Онлайн газет



ТАРАЗ ҚАЛАСЫНА АВТОБУС ҚАТЫНАСЫ ШЕШІЛСЕ, - ДЕЙДІ САРЫКЕМЕРЛІКТЕР

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 3 наурызда «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» № 826 Жарлыққа қол қойған болатын. Бұл Жарлықта «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізіп, халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін» деп атап көрсетілген.
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов өткен аптаның жұмасы күні ауданымыздың Түймекент, Сарыкемер ауылдарының халқымен кездесті. Кездесулерге облыстағы құқық қорғау органдарының басшылары қатысты. Екі ауылдағы кездесулерде де аудандық мәдениет үйлеріне келген халықтың қарасы көп болды. Кездесулерде алдымен екі ауылдық округтің әкімдері Қанат Смағұлов пен Сәуле Тілеуқұлова өз округтерінде атқарылып жатқан игілікті істерді алдын ала дайындалған слайд бойынша баяндап берді.
Олар өз ауылдарындағы жақсы істермен қатар проблемалық мәселелерді де бүгіп қалмады. Мәселен, Түймекент ауылында көшелерді асфальттау, жарықтандыру,  мал  басының  өсуіне байланысты жайылымдықты кеңейту, ал Сарыкемер ауылында жаңадан тартылған ауыз суды пайдалану, кейбір көшелердегі трансформаторлардың ескіруіне байланысты жарықтың жиі өшуі, Сарыкемер-Тараз аралығында жүретін атобустың жүрмеуі, көшелерді асфальттау тәрізді мәселелер айтылды.
- Мен бұл ауылдың жағдайын жақсы білемін. Жаңа мал басы көбейіп, жайылым мәселесі қиын болып жатқаны айтылды. Осы ауылды кезінде «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық жобасына осы аудандағы екінші ауыл ретінде енгізген едік. Енді міне оның рахатын көріп отырсыздар. Мал жайылымының жетіспей жатқандығын білеміз. Мұны шешудің жолдары қарастырылып жатыр. Менің айтарым аналық бастар болмаса басқа малдарды қолда ұстамай сыртқа шығару керек. Ал көшелерді асфальттау мәселесі рет-ретімен шешіледі. Әлеуметтік мәселелер ұдайы назарда болады. Өткен жылы осы ауылдағы Түймекент орта мектебі күрделі жөндеуден өтсе, биыл ауылдарыңызда 30 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория соғылуда. Сондай-ақ Ақжар ауылындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектеп пен «Ақжар» балабақшасының қазандықтары  жөнделуде. Міне, мұндай жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады. Бүгінгі басты мақсат – Жаңа Қазақстанды құру, халықтың табысын арттыру болып отыр,- деді Түймекент ауылындағы кездесуде өңір басшысы Нұржан Нұржігітов.


Кездесуде ауыл тұрғындары Бахыт Оспанов, Марат Бөгенбаев, Жомарт Мұхамеджанов, Мұхаметали Хайруллаев, Бекен Именов тағы басқалар ауылда мал көп болғанмен бұқаның жоқтығы, малды қолдан ұрықтандыру, Түймекент пен Ақжар ауылдары аралығындағы  басталған жолды жалғастыру, жарықтандыру, Байзақ каналын жөндеу, егін егуге жердің жетіспеуі, аудан аумағынан оқушылар үшін демалыс аймағын ашу, ауылдағы механизаторлардың тапшылығы, ауыз су сапасы туралы сұрақтар қойды. Облыс басшысы Нұржан Молдиярұлы әрбір қойылған сұраққа жеке-жеке жауап беріп, оны шешудің жолдары туралы да айтып берді. Кейбір мәселелер аудан көлемінде шешілуі тиіс болғандықтан аудан басшысы мен тиісті бөлім, мекеме басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Сарыкемер ауылындағы кездесуде ауыл тұрғындары көшені асфальттау, Тараз қаласымен автобус қатынасын реттеу, жер учаскесін алу, Талас өзені бойындағы апатты көпірді жөндеу туралы мәселелерді көтерді.
- Жалпы Байзақ ауданы бойынша көшелерді асфальттау жұмысы басқа өңірлерге қарағанда көш ілгері. Ал осы ауылға келсек көшеге тартылған ауыз су мекеме, жеке үйлерге кіргізілмей, ол көше асфальтталмайды. Себебі, су тартқан жерлер ертең төмен түсіп кетеді. Мәселен, Тараз қаласындағы көшелердің 55 пайызы ғана асфальттанған. Демек, бұл ауданда  көшені асфальттау, жарықтандыру бойынша жұмыс жақсы жүргізілуде. Жол жөндеу, жарық жүргізу рет-ретімен атқарыла беретін болады. Бұл ауылда жер мәселесі өте қиын екені белгілі. Ауылдан шыға берістегі үлкен жол бойына 250 орындық емхана салып жатырмыз. Сол жерден келешекте аурухана, мектеп салынбақ. Үлкен жолдың қарсы қапталына бірнеше көп қабатты үйлер салып, тұрғындарды пәтермен қамтамасыз ету жоспарда бар. Бүгінгі таңда үй құрылысына енгізілген өзгерістерге байланысты бұл жоба тоқтап тұр. Бұл жобаның жүзеге асырылуы үшін жұмыс істейміз. Ауылда 16 жылдан бері тұрғын үй салуға жер учаскесі берілмегенін білемін. Алайда жанадан белгілі болып отырған 87 гектар алқаптың инфрақұрылымы жүргізілген соң жер телімі кезектілікке қарай беріле бастайтын болады, - деген облыс басшысы Нұржан Нұржігітов қаламен екі аралыққа жүруі тиіс автобус пен апатты көпірді анықтап, зерделеп, шешім қабылдауды сол жерде тиісті мамандарға тапсырды.
Екі ауылдағы кездесулерден кейін облыс әкімі Н.Нұржігітов ауыл азаматтарын жеке сұрақтары бойынша қабылдады.

Сүндетулла Әбілов,
Түймекент ауылы.

Обновлено 21.06.2022 11:44
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін207
mod_vvisit_counterКеше366
mod_vvisit_counterОсы аптада863
mod_vvisit_counterӨткен аптада2114
mod_vvisit_counterОсы айда1676
mod_vvisit_counterӨткен айда13201
mod_vvisit_counterБәрі1673298

Серіктестер