Онлайн газет



АЛҒАШ ТОЙЛАНҒАН НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ

Наурыз – жыл басы. Күн мен түннің теңелген уақыты. Наурыз туралы көптеген аңыздар бар. Солардың бірі- «Самарқанның көк тасы да жібиді, сендер де жақындарыңа деген өкпе-реніштен айығыңыздар, көңілдегі мұзды ерітіңдер» деп көпке өсиет айтқан. Бұл күнде жұрт қабағы жазылып, жүрегі жұмсап сала береді деуде содан.
-Менің сөз еткелі отырғаным осыдан 34 жыл бұрын Түймекент ауылындағы Наурыз мерекесін алғаш рет атап өтуіміз еді.
1990 жылы 15 наурызда Түймекент ауылдық кеңесіне қарасты  «Трудовой пахарь» колхозының басшысы А.Нахманович біздерді кабинетіне  шақырды. Сол жерде ұлттық мейрам-Наурызды өткізу үшін Орталық Комитеттен рұқсат алғанын айтты. Ал бұл сол кездегі идеология бөлімінің басшысы Өзбекәлі Жәнібековтің шешімімен атқарылып жатқан жұмыс екен. Бұл кісі нағыз ұлтжанды азамат болған. Кабинетте 50 шақты адам болдық. Мен ол кезде №3 бригада бригадирімін. Бригада есебінде 200 мыңдай сом тұрды. Өзіміздің таза пайдадан жиналған ақшамыз еді. Қажет кезінде белгілі бір мөлшерде қарауымдағыларға таратып беріп отыратынбыз. Содан 1000 сомды  Наурызды атап өтуге бөлетін болып келістік.
22 наурызда әр цех, бригадалар өздері жеке-жеке киіз үй тігіп, қазақтың салт-дәстүрін көрсетуі керек болды. Онда киіз үйдің ұлттық нақышпен безендірілуі, даладағы жерошақ, тағамдардың қалай жасалуы, құрт-ірімшік, сүт, айраннан күбі арқылы майын алу, өрмек тоқу, келі-келсаппен тары өнімін алу, жалпы қазақтың өз қолынан шығатын  өнімдердің барлық түрін көрсету керек болды. Елу киіз үй тігуге келістік. Мен балабақша меңгерушісі Сәндігүл Есіркепова мен Дүйсенбай Әлібековті  ертіп алып, Талас ауданына қарасты Бостандық  ауылынан  киіз үй әкелдік.
Наурыз мейрамы қазіргі спорт алаңында өтті. Колхоз басшысы А.Нахманович сөз сөйлеп, жиналған халықты Наурыз мерекесімен құттықтады. Кейін ұлттық ойындар: қыз қуу, қазақша күрес, асық ату, ләңгі тебу, арқан тарту сияқты ойындардың түр-түрі  көрсетілді.
Жаңадан тұрмыс құрып, отау тіккен  Нұрлан Боранбаев пен Гүлжан Боранбаеваның беташарында сөз сөйлеп, ақ тілегін арнаған Александр Львович болатын. Қазылар алқасының ұйғаруымен орындар жарияланды. Мен басқаратын №3 өндірістік бригада сайыс қорытындысында бірінші  орынды иеленіп, оған жылқы берді. Біз оны  ақылдаса келе базарға шығарып, сатып, ақшасына түрлі-түсті теледидар алып,  оны балабақшаға тарту еттік.
Арадан он бес күн өткеннен кейін қызылша алқабына А. Нахманович  келді. «Бірінші орынға алған жылқыларыңды қайда жібердіңдер» деп сұрады. Оны сатып, балабақшаға теледидар алып бердік дегенімде Александр Львович өте риза  болды. Кейін бас қосқан үлкен жиындарда тілге тиек етіп, айтып жүрді,- деп еске алады сол бір кездегі алғаш Наурыз тойын өткізгендері туралы №3 бригаданың бригадирі болған, бүгінгі еңбек ардагері Тәуірбек Әшімов ағай.
Колхоз басшысы А.Нахманович осыдан 34 жыл бұрынғы Наурыз мерекесін алғаш ұйымдастырып, түрлі іс-шаралардың қызықты өтуіне басшылық жасап, елге деген құрметін осылай білдірген еді. Оның қазақ ұлтын жанындай жақсы көретінін, әр сөзінен байқалып тұратынын сол кездегі аға буын ағаларымыз үнемі айтып отырады. Мына сол кездегі ауыл басшылары мен аналарымыздың суреті Т. Әшімовтың архивінен алынды.
Түймекент ауылының өсіп-өркендеуіне үлес қосқан басшылар да аз болмаған. Олардың да қатары бүгінде сиреп барады.
Алғашқы Наурыз мерекесі ел тарихында өшпестей із қалдырған аға-апаларымыздың, сол кездегі көз көрген бүгінгі аға буын өкілдерінің есінде мәңгі қалары анық.
Наурыз мерекесі құтты болсын! Баршаңызға бірлік пен байлық, ақыл мен абырой, ырыс пен ынтымақ, татулық пен табыс әкелсін.

Күнтуған Ақназаров,
еңбек ардагері.
Түймекент ауылы.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін327
mod_vvisit_counterКеше2058
mod_vvisit_counterОсы аптада4420
mod_vvisit_counterӨткен аптада10587
mod_vvisit_counterОсы айда327
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2251996

Серіктестер