Онлайн газет



ҚАМСЫЗ ҚАЗАҚ АБАЙДЫ ДА ҚАЖЫТҚАН

Еңбексіз мал жию - тарихтағы бар үрдіс. Дейтұрғанмен, тарихтың өткен көрінісіне қарағанда, қазіргі қоғамның картинасында  тырнақтары ішіндегі еңбексіз мал жию деген ұғым тіптен алаяқтықтың шырқау шыңы болып, сүйкімсіз сорақы сипатқа айналғандай….
Жаңбыр жауса саңырауқұлақтай қаптаған әлеуметтік желі кеңістігінде оңай олжаны мақсат тұтқан парақшалардың көптігінен көз сүрінеді. «Елу беріп, жүз алып, кемпір беріп, қыз алуды» қалайтын қараңғы қауымға өткен ғасырларда өмір сүрген дана Абайдың да айтар назы аз болмады. Яки оның:
«Қайғы шығар ілімнен,
Ыза шығар білімнен.
Қайғы мен ыза қосқан соң,
Зар шығады  тілімнен», - деген өлең жолдары осыған тиек болса керек.
Абай күні — мерекелік күнтізбеге ҚР Үкіметінің Қаулысымен енгізілген күн. Бұл мереке ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойы қарсаңында  бекітілді. Содан бері 10 тамыз - Абай күні ретінде ұлықталады. Қазақтың бар болмысымен шендесіп жатқан хакім Абай күні ұлық мерекеміз іспетті. Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз.
«Ғылым таппай мақтанба» өлеңіндегі Абайдың айтқан бес асыл ісінің бірі – еңбек.
«Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым ойлап қой,
Бес асыл іс, көнсеңіз», – деп барша игіліктің негізі  еңбек деп санаған ойшыл ақынның көзқарасы бүгінгі күні де қоғам үшін мағыналы құндылық.
Қазір әлеуметтік желінің ықпалдасу процесі артқан сайын, ғасырдан ғасыр жылжып, алаяқтықтың жаңа эйфориясы алдыңғы қатарға шықты. Есесіне арамза  молда болғандарға жаһандану дәуірінде аңқау халық та табыла кетеді. Абай бізге еңбексіз табыс деген батпанқұйрықтың соңғы аялдамасы “бармақ тістеу” екенін әріден айтқан. Алайда, елімізде интернетке байланып, барынан айырылып баз кешкендер көбеймесе азайған жоқ. Ақын шығармаларында адал еңбектің ғана қоғамды алға бастыратынына баса назар аударады. Ұлы ақынның өлеңдері мен қара сөздерінде «елді ел, адамды адам ететін еңбек» деген тұжырым басты орында тұр. Бұл мәңгілік қағида. Мәңгі жазылған бұл қағиданың астарында ниет, еңбек, күрес, табандылық сынды қасиеттер қазіргі қоғамда тұманданып,  көпшілік тез байып шығатын жеңіл жолды таңдауды жөн көреді.
Жоғарыда айтылғандай, адал еңбек елдің дамуына кепіл болатынын негізге алсақ, адал еңбекті айналып өткендерді ұлт болашағын бұлыңғыр еткен бояушы кейіпкерлері деп айтуға болады.
Ұлтының болашағын ойлаған ұлы Абайдың да үндеуі  ел ертеңі – жастарға бағытталған. Өлеңдерінде «Талапты ерге нұр жауар», «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Әуелі өнер ізделік қолдан келсе, ең болмаса еңбекпен мал табалық», -  деп  кәсіп іздеп, өнер қылып, адал еңбекпен алға ұмтылуды насихаттайды. Өкінішке орай, жастардың басым дені жастықтың буымен алаяқтық істің қақ-қарасын зерделемейтіндігі шындық. Оны сіз бен біз «әлеуметтік қайшылықтың статусы» деп өз-өзімізді жұбатып, сүттен таза етіп, ақтап алар тетік таппас едік.
Халқын жан-тәнімен сүйген Абай қазақтың бойындағы еңбекке қырсыздық, мақтансүйгіштік, масылдық секілді кеселдерді сынай отырып, мұның бәрінен арылудың жолы – адал еңбек ету дегенді өткір ойларымен жеткізді.
Шындығында біз ұлы ойшыл айтқан қоғамдағы үлкен кесел – масылдықпен күресуіміз керек. Дүбірге толы дүние мен қоршаған ортада жеке бастың қауіпсіздігі  таразы басында бәрінен биік тұруы керек.Өйткені жеке басыңыздың қауіпсіздігі ол сіздің мобильді сауатыңыздан бөлек, ар-ұждан өлшеміңіз. Жаһан айнасы алаяқтарға тұсау салуға құлықсыз болып отырған мына нәубетте хәкім Абайдың телегей теңіз ілімін бойға жисақ, ар-ұятпен жолдас, жанымыз кемел, рухымыз тот баспайтыныны хақ.
Күллі түркі жұртының ортақ мақтанышына айналған Абайдың рухына жас ұрпақ атынан тағзым етеміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, әлем биігінде еңсеміз тік, айбынымыз асқақ болсын.

Марат Әділет,
ҚазҰПУ, Тарих және Құқық институтының 3 - курс студенті.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1652
mod_vvisit_counterКеше1540
mod_vvisit_counterОсы аптада5793
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда31360
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2202090

Серіктестер