Онлайн газет



ҰЛЫ ТҰЛҒАҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Өткен аптада қазақтың жүз жылда біртуар тұлғасы, ақын-сазгер, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, КСРО Жазушылар одағы мен Композиторлар одағының мүшесі Кенен Әзірбаевтың туғанына 140 жыл толуына орай «Сағындым, Кенен атамды!»  тақырыбында іс-шара өтті.
Алдымен Кенен Әзірбаев атындағы саз мектебі ауласында ақынның ұрпақтары: қызы Төрткен, ұлы Бақытжан бастаған «Кенен  әлеміне саяхат» атты экспедиция құрамын балғын күйшілер күмбірлеген күймен қарсы алды. 
Әрмен қарай  білім ошағының ішін аралаған қонақтар  мәжіліс залына жайғасқан соң, айтулы шара басталып кетті. Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының  «Алатау» ансамблінің орындауында ақынның «Құлақ» күйі   орындалды. Ақын-сазгер Қасқырбай Нарбатыр шараны жырмен өрнектей отырып, қонақтарды таныстырды.
Алғашқы сөзді алған аудан әкімінің орынбасары Дулат Жақыпбеков қазақ өнерінің мақтанышы болған елін, жерін, халқын сүйген Кенен Әзірбаевтың мол мұрасы  халқымызбен бірге жасай беретіндігін, арнайы экспедициямен келіп отырған қонақтарға алғысын айтты.
Жетісу дүлдүлі, ақын, сазгер, әнші Кенен Әзірбаев шығармашылығы-қазақ халқының ұлттық қазынасының қомақты бөлігі, оның сөздері-кейінгі ұрпаққа тәрбие, ұлағатты нақылдары-өнеге екендігін, Кенен атамыз өзінің болмыс-бітімін мәңгі өлмес, өшпес ән-жырымен сомдап кеткендігін жеткізді. Қазақтың халық поэзиясының ең көрнекті өкілдерінің  бірі Кенен Әзірбаевтың  әндері уақыт талғамайтындығын, асқан дарын иесі екендігін баса айтты. 
Ақынның қызы Төрткен Кененқызы, келіні Бақытжан Сағынбекқызы, жиен немересі Баян Тасығанқызының иығына орамал жауып, ұлттық нақыштағы камзол, ұлы Бақытжан Әзірбаевтың иығына зерделі шапан жабылды. Гүл шоқтары табыс етілді. Бұдан соң «Кенен» қорының  демеушілігімен мектептің  мәжіліс залына орнатылған ақын  бюстінің жамылғысын қызы Төрткен Кененқызы, ұлы Бақытжан Әзірбаев және аудан әкімінің орынбасары Дулат Бекбосынұлы  түрген соң, ақжаулықты әжелер шашу шашты.
Мұнан кейін сөз алған Төрткен Кененқызы әкесінің қос ғасырдың куәгері болғандығын айтып, естеліктерімен бөлісті.


-Әкем 92 жыл өмір сүрді. Өткен ғасырдағы ашаршылық, ұжымдастыру,  ұлт-азаттық көтерілісі, қуғын-сүргін,  Ұлы Отан соғысы, басқа да қиындықтарды бастан өткерді. Маған дейін балалары шетіней берген соң, мен дүниеге келгенде ырымдап, төрт кемпір мен бір шалдың аяғының астынан өткізіп, есімімді  “Төрткемпірбіршал” деп қойған екен. Бесінші сыныпқа дейін осы есіммен алаңсыз жүрдім. Мектепте жақсы оқыдым, сыныптастарым есімімді айтып, күлген соң намыстанып мектепте бармай қойдым. Әкем  барлық жағдайды түсініп, есімімді Төрткен деп өзгертті.


Міне  содан бері Төрткен болып келемін. Әулетіміз әкеміздің рухани мұраларын жинау жолда еңбектенуде. Мен музыка жағын, інім Бақытжан өлеңдері мен айтыстарын, тапқыр сөздерін  жинақтауда. “Кенен қорына” немересі Мұхтар Әзірбаев басшылық етіп қана қоймай, атасының өлеңдерін нотаға түсіру жолында тер төгуде,-дей келе,  әкесінің шығармашылығын насихаттау мақсатында құрылған экспедицияның алғашқы сапары Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясынан бастау алғандығын жеткізді. Өздеріне көрсетіліп жатқан құрметке аналық алғысын айтып, әкесінің есімін иеленген саз мектебінің ұжымына табыстар тіледі. Ақынның ұлы Бақытжан Әзірбаев  саз мектебінің директоры Панабек Ахметовке  “Кенен қоры” атынан Алғыс хатпен қоса,  әкесі туралы жазған бірнеше кітабын салтанатты жағдайда табыстады.


Кейінгі ұрпаққа 120-дан астам ән, 7 күй, 10 жыр-дастан, 1000-ға жуық өлең-жырларын қалдырған  Кенен Әзірбаевтың әндеріне кезек келді. Жезтаңдай әнші Айгүл Мақашева «Бастау», Мерей Әбуова «Жаса Қазақстаным», Халықаралық конкурстардың лауреаты Ержан Максим «Шырқа, даусым!»,  ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сүндет  Байғожин «Мен сүйемін халқымды»,  ҚР мәдениет саласының үздігі, дәстүрлі әнші Бейбіт Мұсаев Жамбылдың арнау өлеңін, Оспанқұлдың Кененге көңіл айтуын зор дауыспен шырқағанда делебесі қозбаған жан қалмады.
Жиналғандарға көл-көсір қуаныш сыйлаған кездесуде аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Жұманғали Құмғанбаев Кенен атамыздың өмірі, мәдениетімізге қосқан үлесі ұлан-ғайыр екендігін айтып, ақынның ұрпақтарына  жақсылықтар тіледі. 
Әдемі іс-шара «Алатау» триосының орындауындағы  «Сағындым, Кенен атамды!» әнімен түйінделді. Жиналған көпшілік атаның ұрпақтарымен естелікке суретке түсті.

Өз тілшіміз.

Обновлено 12.04.2024 11:04
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін469
mod_vvisit_counterКеше1583
mod_vvisit_counterОсы аптада469
mod_vvisit_counterӨткен аптада11794
mod_vvisit_counterОсы айда6981
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2258650

Серіктестер