Онлайн газет



Ауыл тазалығы - халықтың айнасы

«Бұл орайда мен әрбір қазақстандық өзінен бастауы керек: өзінің үйінен, қаласынан, ауылынан бастауы, өзінің денсаулығы мен өмір сүру салты туралы ойлануы керек екенін баса айтқым келеді. Мұнсыз ешқандай жаңа өмір сапасы орнамақ емес».
Н.Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті.

 

Соңғы жылдары тазалыққа айрықша мән беріліп келеді. Шындығын айта кету керек, аудан, ауыл жұртшылығын тазалыққа үйрету оңай болмай отыр. Ащы да болса шындық, таңертең үйінен шыға бере дәлізге қоқыс тастап кетуден бастап, көшеде жүріп-тұруды білмейтін үлкендердің  “ізбасарлары”- жастар мен бүлдіршіндер  кез келген жерге   тұрмыстық қалдықтарды тастап кетуден алдына жан салмай келеді. Жүрген жерін пісте, сағыз, темекі қалдығына, босаған бөтелкеге толтырып, көшені ластаған жекелеген азаматтар  әкімшілік жауапкершілікке тартылғанымен   тәртіп бұзушылар қатары сирей қойған жоқ.
Қала іргесінен орын тепкен Қызыл   жұлдыз ауылдық округінде  5523 тұрғын  тұрады, 920 аула бар. Ең әуелі ауылдың айналасын, көше-көшелерде тазалықты сақтау үшін  ауыл тұрғындарымен  маусым айында ауыл әкімінің міндетін атқарушы Дәуренбек Мадешев жиын өткізеді. Жиында  ол   ауылдың төңірегіне, оның аумағынан өтетін республикалық, облыстық дәрежедегі автомобиль жолдарының бойларына, ауыл ішіндегі көше жағалары мен арық-атыздарға төгілген  қоқыстар ауылдың ажарын кетіріп отырғандығын,  округтің келбеті мен тазалығы өлкенің азаматтарға сын екендігін айта келе, ендігі жерде ауыл  тазалығын сақтау үшін әрбір тұрғын үй иесі қоқыстарын қапшыққа салып, үй іргесіне шығарып қойса, жиналған үйінділерді “Алди и К” жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісім-шартқа отырысымен арнайы орынға шығарылатындығын алдыға тартады. Алқалы жиынға қатысқан   “Алди и К” ЖШС-інің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Жамалбек Есенқұлов  2006 жылдан бастап аталмыш серіктестік аудан аумағындағы тұрмыстық, санитарлық тазалық, көріктендіру, көгеріштендіру жұмыстарымен айналысып келе жатқандығын,  жиналған қоқыстарды шығару барысында алынатын қызметтік төлем туралы өзінің ойымен бөліскен-ді.  Округ аумағында тазалықты сақтау жөніндегі ұсынысты алғашқылардың бірі болып ауылдық ардагерлер алқасының (төрағасы Ә. Білдебаев) мүшелері қолдағандықтан бүгінде бұрынғыдай  көшелер мен арықтарда жатқан тұрмыстық   қалдықтарды кездестірмейсіз.
Округ алты мөлтек ауданға бөлінген. Серіктестік тарапынан жауапты азаматтар бекітілгендіктен төлем  жинауда алғашында  қиындықтар болғанымен қазіргі таңда жұмыс бір жүйеге түсіпті.
Бүгінгі таңда әркімнің ауласынан шыққан  қоқыстарды  арнайы орынға апарып төгетін «Алди и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен аула иелері келісім-шартқа отырғандықтан әр аптаның  дүйсенбісі күні аталмыш серіктестіктің жауапты жұмысшылары үй іргесіне шығарылып, қапшықтарға салынған тұрмыстық қалдықтарды   техникаға тиеп алып кетеді. Әрбір аула иесі  серіктестіктің көрсеткен  қызметі үшін алғашында 200 теңге төлесе,  тамыз айында 300 теңгеден төлейтін болыпты.
Ауыл шырайын келтірген игілікті бастаманы құптаған  ауыл тұрғындарының пікірін тыңдалық.
-Өтпелі кезеңнің қиындықтары кезінде  адамдардың  қоршаған ортаға деген немқұрайлығы  белең алғандықтан қыс бойғы қордаланған қоқыстарын көшеге немесе қалтарыстағы бір бұрышқа төгіп кетуді әдетке айналдырып алғаны жасырын емес.
