған қазақ мүфтиі Уəйіс ғұламаның екінші лауазымы болды. Қазір ахунның орнына бас мүфтиден кейінге наиб мүфти лауазымы енгізілген. Ислам дініндегі ахун мүфтиден кейінгі атақ, лауазым аты. Мүфтидің шариғат бойынша айтқан шешімі ахунның келісімінсіз жүзеге асырылмаған. Ахун лауазымы дінді терең меңгерген діни қайраткерлерге ғана берілген.
Сонымен қатар қазақ жері бағзыдан ишандар мен қарияларға, ахундар мен молдаларға кенде емес. Олар замандарында халықтың жүрек көзін ашып, жас ұрпақ пен тұтас жұртты сауаттылыққа, адамгершілікке үйретті. Өздері салдырған мешіттерінде балалар оқытты. Сөйтіп халықтың рухани бай болуына жан аямай атсалысты. Ұлттың ұстаздары атанды.
Қазақ жерінде дін қызметкерлеріне  ишандар, ахундар мен қожа, молдаларға көп қысым көрсетілді.
Бұдан əрі дінге зорлық көрсету патша саясатына, қазақ жерін отарлауға кедергі келтіретінін сезгендіктен олар исламға сенушілерге жалпылама шектеу қоймағандықтан «ХІХ ғасырдың 60 жылдарында Түркістанда 20-ға жуық мешіт, 2 медресе болған. 1917 жылы қазан төңкерісіне дейін Ақтөбеде 200-дей, Жетісуда 269, Бөкей хандығында 78, Əулиеатада 15 мешіт» жұмыс істеді. Бұл кездері Қазақстанның түгелге жуық жерінде діни білім беріліп, медреселер жұмыс жасады. «1788 жылы құрылған Орынбор мүфтилігінде 114 мешіт медресе болса, ХІХ ғасырда Оңтүстік Қазақстанда Бабата, Бөкей ордасында Орда, Аякөз медресесі, Оралда Мұтығия; ХХ ғасырдың І жартысында Жетісуда Мамания, Қызылордада Қалжан ахун, Таразда Əбдіқадыр медреселері қазақ топырағындағы ислам мəдени ошақтары»  патша үкіметі кезінде жұмыс істеген, бұл мешіт медреселердің көбі Қазан төңкерісінен соң қиратылды. Тіпті ат, қой қамайтын қораларға айналдырды.
Бəймен ахун Тілемісұлы 1846 жылы Қызылорда облысы, Сырдария губерниясында туылған, діни қайраткер, Троицкідегі «Расулия» медресесінде, Уфада оқып «ахун» дəрежесін алған. Сол өңірде ауқатты аса білімді, діндар оқымысты Кіребай қажы 1890 жылы Сыр бойына өзі салдырған мешітіне «Расулия» медресе хазіретінен мешітке мұғалім жіберуін өтінгенде, ол Бəймен ахунды жібереді. Кіребай өз баласы Ғұбайдулланы Уфада оқытқан. Бəймен ахун мешітте мұғалім бола жүріп балалардың ғана емес, халық санасына Құдай Тағалаға деген сенімнің күшейіп, жеке адамды адалдыққа тəрбиелеуі, ақыл-парасаттылығы, оның халық арасындағы беделін арттырды. Ол шəкірттерін Ресей медреселеріне жіберіп отырған. Қызылордадағы Сырдария губерниясы, Сұлу Төбе болыстығында 1861 жылы туған Ахмет ишан Оразайұлы алғаш білімін əкесі ашқан мектепте алып, Бұхарада діни медресе бітіріп, медицина саласында білімін жалғастырып, бітірген соң туған ауылына келіп халықты емдеумен айналысатын емхана ашқан. Ол қиын операциялар жасап, халық құрметіне бөленіп, өз білгендерін шəкірттеріне үйретіп, халыққа діни білім берумен қатар медициналық білім де үйреткен. Халық оның дарынды дəрігер, діни оқымысты ретінде бағалап, дүние салған соң оған арнап кесене салдырған.
