Онлайн газет



ЕСТЕН КЕТПЕС СОЛ БІР СӘТ

Свердлов ауданына қарасты Киров атындағы ұжымшар-іргелі шаруашылықтың бірі болып саналатын. Негізгі шаруашылығы егіншілік пен мал шаруашылығы салалары еді.
Егіншілікте 400 гектар дәнді дақылдар, оның 300 гектары дәндік жүгері, 400 гектар жоңышқалық, 500 гектар қант қызылшасы. Көкөніс тағы басқа дақылдар. 1969 жылдың қатаң қысында облыста қоғамдық малдың біраз басы шығын болғаны бұл шаруашылыққа да оңай болған жоқ.  Дегенмен соңғы 9 жыл ішінде қой мен ешкі саны 20 мыңнан, ірі қара 1200 басқа, оның аналығы 400 бастан асып, жылқы 200 басқа жеткізілген болатын.
Бұл 1978 жылдың маусым айы еді. Сол кездегі колхоз басқармасының төрағасы Нұрсәлім Мамырайымов (марқұм) екеуміз төраға кабинетінде жұмыс жайын әңгіме етіп отырған сәтте, телефонның безілдеген қоңырауы әңгімені бұзып жіберді.
Телефон тұтқасының ар жағынан сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ұзақбай Сыздықбаевтың (марқұм)  екпінді дауысын бірден таныдым.
«Облысқа, содан біздің ауданға, соның ішінде сендердің шаруашылықтарыңа КОКП Орталық Комитетінің Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстан Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев келеді. Құрметті қонақты қарсы аласыңдар, қалған әңгімені аудандық партия комитетінде ақылдасамыз, тез жетіңдер»,- деп трубканы қоя салды. Екеумізді де аса бір сезім билеп кетті.
Содан ауданға тартып кеттік. Аудандық партия комитетіне шаруашылық басшылары, бастауыш партия ұйымының хатшылары,  аудан активтері де жиналып  қалған екен. Ғимараттың мәжіліс залында актив жиналысы басталып та кетті.
Республиканың бірінші басшысы облысқа сапарында біздің аудан шаруашылықтарын аралап, халықпен кездесу жоспарында бар екендігін айтты. Бірінші хатшы Димаш Ахметұлы жыл сайын шаруашылықтарды аралап, елмен кездесуді, халықтың тұрмыс жайымен танысуды қалыптасқан дәстүр еткен дей келе, аудан шаруашылықтарында егіннен мол өнім алу үшін атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде  жайқалған егін жайдың, қоғамдық малдан төл алу, жүн қырқу жұмыстарының аяқталып, жоспардың асыра орындалғанын сөзге тиек етті. Қазақ қонақ күткенде жинақталып, барын қонақ алдына жайып салатыны-ата дәстүр. Біз қонақты ұялмай күте аламыз. Барлық жерде жұмыс бар. Бізге мәлім болғандай үлкен кісі ауданаралық мал бордақылау бірлестігі, біздің Киров атындағы колхоздың егінжайы және Мырзатай күркетауық фабрикасының жұмысымен танысып, көрмекші екенін жеткізді.
Мәжіліс ұзаққа созылған жоқ, әркім өз шаруашылықтарына аттанып кетті. Жоғарыда аталған шаруашылықтардың басшылары мен партия ұйымының хатшылары қалып, аупартком хатшысы күтіп алудағы дайындық барысын тағы да пысықтады.
Ел ағасын күтуге қызу дайындалып та кеттік. Дайындалғанда: егіс даласында агротехникалық іс-шаралардың сапалы жүргізілуі, ұсақ -түйек кемшіліктердің жан-жақты түзелуі қамтамасыз етілді. Дала қостарында шаруашылық көрсеткіштері, міндеттемелері, үгіт-насихат шаралары жаңғыртылып, барлығы мұнтаздай етілді.
Нақтылай айтқанда 1978 жылдың 21 маусымы күні таңертеңгі сағат 8.20-да біздің шаруашылықтың егіс даласына келетін болды.
Сарыкемер сол кездегі (Михайловка) Мырзатай арасындағы асфальт жол, бір жағы астықты алқап, екінші жағы қант қызылшасы. Жақсы күтімнің нәтижесінде дақылдар жайқалып, көз тартады. Жаздың жаймашуақ күні, жәй тұрған самал жел бетіңді өбіп, табиғатты тамылжытып, көңіл күйіңді көтеріңкі күйге бөлеп тұр.
