Онлайн газет



Білім қызметкерлері бас қосты

Тәуелсiз Қазақстанның өркениетке барар жолының бастауы - мектеп десек, оның басты тұлғасы – мұғалiм. Сондықтан, мұғалiм мәртебесiн көтеру бүгінде бiрiншi кезекке қойылуда.

Бұл тұрғыда Нұрсұлтан Әбiшұлы «Бiз мұғалiм мамандығының беделi мен абыройын қайтаруға мiндеттемiз» деп зор мiндет жүктедi. Елбасы биылғы  «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты халыққа Жолдауында да Қазақстандағы адами капиталдың сапалы өсуін білім беру  саласымен тығыз байланысты екендігін айта келе, оқыту үдерісіне қазіргі заманғы әдістемелер мен технологияларды енгізу, педагогтар құрамының сапасын арттырудың маңызы зор екендігін алға тартып, арқаулық педагогтік білім берудің үлгі-қалыптарын, мектептер мен жобалар оқытушыларының біліктілігін арттыруға талаптарды күшейту қажеттігін атап өтті. Былайша айтқанда жаһандану дәуіріне қарай қадам тастаған елімізде қазіргі таңда – білім сапасын арттыру алдыңғы орынға қойылып, білім беруші – ұстаздарға зор жауапкершілік жүктеліп отыр.