Осындай тұлғалардың  бірі Қалжан ахун (1862-1916), Қалмұхаммед Бөлекбайұлы Хиуа хандығында дүниеге келген, руы кіші жүз. Қалжан ахунның əкесі Бөлекбай жас кезінде өңді, батыр кісі болған. Өзіне айттырған қызға үйленуден бас тартып, сол өңір сұлтанының қызына ғашық болып, сол қызды осы күнгі Ақтөбе өңірінен алыс Хорезмге алып қашқан. Сөйтіп, сол кездегі Хиуаның Үргеніш қаласында Қалмұхаммед туылған. Білегіндегі қалына байланысты ол Қалжан аталып  кеткен. Оның əкесі сол өлкенің лауазымды адамдарымен тіл табысып, ауқатты тұрмыс кешіп, бек дəрежесіне жеткен. Ал, кейбір деректерде Қалжан ахун Қарақалпақстанда туылған делінеді. Қалжан 1890 жылы Бұхарадағы Көкелташ медресесінің фикһ ілімі, ислам заң негіздері факультетін бітіріп, Бұхара, Хиуа, Хорезм жерлерінде дін саласында 10 жыл оқып, араб, парсы, шағатай, тəжік тілдерін білген, «Ахун» лауазымын алған ақын, діни ағартушы. Қалжанның немересі Шəмсияның айтуынша, Қалжан ахун өз шығармаларында ІХ-Х ғасырларда өмір сүрген түркі ойшылдары мен астрономия, медицина, ботаника, геодезия саласындағы əл-Ферғани, əл Хорезми, Бируни, М.Қашқари, Джамшедəл Ками, Руми, Ұлықбек есімдері аталып, жаратылыстану тағы басқа ғылым саласы жөніндегі философиялық ойлары мен өзі жұмыс істеген кітапханалар жөнінен деректер, түсініктемелер беретіні жөнінде айтады. Қалжан ахун мен оның ұрпақтары қуғын-сүргінге ұшырағанда оның еңбектері жойылған. Қалжан ахун күллі данышпандардың еңбектерін зерттей келе «Жарық Сəуле - Шығыстан» деген ойды өз шығармаларында үнемі насихаттаған. Ол орта ғасыр ойшылдар еңбектеріне қызығушылық танытып, көп оқыған. Қалжан ахун Қызылорданың Тереңөзек өңіріне исламды таратып, діни білімдерді оқытуға келіп, мешітте имам бола жүріп, 1902 жылы медресе ашып балаларды ғана емес, халық арасында исламның таралуына үлкен үлес қосқан. Ислам дінін аса терең меңгерген дарынды ұстаз болумен бірге өз шəкірттері ішіндегі үздіктерін Ресей, Бұхара тағы басқа жерлерге оқуға жіберіп отырған. Қалжан ахун медресеге даярлаған шəкірттердің бірі Тұрмағамбет Ізтілеуов «Шаһнамені» қазақ тіліне аударған. Қалжан ахун халық арасында ислам мəдениетін таратуға зор үлес қосып, діни ағартушылық қызмет атқарған көрнекті діни қайраткер, ағартушы-ұстаз, діни ғалым бейнесі халық жадында сақталады.
Қазақ ишандары халық арасында күнделікті тұрмыс-тіршілікте ұлттық құндылықтармен астасқан исламның хақ дін екенін əр адамның жүрегіне жеткізіп, үлкен идеологиялық қызмет атқарған.

Алмас Құлымбетов,
гуманитарлық ғылымдар магистрі, дінтанушы, тарихшы.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1306
mod_vvisit_counterКеше1609
mod_vvisit_counterОсы аптада10328
mod_vvisit_counterӨткен аптада10587
mod_vvisit_counterОсы айда6235
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2257904

Серіктестер