Ауыл әкімі бәріне жауапты болса да, тазалықты алдымен тұрып жатқан үйіміз бен ауламыздан, көшемізден бастағанды жөн көрдік.  Игілікті істердің көшбасында жүретін азаматтардың мұрындық болуымен   бүгінде жеке меншік үй иелері жиналған жарамсыз дүниесін қапқа салып, ауланың сыртына шығарудың маңызын ұқты. Соның арқасында  округте  реттілік орнығуда. Ал егер заңдылыққа бағынбай, тәртіпке көндікпей жатқандар болса, оларға құзырлы органдардың көмегімен әкімшілік жолмен айыппұл салынып жатса артық болмайды деп білемін,-дейді  осы ауылдың тұрғыны А. Тілепов.
-Ішкі және сыртқы тазалық пен мәдениеттілік сайып келгенде ауыл тұрғындарының жеке басына  қатысты. Турасын айтқанда бұрындары  ауладан шыққан тұрмыстық қалдықтарды кез келген жерге тастай салатынбыз, өзіміздің тұрған үйіміз, төңірегіміз таза болса болды деп санайтынбыз. Ал қазір керісінше. «Тазалық жинаған жерде емес, шашпаған жерде болады» дегендей, әрқайсымыз өзіміз тұратын мекенді күтіп ұстап, артық-ауыс қалдықтарды  кез келген жерге тастамайтын болдық,-дейді Тортаева көшесінің тұрғындары ағынан жарылып.
-Осыдан сегіз жыл бұрын құрылып, бүгінде  қоршаған орта тазалығын сақтау жолында  аз тер төгіп жатқан жоқпыз. Ауданымызда  17 ауылдық округтердің  ішінде Қызыл жұлдыз  және  Үлгілі ауылдық округтерінің тұрғындарына өз қызметімізді ұсынбас бұрын  әрбір тұрғынмен жеке-жеке түсінік жұмыстары жүргізілді, ауыл тұрғындарының  пікірлері сарапқа салынды, таразыға тартылды. Осының нәтижесінде серіктестік жұмысшылары аптаның дүйсенбісінде Қызыл жұлдыз, сейсенбісінде Үлгілі ауылдық округтерінде болып жиналған  тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды  алып кетеді. Тонналап шығарылған күл-қоқыстар Сарыкемер-Мырзатай бағытындағы автожол бойында күл-қоқыс төгетін арнайы орынға жеткізіледі.Бүгінде қос ауыл тұрғындарына «МТЗ-80» трактор тіркемесімен  және  бір жүк машинасы,  жиналған қалдықтарды машинаға жүктейтін 10 жұмысшы  қызмет көрсетуде. Қоқыстар салынған 50 келілік қапшықтар бесеуден жоғары болса онда  әр қапшыққа 50 теңге қосымша төленеді.  Төрт түлік  малдың қилары немесе  қажетсіз құрылыс материалдарынан  арылам деушілер болса арнайы тапсырыс қабылдауға дайынбыз.Біздің басты міндетіміз-ауылдың  тазалығына үлес қосу, оны тап-тұйнақтай етіп ұстап, ауылдың көркеюіне, көгалдануына ауыл тұрғындарын жұмылдыру болып табылады,-дейді бізбен әңгімесінде “Алди и   К” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жамалбек Есенқұлов.
«Адамзат қауымының алдында бүгінде үш ғаламдық мәселе тұр; бұл – әлемді, табиғатты, рухани құндылықты сақтау. Бұлардың барлығы да біздің ары қарай дәулетті де сәулетті өмір сүруіміздің кепілі. Бұлар бір-бірінсіз тіршілік ете алмайды. Қазақстанның барша әлемнің толыққанды ғұмыр кешуі осы үш маңызды мәселеге тікелей байланысты» деп Елбасымыз айтқандай,  қоршаған ортаның тазалығын сақтау  жолында  ізгілікті  шараны қолға алған қызылжұлдыздықтардың бастамасы  барлық  ауылдық округтерде қолдау тапса өңірімізде тазалық салтанат құратын болады.

Өз тілшіміз.

Обновлено 13.08.2012 12:05
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін402
mod_vvisit_counterКеше1876
mod_vvisit_counterОсы аптада6419
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда31986
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2202716

Серіктестер