Кеше аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде тамыз кеңесі өтті. Тарихқа тапсырылған күндердің еншісінде қалған жетістіктер мен жемісті істерге шолу жүргізіп, кемшін кеткен тұстарды атап өтіп, алдағы жаңа оқу жылы қарсаңында білім ұяларының дайындығын пысықтайтын, көздеген мақсат-мұраттарын айқындайтын аудандық білім беру бөлімі қызметкерлерінің тамыз кеңесін өткізу тамаша дәстүрге айналып келеді.
Білім беру саласы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы халыққа Жолдауында басты бағытқа ие болып жатқандығын жоғарыда  ауызға алғанбыз. Елдің бағдаршамы іспеттес Жолдаудың жол бастауымен жер-жерлерде білім саласына қатысты қомақты істер жүзеге асуда. Ұстаздардың басын қосқан кеңесте де Жолдау аясында орындалған айшықты істер ортаға салынды. Кеңес «Білім беру жүйесін жаңғырту – адами капиталдың сапалы өсуінің басты бағыты» тақырыбы негізінде өрбіді.
Жиынға келген қонақтарды тіркеу рәсімінен кейін, көрме жұмыстары таныстырылып, аудандық балалар мен жасөспірімдер орталығының өнерлі өрендері қойған концерттік бағдарлама және бейнетүсірімдер жұртшылық назарына ұсынылды.
Кеңес ашық деп жарияланғаннан соң, мемлекеттік Әнұранымыз шырқалды. Сөз алған аудан әкімдігінің білім бөлімі бастығының міндетін атқарушы Ш.Абдрасулов күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырып, кеңестің бірінші кезеңі бойынша -  Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында «Білім беру жүйесін жаңғырту – адами капиталдың сапалы өсуінің басты бағыты» тақырыбында баяндама жасады.
Өз баяндамасында Жолдауда көтерілген көкейкесті проблемалар, соның ішінде білім саласына жасалып жатқан қамқорлықтар туралы атап өткен аудан әкімдігінің білім бөлімі бастығының міндетін атқарушы Шары Нұрасылұлы аудандағы білім беру мекемелері, олардың қол жеткізген жетістіктері, мектептердегі кейбір келеңсіз жағдайлар жайында  әңгіме қозғады. Білім беру мекемелерінің құрылысына, жөндеу жұмыстарына бөлінген қаражат, олардың игерілу барысы, кітапхана қорларын дамыту, ұстаздардың сапалық құрамын арттыру, білім ошақтарындағы тәртіпсіздікке жол бермеу және ҰБТ-ге үлкен жауапкершілікпен дайындалу, жалпы оқу-тәрбие істерін жандандыру жөнінде сөз етті.
Мұнан соң жарыссөзге шыққан Бурыл орта мектебінің директоры Г.Алимбекова «Білім беру менеджері: үлгісі, даму үрдістері, тәжірибесі», Дихан орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары С.Жаманқараева «Жаңарған білім мазмұны жағдайында шағын жинақты тірек мектептерін басқарудың ерекшеліктері», Ғ.Мұратбаев мектеп-гимназиясының мұғалімі Н.Нұрбекова «Жаратылыстану пәндерін оқытудың маңызы» тақырыптары төңірегіндегі ойларын ортаға салса, Абай атындағы орта мектептің  мұғалімі Л.Құлжабаева «Оқыту процесіндегі тәрбиелік компоненттер: рухани құндылықтарды күшейту», учаскелік инспектор, полиция капитаны Д.Сағынбеков «Кәмелетке  толмағандардың бейімдеу орталығында әлеуметтік және тәрбие жұмысын жетілдіру» жайын тілге тиек етті.
Келесі болып мінбеге көтерілген облыстық білім басқармасының арнайы білім және тәрбие бөлімінің бөлім бастығы Г.Дәрібаева ҚР Президентінің «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты халыққа Жолдауында және Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты тұжырымдамасында айтылған патриоттық тәрбие беру, жастарды Отансүйгіштікке баулу жайын сөз етіп, балалардың бос уақытын тиімді пайдалануы үшін жағдай жасау, Елбасының 20 тапсырмасы бойынша іс-шаралар өткізу жөнінде айтып өтті.
Мұнан соң аудан әкімі М.Шүкеев сөз алды. Өз сөзін «Бүгін Сіздермен жаңа оқу жылы қарсаңында тамыз конференциясына орай салтанатты жағдайда жүздесіп отырмыз. Тамыз кеңесі – жылына бір рет мұғалімдердің басын қосып, дәстүрлі баяндама жасап тарқасатын жиын емес. Ол – күн сайын, тіпті көз ілеспес жылдамдықпен қарыштап дамып келе жатқан заман көшінен білім саласының қалып қоймауына, бірге адымдап, қатар дамуына бағыт сілтейтін, түйінді мәселелердің күрмеуін тарқататын алқалы кеңес. Cондықтан кеңес жұмысында оқу жылының алдында тұрған аса маңызды міндеттер талқылануы тиіс. Еліміз өркениетке өріс алған шақта әлем аренасында, шын мәнінде, әлемдік білім деңгейінен көрінер шақ туды. Жаңа мыңжылдыққа нық қадам басу үшін, білім беру жүйесінің негізі қаланды» - деп