Онлайн газет



ҰЛТТЫҚ КИІМ ҰЛЫҚТАЛҒАН КҮН

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің жаңаруы аясында Наурыз мерекесінің форматын өзгерту қажеттігін көтерген болатын. Осыған байланысты Наурызнама онкүндігінің  әрбір күніне атау беріліп, сол тақырып аясында өткізілуде. Мәселен 14 наурыз күні «Көрісу күнін» атап өтсек, 15 наурыз күні - «Қайырымдылық күні» жоғары деңгейде атап өтілді.
Осы күні аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен  «Amanat» партиясы  аудандық филиалының кітапханасында үлкен іс-шара өткізілді. Оған ауданымыздағы әрбір ауылдан мүмкіндігі шектеулі балалардың аналары, апалары шақырылып, дастархан басында бас қосты.
- Мен алдымен Сіздерді алдағы келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Бұл мерекенің қадірін арттырып, бүгінгі жастарға тереңірек жеткізу мақсатында онкүндік белгіленгенін жақсы білесіздер. Солардың бірі-бүгінгі «Қайырымдылық күні». Бұл күні қоғамға қайырымдылық мәдениетін сіңіріп, жаңшырлық пен өзара қолұшын беру құндылықтарын қалыптастыруымыз қажет.
Сіздер әрбір үйдегі мүмкіндігі шектеулі  балалармен жұмыс істеп келесіздер. Олардың барлық жағдайларын жасап отырғандарыңызды да жақсы білеміз. Сіздерді үнемі қолдайтын осындай орталықтың бар екенін сезінгендеріңіз дұрыс. Біздің айтарымыз балаларыңызға арнаған еңбектеріңіз ақталсын,-деген бөлім басшысы Әлия Саққұлова әрбір  ауылдардан келген 12 анаға арнайы сыйлықтарын табыс етті.
«Amanat» партиясы   аудандық филиалының төрағасы Индира Спаналиевада аналарды алдағы келе жатқан Наурыз мерекелерімен құттықтап, өзінің ізгі тілегін білдірді.
- Бүгінгі басты мақсат -  Сіздерді ауыртпалықтан бері әкеліп, жақсы бір көңіл-күй сыйлау болатын. Біз бәріңізді қиын жағдайда қалған балаларды тәрбиелеп отырған батыр ана десекте болады,-деді Индира Абылханқызы.
Отырыста К.Әзірбаев атындағы саз мектебінің оқушылары әуезді ән айтып, күмбірлете күй тартып, аналардың көңілдерін көтерді.
-Осындай іс-шара ұйымдастырып, бізді қуантып отырған Әлия Бағысбекқызы мен Индира Абылханқызы басқарып отырған ұжымдарға айтар алғысымыз мол. Бөлім қызметкерлері үнемі үйімізге келіп, баламен жұмыс жасайды. Ол үшін рахмет айтамыз.
Қазіргі айлардың сұлтаны Рамазан айының, қасиетті жұмасы күні қайырымдылық жасап жатқандарыңыз, мейірімділік пен сыйлықтарыңызға разымыз. Міне мұның барлығы Алладан өздеріңізге сыйлық болып қайтсын. Біздің басымызды қосып, көңілімізді көтеріп тастадыңыздар. Сіздерге зор денсаулық, алдағы жұмыстарыңызға табыс тілейміз, - деді  аналар атынан сөз алған түймекенттік ана  Света Сейтімбаева.
Байзақ ауылынан келген 75 жасар апа Жұпаркүл Ходжибаевада бөлім қызметкерлеріне алғысын айтты. Олардың үнемі үйге келіп, балаға қажетті арба, басқада заттарын жеткізіп беріп тұратындығын атап өтті.
Отырысқа қатысқан аналар бала тәрбиесіне байланысты өзара әңгімелесіп, іштегі шерлерін тарқатты. Әрқайсысы өз балалары, олардың жағымды қылықтары жайлы айтып, ортаға салды.
Отырысты қорытындылаған Әлия Саққұлова мүмкіндігі шектеулі балалармен алдағы уақытта да жұмыс жалғаса беретіндіктерін айта келіп, олардың сауығып кетулеріне тілегін білдірді.

