Онлайн газет



ЕҢБЕК АРДАГЕРІНЕ ЕСКЕРТКІШ - ТАҚТА ОРНАТЫЛДЫ

Өткен аптаның сенбісінде Диқан ауылының өсіп-өркендеуіне  сүбелі үлес қосқан еңбек ардагері  Қадірбек Кеншімұлының есімімен аталатын көшеге ескерткіш - тақта қойылып, салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Оған ардагердің көзін көргендер, ұрпақтары, көше тұрғындары қатысты.
Іс-шара басталар алдында «Диқан» мешітінің имамы Мұхиддин Бердалиев құран бағыштады. Алғашқы сөз аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ермековке берілді. Ол 1987 жылы Диқан ауылдық Кеңесіне қызметке келгенде еңбегімен ел құрметіне бөленген Қадірбек Кеншімұлының  «Құрама» колхозын ұйымдастырып, 20 жыл басқарғандығын, еңбек торысының есімін өзі тұрған көшесіне берілуіне өзінің ұйытқы болғанын айтты. Өсіп келе жатқан жастар аға ұрпақтың өнегелі өмірі мен еңбегін біліп, мақтан тұтуы керектігін жеткізді. Диқан ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әзімбек Ойықбаев  Қадірбек атаның есімін есте қалдыру мақсатында ол кісінің ұлы Әмірханның әкесіне ескерткіш-тақта орнатқаны үшін ауыл тұрғындары атынан алғысын білдірді. Диқан ауылдық округінің әкімі Жұман Абдуалиев «Әруақ риза болмай, тірі байымайды» деген мақалға сүйене отырып, округте 3 ескерткіш орнатылғандығын, осындай игілікті іске  ұйытқы болып жүретін жергілікті ардагерлерге алғысын айтты.

Анықтама
Қадірбек Кеншімұлы 1902 жылы туылған. 1929 жылы «Құрама» артелін ұйымдастырған. 1930 жылы «Құрама» колхозы ретінде қайта құрылуына үлкен еңбек сіңіріп, оны 1950 жылға дейін басқарған. Колхозшыларды еңбекке жұмылдырып, егін егудің қыр-сырына баулыған. 1930-1932 жылдардағы ашаршылықтан  ел-жұртты аман алып қалған.
Ауыл шаруашылығы өндірісінің іскер ұйымдастырушысы атанған Қадірбек атаның өмір жолы, елге сіңірген ерен еңбегі жастардың тағылым алар қазынасына айналды.

Бұдан кейін сөз алған Қадірбек атаның ұлы Әмірхан аға әкесінің өміржолына қысқаша тоқталды. Әкесінің жетім, ағайын арасында өскендігін, тірі болса биыл 120 жасқа толатындығына екпін салды. 1929 жылы көшіп жүрген біраз ел-жұрттың басын қосып, «Құрама» артелін құрғандығын, одан соң ұжымдастыру кезінде «Құрама» колхозына 50 шақты түтінді біріктіргендігін, ал 1949 жылдың соңына  дейін аталған колхозды басқарғанын айтты. 1950 жылы арнайы қаулымен «Диқан», «Аймантөбе», «Құрама» бір шарушылыққа, яғни «Ленин» колхозына біріктірілгендігін атап өтті. Осы жылдары әкесінің  ферма меңгерушісі, бір жыл колхоз бастығы, кейіннен түрлі жұмыстар атқара жүріп, дербес зейнеткерлікке шыққандығын,  әкесінің бойындағы адамгершілік қасиеттерін тебірене отырып жеткізді. 1963 жылы әкесінің тұрғызған үйіне «Қадірбек Кеншімұлы (1902-1985 ж.ж.) Осы үйде  1963-1981 жылдары жанұясымен тұрды» деген белгі қойғандықтарын жеткізді.
- Ауыл азаматтары ұсынысымызды қабылдап, жақсы іске қолдау көрсетті. Ескерткіш тақтаны қоюға арнайы жер бөлінді, іске кірістік. Игілікті шараға атсалысқан барлық ауыл тұрғындарына, ағайындарға алғысымды айтамын,-деді Әмірхан Қадірбекұлы.
Әрмен қарай Қадірбек атаның жүргізушісі болып жұмыс жасаған, еңбек ардагері Әлімбай Әбдіхалықов, ауыл тұрғыны Жамбыл Жайшыбаев, абыз атаның қарындасы Маржанкүл Дәдешова, тұңғыш немересі, аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығы басшысының орынбасары Салтанат Әбдіреева ретімен сөз алып, естеліктерімен бөлісті.


Қадірбек Кеншімұлы зайыбы Шайбибі Досыбаевамен 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірген. Әмірханы Жамбыл гидромелиоративтік институтын бітірген. Аталған институтта кафедра меңгерушісі, одан кейін Су ресурстары жөніндегі Мемлекеттік комитеттің су ресурстары басқармасының бастығы, 1998 жылдан ЮСАИД, Роял Гасконинг, БҰҰДБ, Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары, 2012 жылдан Халықаралық “Аралды құтқару” қоры директорының орынбасары, департамент бастығы міндеттерін атқарған танымал азамат. Сейітханы (марқұм) Жамбыл педагогикалық институтында оқытушы,  физика-математика ғылымының кандидаты болып жемісті қызмет атқарған.  Бүбіхан (марқұм)  белгілі тігінші, 1987-1991 жылдары Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болса, Мейізханы Жамбыл педагогикалық институтында аға оқытушы қызметін атқаруда.
Ескерткіш-тақта жамылғысын ашуды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ермеков пен еңбек ардагері Әлімбай Әбдіхалықов атқарды. Ақ жаулықты әжелер шашу шашқан соң, ескерткіш-тақтаға гүл шоқтары қойылып, еңбек майталманына тағзым етілді.
Бұдан соң іс-шараға қатысушыларға  «Диқан» мешітінде құдайы тамақ берілді.

PS. Ескерткіш-тақта  Қадірбек атаның ұлы Әмірханның жеке демеушілігімен орнатылғандығын атап өткен жөн. Жұрт көп жүретін бұл жер жақсы жарықтандырылған, тақтаның айналасы қоршалған, күзге таман төңірегіне  ағаш көшеттері отырғызылып, күтімге алынбақшы.

Гүлшахар Әбдіқұлова,
Диқан ауылы.

Обновлено 12.08.2022 10:15
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін128
mod_vvisit_counterКеше704
mod_vvisit_counterОсы аптада2353
mod_vvisit_counterӨткен аптада4632
mod_vvisit_counterОсы айда15228
mod_vvisit_counterӨткен айда10372
mod_vvisit_counterБәрі1711318

Серіктестер