|
Құрметті аудан тұрғындары! Сіздерді Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Ежелгі дəуірлерден бастап Ұлыстың ұлы күні – табиғат пен адам рухының жаңаруы, бірлесу мен өзара көмек күні ретінде аталып өтеді. Ғасырлар бойы сақталған дəстүрлер: сенім, ынтымақ, татулық пен келісімнің арқасында Наурыз мейрамы “Мəңгілік Елдің” біріктіруші рухани құндылығына айналды. Шығыс халықтарының мерекесі саналатын Наурыз адамзат атаулыны достық, татулық, ынтымақтастықты нығайтуға, мейірімді де қамқорлықты қажет ететін жандарға жебеу болуға, сонымен қатар, табиғатпен етене жақын болуға үндейді. Ізгілік нұрына шомылдырып, адамгершілік шуағына бөлейтін, Жер-Ананың тоңын жібітіп, күн мен түнді теңестіретін әз Наурыз баршамызға осымен де қымбат. Бүгінде Наурыз мерекесі жаңарған қоғамымызбен үйлесім тауып, қазақстандықтар үшін бауырмалдық пен тұрақтылықтың айрықша нышанына айналды. Ұлтымыздың мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын қасиетті Наурыз мейрамы елімізге, әрбір отбасыға бірлік пен қуаныш, құт-береке, бақыт пен молшылық әкелсін. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Наурыз мейрамы құтты болсын!
Нұржан НҰРЖІГІТОВ, аудан әкімі.
Қадірлі байзақтықтар! Баршаңызды елдік пен бірліктің, еңбек пен ырыстың, татулық пен түсіністіктің жайдары, жарқын мерекесі Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Наурыз – жылдың басы, күн мен түннің теңелер шағы. Тамырын тереңнен тартқан осынау мереке – ежелден халқымыздың берекесі мен бірлігіне, бір-біріне деген риясыз тазалығына, татулығы мен ынтымақ-ықыласына арқау болып, шаттық пен қуанышқа кенелткен ұлы мереке. Наурыз - мейірімділік, қайырымдылық мерекесі. Өйткені атамыз қазақ білек біріктіріп, бір-біріне дем беру арқылы басынан өткен қиыншылықтарды жеңіп отырған. Күллі тіршілік атаулыға нәр беретін шуақты шақ – көктемде келетін осы айтулы мейрамның талай ұлт пен ұлысқа ыстық ұя болған еліміз үшін алатын орны ерекше. Осы жыл басы отбасыларыңызға бақ пен береке, молшылық пен дәулет болып енсін. Әрқашан да еңбектеріңіздің еселі жемісін көріп, әрбір атқан келешектің нұрлы күнімен шаттықта шыңдалып, келелі табысқа жете берулеріңізге тілектеспін.
Нұржан Тлепов, аудандық мәслихаттың хатшысы. |