Онлайн газет



КӘСІБІН АШАМЫН ДЕГЕН АЗАМАТТАРҒА МЕМЛЕКЕТТЕН КӨРСЕТІЛЕТІН КӨМЕК

Өткен жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі күшіне енді. Кодекстің 110-бабына сәйкес, уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған жеке тұлғалардың жекелеген санаттарының кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді алуға құқығы бар.
Осыған орай кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу жөніндегі шаралар туралы айтып беру үшін Байзақ  ауданы бойынша Мансап орталығы филиалы «Кәсіптік оқыту және кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің» басшысы Дидар  Сансызбаевты әңгімеге тартқан едік.

-  Дидар Қалдарбекұлы, кәсібін жаңадан ашамын деген азаматтарға мемлекеттен қандай көмектер бар?

- Елімізде шағын және орта бизнестің дамуы, әсіресе, жастар кәсіпкерлігіне қолдау көрсету жылдан жылға қарқын алып келеді. Кәсібін жаңадан ашамын деген азаматтарға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған конкурстық негізде қайтарымсыз мемлекеттік гранттар беріледі.

- Қайтарымсыз мемлекеттік грант туралы толығырақ айта кетсеңіз? Оны  кімдер ала алады, қандай құжаттар керек?

- Грант алу үшін бірқатар шарттарға сай болуы керек.
Жаңа бизнес-идеяны жүзеге асыруға арналған мемлекеттік грантқа  төмендегідей азаматтар үміткер бола алады:
- тіркелген жұмыссыздар;
- жеке кәсіпкерлер (тіркелгеніне үш жылдан аспауы керек).
Бұл жағдайда өтініш беруші келесі халықтың әлеуметтік осал санаттардың біріне жатуға тиіс:
1) атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
2) төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар көпбалалы отбасыларға, оның ішінде жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы білім беретін немесе кәсіптік бағдарламалар бойынша күндізгі оқу нысанында оқитын балаларға, олар он сегіз жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітірген уақытқа дейін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы алушылар (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) және (немесе) оның жұбайы (зайыбы);
3) асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алушылар;
4) қоныс аударушылар;
5) қандастар;
6) еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар;
7) мүгедектігі бар бала (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған адамдар және (немесе) оның жұбайы (зайыбы).
Үміткерде "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы сертификаты (үш жылдан аспайтын) болуы керек. Өтеусіз және қайтарымсыз негіздегі грант сомасы - 400 АЕК-ке дейін (2024 жылы 1 476 800 теңге дейін). Әр қатысушы оны тек бір рет қана ала алады.
www.enbek.kz порталына электронды пошта немесе ұялы телефон нөмірі арқылы тіркелуге болады. Enbek.kz порталында бұрын тіркелген аккаунтыңыз болса, онда қайта тіркелудің қажеті жоқ. Пайдаланушыны сәйкестендіріп, тіркеуді аяқтау үшін ЖСН көрсету керек. Одан кейінгі қызметтерді алу ұшін ЭЦҚ (электронды цифрлық қолтаңба) қажет ЭЦҚ болмаса оны eGov порталынан қашықтан алуға болады.
Өтініш беру үшін:
- порталда тіркелу;
- грант алу шарттарына сәйкестігін тексеруден өту;
- бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға жүктеу;
өтініш формасын толтырып, ЭЦҚ (электронды цифрлық қолтаңба) кілтімен қол қою керек.

- Грант қаражатын кез келген мақсатқа жұмсауға бола ма?

- Грантты қажетті еңбек құралдарын, мүкәммалды, технологиялық жабдықты, жануарларды, бұталарды, тұқымдарды, көшеттерді сатып алу және үй-жайларды жалға алу мақсатында алуға болады.
Бұл ретте жұбайынан, жақын туыстарынан сатып ала алмайды, жалға ала алмайды.

- Грант ақшасын қандай мақсаттарға жұмсауға болмайды?

Грант қаражатын:
- тұтынушылық мақсаттарға;
- кредиттік қарыздарды өтеуге;
- жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға;
- жер учаскелерін сатып алуға;
- акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді.

- Бизнес-жоспар қалай жасалады?

- Бизнес-жоспар-бұл бизнесті құрудан бастап нақты мақсаттарға жетуге дейінгі нұсқаулық. Ол неғұрлым жақсы пысықталған және қазіргі жағдайларға бейімделген болса, оны іске асыру және грант түрінде қаржылық қолдау алу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.
Бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны бизнес-жобаңыз туралы деректермен толтырып, грантқа онлайн өтініш берген кезде пайдалану қажет.

- Қаражатты мақсатты пайдалану туралы есеп беру қажет пе?

