Онлайн газет



АЛАШТЫҢ АРҚАЛЫ АҚЫНЫ ЕСКЕ АЛЫНДЫ

Өткен аптада аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде жерлесіміз, айтыстың ақтаңгері, марқұм Әзімбек Жанқұлиевтің 60 жылдығына орай «Өнердің аққан жұлдызы» атты еске алу кеші өтті. Кешке қатысушылардың қарасы көп болды. Олар алдымен мәдениет үйі фойесіне қойылған Әзімбек туралы көрмемен танысты. Онда ақынның айтыстағы суреттері, ол туралы газетке шыққан мақалалар, кітаптар, көрермендердің пікірлері қойылған екен.
Кешті ауданымызға белгілі ақын, Әзімбектің ұстазы Қасқырбай Нарбатыр ашып, ақынның өмір жолы, айтыс өнеріндегі қол жеткізген жетістіктері жайлы кеңінен айтып өтті. Оның еліміз ғана емес, Өзбекстан, Түркия елдеріндегі айтыстарға да қатысып, жүлделі оралғанын да назардан тыс қалдырмады. Ал ақындар Болат Басығараев пен Қасқырбай Дәрібайұлы арнауларын арнады.
- Біздің ауданымызды батырлар мен ақындар ауданы деп атайды. Ауданымызда облыс, республика көлемінде танымал, талай бас жүлделерді алып жүрген бірнеше ақындар бар. Солардың бірі – Әзімбек Жанқұлиев еді. Өкініштісі сол Әзімбектің өмірі қысқа болды. Алайда артында өшпестей із қалдырды.


Ол -Ауған соғысының ардагері. Әзімбекті көрген, оның шығармашылығымен танысқан жастар одан мол тәрбие алып келеді. Күні кеше мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың 100 жылдық мерейтойына орай өткізілген республикалық ақындар айтысында жерлесіміз Дархан Әбдіманатов бас жүлдені иеленіп, ауданымыздың абыройын асқақтатты. Әзімбекке арнап екі жыл сайын облыстық ақындар айтысын өткізіп келеміз. Әзімбекті насихаттауда бауыры Алтынбек ағамыз көп еңбек етуде. Өнеріміз алда да өрістей берсін,-деген аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов ақынның ағасы Алтынбекке зерделі шапан жауып, әпкесі Мейізкүлге камзол кигізіп, басына орамал салды.
Кездесу кезінде Әзімбекпен өнер саласында бірге жүрген әріптестері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, актер Асқарбек Сейілхан, айтыскер ақын Ербол Қамбатыров, балалар ақыны, сатирик Бақытжан Советұлы, айтыскер ақын Есет Досалы сөз алып, Әзімбекпен қалай, қашан, қайда танысқандары жөнінде айтып берді. Сондай-ақ онымен бірге болған күндерден естелік айтты. Тіпті Әзімбектің кейбір айтыстарда тауып айтқан өлең шумақтарынан үзінділер келтірді. Оның жолдастары арасындағы жақсы қасиеттеріне де тоқталды. Облыстық Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Керім Ізбасаров пен ақын Жанатбек Тұрғынбайтегі де өз естеліктерін айтып өтті.


Кездесуге келгендер ауданымыздың жас айтыскер ақыны Дархан Әбдіманатов пен ақын Есет Досалының қайын мен жезде арасындағы айтысын тамашалап, көңілдері бір көтеріліп қалды.
Кеш барысында аудандық мәдениет үйінің әншілері ән айтса, «Шахан» халық театрының режиссері Бахытжан Байкүшіков Әзімбектің «Ізім қалды-ау өзіңде Ауғанстан» өлеңін жақсы орындады. Ал Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясының оқушылары Әзімбектің өлеңдерін нақышына келтіре оқыды.
Кеш соңында ақынның ағасы Алтынбек Жанқұлиев сахнаға көтеріліп, аталған кешті ұйымдастырған аудан басшыларына алғысын айтты. Сондай-ақ аталған шараға атсалысқан азаматтарға, қонақтарға рахметін айтып, Әзімбекті айтыс өнеріне баулыған ақын, ұстазы Қ. Нарбатырдың үстіне шапан жапты.
«Адам өлген күні өлмейді, ұмыт болған күні өледі» деген сөз бар. Демек, елі ардақтап отырған, артында өшпестей із қалдырған ауданымыздың арқалы ақыны Әзімбек Жанқұлиевті байзақтықтар ешқашанда ұмытпайды. «Тау алыстаған сайын биіктейді» демекші, қайта аудан жастары Әзімбектің шығармашылығымен тереңірек сусындап, одан мол тәрбие ала беретін болады.

Сүндетулла Әбілов.

Обновлено 20.09.2022 10:59
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін888
mod_vvisit_counterКеше1876
mod_vvisit_counterОсы аптада6905
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда32472
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2203202

Серіктестер