Онлайн газет



ҰЛТ ҰСТАЗЫНА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СИМПОЗИУМ

Өткен жылы 21 қарашада ЮНЕСКО-ның 41-ші Бас конференциясының арнайы қарарымен 2022-2023 жылдарға арналған халықаралық мерейтойлар тізімі қабылданып, оған Қазақстанның ұсынысымен ел қайраткері, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы енді.
Ыстамбул университетіндегі «Фараби» Еуразия зерттеу орталығы ұйымдастырған ғылыми жиын  «V Халықаралық Түрік әлемі тарих және мәдениет симпозиумы» деп аталды.
Айтулы күнді атап өту барысында шілденің 18-19 күндері Ыстамбул университетінде ҚазҰУ-дің филология ғылымының докторы, профессор-ғалымдары Раушан Авакова мен Анар Салқынбайдың бастамасымен Ұлт ұстазының 150 жылдығына орай халықаралық симпозиум жоғары деңгейде өтті.
Пленарлық мәжілісте Ыстамбул университетінің ректоры Махмут Ак мырза мен Әл-Фараби университетінің ректоры  Ж.Түймебаев (онлайн) қатысып, баяндама жасады. Симпозиумның жоғары деңгейде өтуіне Әл-Фараби орталығының директоры, профессор Абдоллах Кызылчык бидің де  еңбегі мол болды. Сонымен қатар екі университет арасындағы байланысты дамытуға үлес қосып жүрген  Ораз Сапашұлына да үлкен ризашылығымызды білдіреміз.
Ыстамбұл университеті Түркияның ең тарихи университеті болып табылады. Қазақстан Президентінің ресми сапарына сәйкес мамыр айында Ыстамбұл қаласында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы ашылды. Жаһандық ғылыми-білім беру кеңістігіне ҚазҰУ көшбасшы университеттердің бірі ретінде танымалдығын арттырып, шетелдіктермен әріптестік аясын кеңейтуде.  Бұл – ҚазҰУ мен Түркия университеттері арасындағы екіжақты қарым-қатынасты дамытудағы үлкен қадам.
Бұл симпозиум  әріптестікті дамытудағы маңызды қадамның бірі болды.  Симпозиумға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Гагаузия, Болгариядан ғалымдар келіп қатысты.
«Түріктің жазбаша тарихы» деген тақырыппен өткен ғылыми жиынға Түріксой Бас хатшысының орынбасары Билал Чакыджы, Стамбул Университеті ректоры Проф. Др. Махмут Ак, Әл-Фараби университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев, Стамбул университеті Түркият институтының басшысы Мұстафа Балджы, Әл-Фараби университеті филология факультеті қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі Анар Салқынбай, Ұлыбритания «Шыңғыс Айтматов» академиясы басшысы Рахима Абдуалиева қатысты.
Ғылыми жиында «А.Байтұрсынұлы және Түрік жазбаша тарихы», «Түрік әлемінде жазу тілі және А.Байтұрсынұлы», «А.Байтұрсынұлының принциптері және заманауи жазу жұмыстары», «Түркітану және шығыстану зерттеулерінде тіл» секілді баяндамалар оқылды.
Осындай үлкен іс-шараға қатысып, баяндама жасау  мен үшін үлкен жетісік, мәртебе. Тек университет ғалымдары ғана емес, мектеп мұғалімдері де баяндама жасап, өз пікірлерін ортаға салды. Шымкент қаласындағы «Парасат» колледжінің кафедра меңгерушісі Әлия Атаханова, Шымкент қаласы «Бәйтерек» зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Ұлдана Түменбаева, Жамбыл облысы Шу ауданы Е.Бекмаханов мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Гүлнар Ыстыбаевалар баяндамалар жасап, ойларымен бөлісті. Өйткені Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығы мектептен бастап оқытылу қажет. (жаңартылған бағдарлама бойынша жоқтың қасы).
«Қазақтың Ахаңы» деген мәртебелі атқа ие болған Ахмет Байтұрсынұлының ұлтына сіңірген ұланғайыр еңбегі әр саладан көрінеді. Мәселен, ол бірінші - қазақ балаларының ана тілінде сауатын ашуына көп күш жұмсаған ағартушы. Ең алғашқы «Әліппе» оқулығының авторы, екіншіден - қазақтың әлеуметтік өмірінің барлық саласына назар аударған ірі публицист, қоғам қайраткері, үшіншіден - өнер иесі – ақын, қазақтың тілін ғана емес, әдебиетін де зерттеген ғалым және халықтың тез сауаттанып хат тануы үшін араб жазуын реформалап, ұлттық деңгейге көтерген бірегей тұлға.