- Грант беру туралы шартқа қол қойылған сәттен бастап грант иегері мен  Еңбек мобильділігі орталығы арасында шарттық міндеттемелер басталады. Шартқа сәйкес бір жыл ішінде грант қаражатын  мақсатты пайдаланғаны жөнінде тоқсан сайынғы есептерді ұсынып отыру керек. Сонда бір жылда барлығы 4 есеп тапсыруы қажет. Есептерді онлайн форматта, пайдаланушының жеке кабинетінде "Есепті тапсыру" функционалы арқылы тапсыруға болады. Есеп туралы ақпарат интеграция арқылы мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен келіп түседі. Грант иесіне тек жүзеге асыратын бизнестің кейбір көрсеткіштерін көрсетіп, растайтын құжаттарды тіркеп, үш сауалға жауап беруі қажет. Есеп ұсынылмаса, қосымша растайтын құжаттар берілмесе немесе есепте көрінеу жалған мәліметтердің бары анықталса, Еңбек мобильділігі орталығы есептелген грант қаражатын қайтаруды талап етуге құқылы.

- Кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу шаралары тек халықтың әлеуметтік осал тобына жататындарға ғана көрсетіледі ме?

- Жоқ. Кәсіп ашамын деген жастарға жеңілдетілген пайызбен несие беріледі.

- Микрокредит шарттары қандай?

-35 жасқа толмаған жастар қатыса алады. Үміткердің жасы құжат тапсыру сәтінде ескеріледі.Несиенің ең жоғары сомасы -5 млн. теңге (кепіл қою міндетті).Сыйақы мөлшерлемесі - жылдық 2,5%-дан аспайды. Кредиттеу мерзімі мал шаруашылығына-7 жыл, өзге кез келген мақсат үшін - 5 жыл. 2,5%-дық микрокредит жастардың кәсіпкерлік бастамаларына жәрдемдесу мақсатында беріледі. Сала бойынша шектеу қойылмаған, яғни басым бағыттар бекітілмеген.
Конкурстық комиссияның шешімімен үздік деп танылған жас кәсіпкерлердің бизнес-жобалары микрокредит ала алады.

- Құжаттарды қайда өткізеді және ол қалай қаралады?

-Микрокредит алуға ниетті адам құжат қабылдау науқаны басталған соң "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ-ның жергілікті филиалдарының біріне жүгінуі керек. “Аграрлық несие корпорациясы” құжаттарды өтініш тіркелген күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде тексереді. Құжаттар мен ондағы мәліметтер микрокредиттеу шарттарына сай келмесе, себебін көрсете отырып құжаттарды иесіне қайтарады.Үздік бизнес-жоба иелері халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органмен және “Аграрлық несие корпорациясымен” микрокредит беру туралы шартқа және кепіл шартына қол қояды. Кепіл шартын уәкілетті орган тіркегеннен кейін “Аграрлық несие корпорациясы” 5 жұмыс күні ішінде үміткердің шотына микрокредит сомасын аударады.

- Несиеге каникул беріле ме?

- Бекітілген қағидаларға сәйкес, негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең микрокредит беру мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды. Кредит 5 жылға, яғни 60 айға берілсе, жеңілдікті кезең 20 айды құрайды. Каникул алу үшін микрокредит алған адам агент атына өтініш жазуы керек. 2,5% мөлшерлеме жеңілдікті кезеңге есептеледі, бірақ оны өтеу мерзімі кейінге шегерілуі мүмкін.

- Кепілдік қою міндетті ме және оның сомасы қандай?

- Кепілдік қою - басты талаптардың бірі. Үміткерлерде кепіл болмаса, үшінші тарап кепілгер бола алады. Үміткер үйленген не тұрмыста болса, жұбайының нотариалды рұқсаты керек.

- Кредиттің қайда жұмсалғаны тексеріле ме?

- Микрокредит алушы халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органмен және “Аграрлық несие корпорациясымен” микрокредит беру туралы шартқа, кепіл шартына қол қояды. Бұл келісімшарттарда тараптардың жауапкершілігі, құқықтары мен міндеттері айқындалады. Микрокредит беру шартында қарыз берушіге және “Аграрлық несие корпорациясына” кез келген уақытта қарыздың мақсатты және уақытылы пайдаланылуын, кепіл мүлкіне тексеру жүргізуіне кедергі жасамауға, алынған қарызды, кепіл мүлкін пайдалануға қатысты барлық қажетті құжатты ұсынуға қатысты тармақ бар.

- Несие қайтарылмаса не ақшаны мақсатсыз жұмсаса, қандай шара қолданылады?

- Жасалған келісімшарттарға сәйкес, микрокредит алушы өзіне жүктелген міндеттерін орындамаса ҚР заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады, яғни кепілге қойылған мүлікпен жауап береді.Тапсырма шартының үлгісінде қарыз алушы қарызды өтеу бойынша міндеттемелерді орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда, агент ұсынған сенімхат негізінде сот тәртібімен қарыз алушыдан немесе кепілгерден берешекті өндіріп алуға агент міндеттенеді.

Өз тілшіміз.

Обновлено 12.04.2024 11:25
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1536
mod_vvisit_counterКеше1609
mod_vvisit_counterОсы аптада10558
mod_vvisit_counterӨткен аптада10587
mod_vvisit_counterОсы айда6465
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2258134

Серіктестер