*   *   *
«Қазақстан халқына»  қоғамдық қоры Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен 2022 жылдың қаңтар айында құрылды. Екі жылда еліміздің барлық өңірлерінде денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, білім беру және спорт салаларында 80-нен астам қайырымдылық бағдарламалар мен жобаларды іске асырды. Білім беру саласында негізгі жобалар қатарында «Ауыл  өңірлеріндегі тірек мектептердің әлеуетін арттыру» сияқты жобалар бар. Бұл жобалардың ішінде «Жаздық жолдама» жобасы да ерекше орын алып отыр. Былтыр аталған қордың қаржылық қолдауымен 19754 оқушы толыққанды жаздық демалысқа қол жеткізіп, жаңа эмоцияларға бөленіп, білімге, тәжірибеге, дамушы ойындар мен саяхаттарға қол жеткізіп, жаңа достарда тапқан.
Қор Оқу-ағарту министрлігі, жергілікті әкімдіктердің қолдауымен биыл маусым айынан бастап 5-8 сыныптардың 20 мың оқушысын жаздық демалыс лагерьлеріне жіберуді жоспарлап отырса, соның ішінде Байзақ ауданына 40 жолдама, 250 оқушыға тиесілі болды. Бұл қайырымдылық жобасы оқуда үздік көрсеткіштерге ие және мектептің қоғамдық өміріне белсенді қатысатын орта сынып оқушыларын қолдауға және ынталандыруға бағытталған.
“Қайырымдылық күні” аудан орталығындағы Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясында «Қазақстан халқына» қорының «Жаздық жолдама-2024» қайырымдылық жобасының сертификатын тапсыру салтанатты іс-шарасы ұйымдастырылды. Аталмыш шарада «Сымбат» би тобы «Жетіген» халық биін, 4-сынып оқушылары «Бипыл-ай» әнін орындады. Сондай-ақ, Сарыкемер ауылдық округі әкімінің орынбасары Еламан Алпысбаев мектеп-гимназия директоры Гүлбахрам Ермековаға «Қазақстан халқына» қорының сертификатын салтанатты түрде табыс етті. Шара соңы «Болашағы біз елдің» хорымен аяқталды.

*   *   *
Наурызнама онкүндігінің кешегі күні – «Ұлттық киім» күнімен жалғасты. Осыған орай аудан халқыда ертемен көшеге, өздерінің жұмыс   орындарына ұлттық киіммен барғандарын атап айтуға болады.
Сарыкемер ауылындағы әл-Фараби атындағы аудандық мәдениет үйінде ұлтымыздың бет-бейнесін, сырт пішінімізді әйгілеп, танытатын киім үлгілерін дайындап жүрген шебер қолды аруларымыз өз көрмелерін ұйымдастырды.
Іс-шараға жиналған көрермендерді аудан әкімдігі  ішкі саясат бөлімінің  басшысы Салтанат Иманова «Ұлттық киім» күнімен құттықтап, көрмеге өз киімдерін әкелген шеберлерге зор ризашылық білдірді.


Көрмеге «Әдемі», «Ажарлы шебер», «Сая» тігін шеберханаларының негізін  қалаушылар Аққалам Жұмаева, Гүлжаһан Маханбетова, Күнсая  Амирова, жеке кәсіпкерлер Бибігүл Шуақбаева, Бақыт Мажиновалардың қолдарынан шыққан көздің жауын алатын ұлттық киім үлгілерін ару қыздар сән мінберінде көрсетті. Оны көріп, қызықтап қана қоймай сатып алушылардыңда қатары көп болды. Шеберлердің қолдарынан шыққан ұлттық киімдерге жиналғандар ризашылықтарын білдірді.
Байқауға қатысқан кәсіпкер қыздардың барлығыда бұған дейін аудандық ғана емес, облыстық, республикалық көрмелерге де қатысып, үлкен марапатқа ие болып жүрген жандар. Мәселен, А.Жұмаева биылғы жылы Республикалық қолөнер шеберлерлерінің көрмесіне қатысып, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың  қолынан Алғыс хат алғаны біз үшін үлкен мақтаныш.
«Ұлттық киім» күніне арналған мереке мәдениет үйі әншілерінің әуезді әндерімен өріліп отырды.
Ата-бабаларымыз аманат еткен ұлттық киімнің құнын түсіріп алмайық. Сыртымыз ғана емес, жандүниемізде ұлттық рухқа толы болсын!

Сүндетулла ӘБІЛОВ.

Обновлено 20.03.2024 11:15
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін593
mod_vvisit_counterКеше884
mod_vvisit_counterОсы аптада593
mod_vvisit_counterӨткен аптада10971
mod_vvisit_counterОсы айда39594
mod_vvisit_counterӨткен айда34753
mod_vvisit_counterБәрі2246980

Серіктестер