Межелі уақытта Сарыкемер жақтан Үкімет басшыларына арналған бір топ жеңіл машиналар кортежі көрініп, көзді ашып-жұмғанша бізге келіп тоқтады. Бірнеше машинаның ішінен “Чайка” маркалы көліктен аудан басшысы Ұ.Сыздықбаев, облыс басшысы Х.Бектұрғанов, соңында ұзын бойлы, келбетті келген Қазақстанның бірінші басшысы Дінмұхамед Қонаев түсті.
Біз жапа тармағай қол алысып, сәлемдесіп жатырмыз. Сонда Димаш ағаның қолының салалы, саусақтарының әрі жұмсақ алақанынан мейірімділіктің нұры төгіліп тұрғандай сезілді.
Аудандық  партия комитетінің бірінші хатшысы Ұзақбай Сыздықбаев үлкен кісіге бізді таныстырып жатыр.
-Қалай жігіттер ел-жұрт аман ба? Жағдайларың қалай?,-деп ынта қойып сұрап жатыр. Амандық-саулықтан кейін әңгіме шаруашылықтың экономикасы, әлеуметтік тұрмыс жайына көшті. Барлық сұрақтарға басқарма төрағасы жауап беріп жатыр.
“Хатшы бала”,-деп менен ауылдың тұрмыс жайы, мектеп, мәдениет салалары, ұлт өкілдерінің құрамы  жайлы сұрады.
Ауылда орта мектеп, дәрігерлік пункт, кітапхана, монша, тағы басқа қызмет орындарының жұмысы туралы қысқаша мәлімдедім. Жауабыма өте риза болды. Ауылымызда самал желмен теңіздің толқынындай тербетілген астық алқабының биіктігі белуардан келеді. Димаш аға бидайдың бір масағын қолына салып, уқалап “Гектарынан қаншадан аламыз деген ойларың бар?” деп сұрады.
Колхоз басқармасының төрағасы бірден “Осы алқаптан 55-56 центнерден алсақ деп отырмыз”,- деді. Шаруашылық бойынша әр гектардан орта есеппен тәлімі жерді қосқанда 30-35 центнерден алсақ деген меже бар. Егіс алқаптары бәрі дерлік агротехникалық талапқа сай күтілуде, ауа райы да қолайлы болып тұр. Барлық алқап біркелкі, осындай.
Димаш аға қолындағы дәнді қауызынан ажыратып, дәннің көлемін, санын есептеді де “Қайдам, мына алқаптан 45-46 центнерден астық аласыңдар” деді. Бір ғажабы  бір аптадан соң сол алқаптан             45 центнерден астық алынды. Сөзі дуалы, есебі мықты, кемеңгер адам алдында біз тағзым еттік.
Жолдың екінші бетіндегі жайқалған қызылша алқабын көріп, “еңбектерің жансын, табыс тілеймін” деп қоштасып, күркетауық фабрикасына жүріп кетті.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында Алматыда университетті оқып жүрген кезімізде 1 мамыр, 7 қараша күндері Үкімет үйі алдынан мерекелік шерулерге шыққанда Димаш ағаны жақыннан көру үшін  саптың трибуна жағына жақындауға таласушы едік. Трибунада Димаш аға ерекше көрінуші еді. Сұңғақ бойлы, сұлу келбеті, ішкі жандүниесі мен ақыл-парасаты үйлесіп тұрған қазақтың ұлы перзенті болып көрінетін.Сол кездері 50-дің үстіне жаңа шыққан жігіт ағасына, қалың толқын шашы ерекше көрік беретін.
Сонда жүзбе-жүз көруді армандаушы едік. Сол арман орындалып, кездесудің сәті түсіп, жүзін көріп, ақыл-кеңесін естіп, “еңбектерің жансын, табыс тілейміз” деген батасын да алып, масаттанып қалдық.
“Димаш ағаның қолын алған қолым ырысты болсын”, - деп  алақанымды сүйіп, әзілге салып, ешкімге қол бермей, үйге тарттым. Мен үлкен адамның қолын алдым, батасын берді деп, балаларымның бетіне сипай бердім.
Ертесіне облыстық партия автивінің жиналысында Димаш Ахметұлы Республика еңбеккерлері алдында тұрған міндеттерге терең мазмұнды баяндама жасады. Сол сәттер ғұмырымда мәңгі есте қалды.

Әділхан Садуақасов,
еңбек ардагері,
ауданның Құрметті азаматы.
Үлгілі ауылы.

Обновлено 21.06.2022 11:31
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін195
mod_vvisit_counterКеше366
mod_vvisit_counterОсы аптада851
mod_vvisit_counterӨткен аптада2114
mod_vvisit_counterОсы айда1664
mod_vvisit_counterӨткен айда13201
mod_vvisit_counterБәрі1673286

Серіктестер