Онлайн газет



ОТБАСЫ- ҰЛТТЫҢ ТІРЕГІ

Елімізде 2013 жылдан бастап қыркүйек айының екінші жексенбісі - Отбасы күні ретінде мерекеленіп келеді. Отанды сүю отбасынан басталады. Отбасы - бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы деуге болады. Себебі, оның ержетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілері отбасында қалыптасады. Сондықтанда туған үйдің жылуы - оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүреді. Жеке адамның бойындағы ар-ұятын, ақыл-ойын, адамгершілік, мәдениеттілігін тәрбиелеуде отбасының алатын
орны ерекше.
«Әке-асқар тау, ана- баурайындағы бұлақ, бала - жағасындағы құрақ»-деп ата-ана мен баланы табиғаттың тамаша құбылыстарына орынды теңеген халық мақалын жақсы білеміз. Ұлын ұлтжанды, қызын инабатты етіп өсіру- әрбір ата-ананың міндеті. Ал осындай асыл міндеттерін мүлтіксіз орындап жүрген елге сыйлы отбасы иелері біздің арамызда  да аз емес. Солардың бірі – Үлгілі ауылында тұратын, білім саласының ардагері, ауданымыздың Құрметті азаматы, Үлгілі ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шаухаров Фазыл Сұлтанқұлұлының отбасы дер едік.
Фазыл аға 1955 жылы Үлгілі ауылында туып, 1977 жылы Қазақтың С.М. Киров атындағы мемлекеттік университетін қазақ тілі мен әдебиеті пәні мамандығы бойынша бітірген. Осы жылдан бастап 2018 жылы зейнетке шыққанға дейін Мойынқұм ауданындағы Амангелді, Свердлов (Байзақ) ауданындағы Жамбыл, Үлгілі орта мектептерінде мамандығы бойынша жұмыс істеп, оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие берді. Өзінің білім саласындағы 40 жылдық еңбегінің кейінгі 12 жылында өзі туып өскен Үлгілі ауылындағы орта мектепте мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, ал соңғы 16 жылында мектеп директоры қызметін абыроймен атқарып, зейнетке шықты. Мектеп басшысы болған жылдары бірінші кезекте оқу-тәрбие жұмыстарын жоғары талап деңгейіне қойып, ұстаздардан  сабақтардың сапалы өтуіне, теория мен практиканы ұштастыра жүргізуіне қол жеткізді. Нәтижесінде мектепте білім сапасы көтеріліп, жоғары нәтижелерге қол жетті.
Фазыл ағамыз өз қызметін атқара жүріп, ауылдағы, аудандағы қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. 1980,1985 жылдары ауылдық Кеңестің, ал 1989 жылы аудандық Кеңестің депутаты ретінде ортақ іске өзіндік үлесін қосты. 1995-2020 жылдар аралығында Үлгілі учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы ретінде сайлаулардың өз дәрежесінде өтуіне атсалысты. Көп жылғы жемісті еңбегі арқасында әртүрлі деңгейдегі марапаттарға қол жеткізіп, ауданның Құрметті азаматы атанды.
Ағамыз 1978 жылы өзі тәрізді жоғары білімді педагог Күлпаршын Шаухаровамен отбасын құрады. Күлпаршында  ауылындағы Үлгілі орта мектебінде жастарға физика пәнінен дәріс беріп, 2015 жылы зейнетке шықты.
Екі ұстаз білім саласында еңбек ете жүріп, отбасындағы Нелли, Тимур, Айбек, Нұрбек атты ұл-қыздарды өмірге әкелді. Оларға дұрыс тәрбие беріп, үлкен азамат болып қалыптасуларына барынша күш жұмсады. Олар жоғарғы оқу орындарында оқып, өздері қалаған мамандықтарының иесі атанды. Абзал әке, ардақты анадан тәлім-тәрбие алған балалары өте тәртіпті, үлкенді аға деп, кішіні іні деп сыйлай біледі. Бүгінде олар  өз отбасыларын құрап, әке-шешелерінің мақтанышына айналып отыр.
Ағамыздың қызы Нелли тұрмысқа шығып, бұл күндері Меркі шипажайында бас есепші, үлкен ұлы Тимур Нұрсұлтан қаласында құрылыс компаниясының учаске меңгерушісі. Келіні Маржан медбике болып жұмыс жасайды. Ал қолында отырған ортаншы ұлы Айбек әкесі көп жылдар еңбек еткен ауылдағы орта мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі,  келіні Наргиз болса бастауыш сыныпқа сабақ береді. Кенже баласы Нұрбек пен келіні Әлима Тараз қаласында кәсіпкерлікпен айналысады.
Фазыл аға мен Күлпаршын апай 1 қыз, 3 ұлынан бүгінде 9 немере сүйіп отырған бақытты жандар. Олардың отбасы көпке үлгі. Олар өз бақыттарын еңбектен тауып отыр. Ағамыз әлі де еңбектен қалмай Үлгілі ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарып, ауылдағы елдің бірлігі, жастардың тәлім-тәрбиесімен айналысып келеді. Ұлттың тірегіне айналған Отбасы күні мерекесі қарсаңында сый-құрметі жарасқан қос ардагер ұстаздан тұратын үлгілілік үлгілі отбасыға әрқашанда амандық, босағаларының беріктігін тілейміз.

Сүндетулла ӘБІЛОВ,
Үлгілі ауылы.

Обновлено 08.09.2022 19:36
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1858
mod_vvisit_counterКеше1540
mod_vvisit_counterОсы аптада5999
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда31566
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2202296

Серіктестер