Ахмет Байтұрсынұлы «Оқыту жайынан» мақаласында «Оқуды керек қылмай жүрген қазақтар оқу керек нәрсе екенін білмей тұрған жоқ, бірақ оқудың жөнді болатын мәнісін, ретін білмейді. Көбіне оқытты деген құр аты болса, соған қанағаттанады. Қалай оқытып, не білдіріп жатқанымен жұмысы жоқ. Екі жыл, үш жыл оқып хат танымаса да, баланың ата-анасының ойына кіріп шықпайды.
Оқу жұмысының үш жағы үш нәрсеге тіреледі: Бірі ақшаға, бірі құралға, бірі мұғалімге. Осы үш тіреуі бірдей тең болса, оқу қисаймай, ауытқымай, түзу жүреді» деп ой түйген. Яғни, оқып жүр деген құр сөзге малданбай, ата-ана оның сапасына, оқулыққа мән берсе деген тілегін білдіреді.
Бұл мысалды тектен-текке келтірмедік. Себебі, баланың нені оқып, немен сусындап жүргені қай заманда да маңызды. Өкініштісі сол, ғұмырын қазақтың сауатын ашуға арнап, түрлі қиын-қыстау кезеңде де оқу құралын жазудан, зерттеуден ажырамаған, әр шығармасы, әр аудармасында тәрбие тұнған тау тұлға жайлы мектеп қабырғасында бірер сағат ғана оқытылып келеді. Яғни, бастауыш сыныпта «Аққу, шортан һәм шаяны» оқытылса, жаңартылған оқу бағдарламасы негізінде 6-сыныптың «Қазақ әдебиетінде» аз-кем тоқталған. Осы тұрғыда келесідей ұсынысымды білдіргім келеді:
-Баланың сауатын ашуда ғана емес, оған ой салып, тәрбие беруде пайдасы мол өлеңдері мен аудармаларын бастауыш сыныптарда тереңдетіп оқу мүмкіндігі қарастырылса;
-Негізгі білім курсына, яғни 5-11 сыныптарға арналған «Қазақ тілі» және «Қазақ әдебиеті» пәндерінің оқу бағдарламасында Ахаңның «Тіл-құрал», «Әдебиет танытқыш» еңбектері жайлы тереңдетіп оқытылса;
-«Қазақстан тарихы» пәнінің оқу бағдарламасында арнайы сағаттар қаралып, Алаш арыстары, оның ішінде А.Байтұрсынұлының қоғам қайраткерлігі, саяси оқиғалардағы өз ұстанымынан айнымай, ел үшін еткен еңбегі баяндалса, нұр үстіне нұр болар еді,-деген ойларын мектеп мұғалімдері де айтып жеткізді.
Симпозиум шеңберінде айрықша «Шыңғыс Айтматовтың туындылары мен замандас қырғыз поэзиясынан аудармалар» атты дөңгелек үстел жиналысы ұйымдастырылды.
Ыстамбул университетінің ұстаздары мен студенттері симпозиумға келген ұстаздарды ыстық ықыласпен қарсы алды. Екінші күні тарихи орындарды аралатып, тамаша экскурсия жасап Ұлт ұстазының «Қазақ керегінің көбі әркімге-ақ мағлұм ғой... Басқадан кем болмас үшін, біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға – оқу керек. Бай болуға – кәсіп керек. Күшті болуға – бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген  сөздері бүгінде ұлттық идеяны аңсағандарға жауап емес пе?!  Ұрпағына ерен жауапкершілік жүктеп, жұрт жұмысын адал атқаруға үндеген Ахмет атамыздың тағылымды ғұмыры туған еліміздің бүгінгі тәуелсіздігінің қадірін түсініп, үлгің ұрпағыңа ұласуы үшін  ұстаз ретіндегі мені де ой-сезіммен бірге оянып, ақылмен тыныстауға жетелейді.
Қорыта айтсам, Тәуелсіздіктің 30 жылдығын еңсерген шақта Алаш идеясы һәм Ахмет тағлымын ғибратты рухани құрал ретінде пайдаланып, тау сілеміндей мол мұраларын ұрпақ санасына сіңіру – Алаш идеясын жүзеге асырудың бір парасы ғана. Ұлт ұстазының қам көңіліндегі «идеясы мен тағлымын» ой жетелеп, сөз қамшыласа екен...

Раушан Абуева,
Сарыкемер мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі, педагог-шебер.

Обновлено 06.09.2022 15:23
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1597
mod_vvisit_counterКеше1782
mod_vvisit_counterОсы аптада9885
mod_vvisit_counterӨткен аптада8989
mod_vvisit_counterОсы айда26515
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2278184

Серіктестер