бастаған Мұратхан Жүнісәліұлы Елбасы бас болып білім беруге ерекше назар аударылып жатқандығы, баянды бағдарламалар негізінде жер-жерлерде бой көтеріп жатқан оқу ошақтары, соның ішінде біздің Байзақ өңірінде қолданысқа беріліп жатқан мектептер мен балабақшалар жайын ауызға алып, білім саласына салынып жатқан ауқымды қаражат, оның игерілуі туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Білім сапасын арттыру, ұстаздар біліктілігін күшейту, бала тәрбиесіне ерекше мән беру керектігін қадап айтқан аудан басшысы, оқу ошақтарында соңғы кезде орын алып жатқан олқылықтар, мектеп директорлары атына түсіп жатқан арыз-шағымдар, ұжым мен басшы арасындағы қарым-қатынас қайшылықтарын ерекше сынға алып, келеңсіздіктерге жол бермеу жайын тапсырды.
- Мектеп директорлары мен мұғалімдер қызмет бабында жүргенде  сыбайластық, арызқойлық,  мақтаншақтық әдеттерге жол бермегені жөн. Өскелең ұрпаққа сапалы білім, тәлімді тәрбие беретін білім ошақтары арасында  арыз-шағымдар жазу жаңа оқу жылы  басталмай жатып белең алуда.  Атап айтқанда: Ю.Гагарин атындағы орта мектебі директоры Ш.Байтақова, Жаңатұрмыс орта мектебі директоры Е.Қалменов  секілді басшылар ұжыммен тіл  табыса алмауынан мұғалімдер арасында түсініспеушілік пайда болды. Жүктеменің толық берілмеуін  алдыға тартқан ұстаздар шағымдары да жеткілікті. Білім ошағын басқарып отырған директорлар  білім сапасына басты назар аударуы орнына сағат бөлумен  айналысып отырғаны өкінішті-ақ. Бұл жұмыспен мектептегі әр пәннің әдістемелік бірлестік жетекшілері айналысуы тиіс.Былтырғы оқу жылында осындай жағдайлар - Қазақстанның 40 жылдығы, Ленин орта мектептерінде көптен кездескен. Келешекте мұндай кемшіліктер жіберген мектеп басшыларына қызметтеріне сәйкес еместігі туралы мәселе қаралатын болады,- деген аудан әкімі М.Шүкеев мемлекеттік сынақ ҰБТ-нің жылдық қорытындыларын салыстырмалы түрде атап өтіп, тестке дайындықты күшейту, бұл істе ұстаздар қауымы барынша белсенділік танытуы керектігін алға тартып, «Алтын белгіге» үміткерлердің кейбірі өз білімін дәлелдей алмауының себеп-салдарын талқыға салып, болашақта қателіктермен жұмыс жасауға шақырды. Математика пәні мұғалімдерін бала оқытуда бар күш-жігерлерін салу керектігін, жоғары санатты ұстаздарға сұраныстың артып отырғандығын, зейнетке шыққан мұғалімдер жастарға жол сілтеуі қажеттігін тілге тиек еткен аудан әкімі білім қызметкерлерін жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, шығармашылық табыс, отбасыларына береке-бірлік тіледі.
Кеңестің жабылуына орай мемлекеттік Әнүран шырқалып, артынша екінші кезең – марапаттау рәсімі болып өтті. Аудандағы қоғамдық істерге белсене қатысып, өскелең ұрпаққа білім берудегі елеулі еңбегі үшін бірқанша білім қызметкерлері аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың Грамоталарымен және Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы атынан  ерекше марапаттауларға ие болды. Ұстаздарға деген құрмет мұнымен тоқтап қалған жоқ. «Нұр Отан» ХДП Байзақ аудандық филиалы, Байзақ аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ комитеті ұстаздар қауымына Құрмет Грамоталарын табыс етсе, аудан әкімдігі, аудан әкімдігінің білім бөлімі тарапынан оқыту мен тәрбие берудегі белсенділігі үшін Ы.Алтынсарин, Жамбыл, Бурыл, Ақшабаев, Қазақстанның 40 жылдығы, Абай, М.Әуезов атындағы орта мектептері мен Қусақ негізгі мектебі және «Балдырған», «Гүлсім» балабақшалары заттай сыйлықтарға ие болды.
Білім саласына қатысты өткен күн еншісіндегі елеулі істер мен болашақта қолға алатын шараларды қамтыған тамыз кеңесі өз жұмысын аяқтап, құшақтары гүлге толы ұстаздар қауымы зор қуанышпен тарасты. Десекте, алда  атқарылар істер жетерлік. Тамызда талқыланған мәселелер жыл бойы зор жауапкершілікпен жұмыс жасауға міндеттейді. Білім қызметкерлері бас қосқан келелі кеңес көтерген көкейкесті проблемалардың шешілуі мұғалімдердің білімі мен іскерлігіне байланысты екені даусыз.

 

А.Шотбасова,
«Ауыл жаңалығы».

Обновлено 20.08.2012 10:30
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін34
mod_vvisit_counterКеше627
mod_vvisit_counterОсы аптада1683
mod_vvisit_counterӨткен аптада3329
mod_vvisit_counterОсы айда9633
mod_vvisit_counterӨткен айда12548
mod_vvisit_counterБәрі1027665

Серіктестер