Отанды қорғау - ер-азаматтың абыройлы міндеті. Отан қорғаушы күні қарсаңында Байзақ аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, полковник Көпбосын Нурдиновке жолығып, бірнеше сауалды қойған болатынбыз.
- Көпбосын Кеңесбекұлы, биылғы жылдың 1 наурызынан бастап көктемгі әскерге шақыру кезеңі басталды. Осы науқанға дайындық жұмыстары қалай жүргізілуде?
- Елді, Отанды қорғау - ер-азаматтың міндеті. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері - тәуелсіздіктің тірегі, ел тыныштығының қорғаны. Ел Армиясының қатарын сарбаздармен жасақтау – асқан жауапкершілікті жүктейтін жұмыс. Жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен әскер қатарына шақырылған жастар Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері, басқа да әскери құрылымдары
қатарына қосылып жатады. Бұл Отан қорғаушыларға жүктелген міндеттің ауқымдылығын көрсетеді. Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылдың 4 наурызындағы №827 Жарлығына және Байзақ ауданы әкімінің 2022 жылдың 9 наурызында шыққан №111 қаулысына сәйкес, көктемгі азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Аудан бойынша шақыру жұмыстары алдын ала бекітілген жоспарға сәйкес және Қорғаныс министрінің №96 бұйрығына сәйкес зерделеу жұмыстары жүргізіліп, шақырушылар іріктелуде. Биылғы жылдың көктемінде аудан бойынша ҚР Қарулы Күштерге, басқа да әскери құрылымдарға шамамен аудан бойынша 140-тан аса шақырылушы жіберу жоспарлануда.
-Әскери борышты өтеудің мерзімі өзгерді ме?
- Қазіргі кезде ҚР Қорғаныс министрлігінде жас жігіттерді әскерге ынталандыру үшін бірнеше ұсыныс әзірленуде. Ал әскери борышты өтеудің мерзіміне келетін болсақ, 1 жыл мерзімінде, яғни өзгеріссіз қалды. - Отан қорғаушы күні және Жеңіс күні мерекесінің қатар келуінің үлкен мәні бар секілді?
-Қарулы Күштер - Тәуелсіз елдің қорғаны әрі берік қалқаны. Биылғы Отан қорғаушы күні Қазақстан Қарулы Күштерінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Осы отыз жылдың ішінде еліміздің Қарулы Күштері барлық жағынан күшейіп, біліктілігі нығайып, әлеуетін арттырды. Халқымызда «Ер-елінің қорғаны» деген аталы сөз бар. Аға буын өкілдерінің ерлігі мен қаһармандығын біз әрқашан да мақтан тұтамыз. Сондықтан өсіп келе жатқан жас ұрпақтың құрметті міндеті - Отанды қорғау. Бүгінде Отан қорғаушы күні өз Отанын қадірлеп, оның тарихын құрметтейтін, ерлік пен жауынгерлік күшке ие барлық ерлердің ортақ мерекесіне айналды. Ұлы Жеңіс күні - аға ұрпақтың ерлігін мәңгілік ел есінде сақтауға арналған ең қастерлі мереке болып саналады.Жас буын соғыс жеңімпаздарының ерліктері мен қажымас қайратты еңбек үлгісін көрсеткен тыл еңбеккерлеріне қарап бой түзейді, үлгі-өнеге алады. Мерейлі мереке қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін, барша байзақтықтарды қос мереке - Отан қорғаушы күнімен және Ұлы Жеңістің 77 жылдығымен шын жүректен құттықтай отырып, мықты денсаулық, бақытты ғұмыр, мамыражай тірлік, ырыс-береке, рух сергектігі мен ел амандығын тілеймін. Елімізде әрдайым бейбітшілік пен тыныштық болсын!
- Әңгімеңізге рақмет. Жұмысыңызға табыс тілейміз.
Сұхбаттасқан:
Гүлжан РУСЛАНҚЫЗЫ. |