Онлайн газет



АЛАШТЫҢ АҚИҚАТШЫЛ АРҒЫНБАЙЫ

Өткен аптаның сенбісі күні аудан орталығындағы әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде бар саналы ғұмырын ұлт мүддесіне, ұлт намысына арнаған ақын-жазушы, жерлесіміз Арғынбай Бекбосынның 85 жылдығына орай әдеби-әуенді кеш өтті. Кешке келгендер алдымен мәдениет үйі фойесіне қойылған Арғынбай ағаның кітаптары, аға туралы жазылған еңбектермен танысты.
Кешке Арғынбай ағамыздың жары Дариға апай мен ұлы Абай, басқа да туған-туыстары, аға құрдастары мен аудан жастары қатысты.
Кеш жерлесіміз, ақын-сазгер Қасқырбай Нарбатырдың «Байзақ жері» әнін белгілі әнші Әлмахан Исабаевтың тамылжыта орындауымен басталды. Кештің алғашқы сөзі аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетовке  берілді.
- Ауданымызда елдің дамып, халықтың жағдайының жақсаруына үлес қосқан азаматтар көптеп саналады. Солардың бірі – ақын, жазушы Арғынбай ағамыз. Ағамыз туғаны болса да, турасын айтатын қайраткер еді. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші осындай жақсы азаматтарды ұмытпай үнемі насихаттап отыру біздің міндетіміз. Артында іздеушісі бар Арғынбай аға ешуақытта ұмыт болмайды,-деген Дәуір Рысбайұлы аудан әкімінің атынан Арғынбай ағаның зайыбы Дариға апайдың үстіне камзол жауып, басына ақ орамал салды.


Жақсы айтылған тілек, орынды сыйлықтан соң әнші Марал Жанбаева «Менің әкем» әнін орындап, Арғынбай ағамызды еске түсірді.
Бұдан кейін сахнаға көтерілген Арғынбай ағамыздың інілері Жамбыл облысының Құрметті азаматы Аманкелді Кәрентаев пен ардагер журналист Тұрсынхан Толқынбаев ағамызбен қатар жұмыс істеген жылдары туралы естеліктер айтты. Арғынбай аға облыстық «Еңбек туы» газетінде бас редактор болған жылдары мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаров, Дінмұхамед Қонаевтарға жала жабылғанда оларға араша түсті. Осы ауданға Байзақ датқаның есімін беру, Шу ауданының орталығын Төле би атымен атау, өзі туып-өскен Қарасу ауылына Қосы батыр атын бергізу, кейіннен Қосы батыр ескерткішін орнатуға көп көмегі тигені айтылды.
Бірнеше кітап жазып, драматургия саласында да ізі қалған Рубаяттары мен хикаяттарын халық іздеп жүріп оқитын болды. Өзі туған Қарасу ауылына жаңадан мектептің салынуына да қосқан үлесі мол. Ағамыз Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесіне, артынша Парламентте депутат болғанда да жас мемлекетіміздің заңдық негізін қалауға мол үлес қосты. Астанада отырса да өз ауданы, облысын ұмытпай халыққа қажетті деген көптеген мәселелердің оң шешілуіне араласып отырды. Міне, осындай мәселелерді айтқан ағаның қос бауыры Арғынбай ағаны еске алып тартымды кеш өткізіп жатқан аудан басшыларына ағаның ағайындары атынан алғыстарын айтты. Кешке қатысып отырған көпшілікке де рахмет айтуды ұмытпады. Ал тағы бір інісі, жергілікті ақын Қасқырбай Нарбатыров ағаның көзі тірісінде жазылған «Алаштың Арғынбайы» өлеңін оқып берді.
Арғынбай аға өлеңдері нағыз өмір суреттері деуге болады. Сондықтанда аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары аға рубайаттарын (төрттағандарын) оқып, көрермен қауымның құлақ құрышын қандырды. Ал ағаның ауылындағы Қарасу орта мектебінің оқушылары аға өлеңдерін оқыды.
А.Бекбосын ағамыз жерлесіміз, Ұлы Отан соғысында ерен ерлік көрсеткен Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаев туралы да кеңінен қалам тербегенін жақсы білеміз. Ағамыздың сол туындыларындағы Ақәділдің соңғы сәтіндегі монологын «Шахан» халық театрының режиссері Бақытжан Байкүшіков сәтті орындап, көрермен қауымның көзіне жас үйірді.
Кеште әншілер Манзура Көбеева «Арман», Күлила Құрымбаева «Махаббат таңы», Динара Диханбаева «Қандай адам», Жоламан Жиенбаев «Ағаларым», Гүлназ Әлімқұлова «Біздің елдің жігіттері», Ақтоты Жылысбекова «Бір тамаша ән үшін», Жанат Сәлімбаева «Көзінің мөлдірін-ай», Әлмахан Исабаев «Атамекен» әндерін тамылжыта орындап, кештің әрін кіргізді.
Қазақ журналистикасына аянбай тер төккен, қаламгерлігі мен қайраткерлігі кейінгі жастарға үлгі, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты болған, «Парасат» және «Барыс» ордендерінің иегері, Байзақ ауданы және Жамбыл облысының Құрметті азаматы, жерлесіміз Арғынбай Бекбосынның туғанына 85 жыл толуына арналған кеш ел есінде қаларлықтай жоғары деңгейде өтті.

Сүндетулла Абылашұлы,
Сарыкемер ауылы.

Обновлено 21.06.2022 11:40
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін211
mod_vvisit_counterКеше366
mod_vvisit_counterОсы аптада867
mod_vvisit_counterӨткен аптада2114
mod_vvisit_counterОсы айда1680
mod_vvisit_counterӨткен айда13201
mod_vvisit_counterБәрі1673302

Серіктестер