Онлайн газет



АРДАГЕРЛЕР АЛАҢҒА ШЫҚТЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес облысымызда спорт саласына айрықша көңіл бөлінуде. Оның бірден-бір дәлелі кейінгі жылдары әрбір аудан ғана емес, ауылдық жерлерге де шағын футбол алаңшалары соғылып, жастардың спортпен айналысуларына мол мүмкіндік жасалып отыр. Халық санына байланысты кейбір елді мекендерде де үлкен спорт кешендерінің бой көтеруі көңілге қуаныш ұялатады.
Қасым-Жомарт Кемелұлы 2021 жылғы халыққа арнаған Жолдауында «Денсаулық кепілі – дене шынықтыру. Жұрттың және балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалуы қажет екенін тағы да қайталап айтамын. Облыс әкімдері спорт инфрақұрылымын біртіндеп салуды қамтамасыз етуге тиіс»,-деп Үкімет пен жергілікті атқарушы органға нақты тапсырмалар жүктегені белгілі.
Спорт – денсаулық кепілі. Міне, сондықтан да ауданымызда бұқаралық спортты дамытуға ден қойылуда. Бұл ретте алдымен өздері алаңға шығып, жастарға жол көрсетіп жүрген ауданымыздағы ардагер спортшыларымыздың өнері көпке үлгі болып жүр.
Өткен сәрсенбі күні аудан орталығындағы № 8 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде аудандық ардагерлер кеңесі мен аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен Ұлы Жеңістің 77 жылдығына және Ардагерлер ұйымының құрылғанына 35 жыл толуына орай аудан ардагерлері арасында спорттың 7 түрінен аудандық спартакиада болып өтті.
Спартакиаданың ашылу салтанатында Мемлекеттік Гимн орындалып, содан соң қаз-қатар тізілген ардагерлер командалары алдында аудан әкімінің орынбасары Болат Сағымбеков, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Шәріп Дәулетбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ермеков сөз алып, ардагер спортшыларды қасиетті Рамазан айымен құттықтады. Содан соң әрбір команда спортшыларына зор денсаулық, ал жарыста жеңіс тіледі. Спорттың адам денсаулығына пайдасы туралы да айтып өтуді естен шығармады.


Шара барысында ардагер апалар ән мен жырдан шашу шашып, ардагер спортшыларымыздың көңілдерін көтеріп тастады. Тіпті ардагерлер арасынан ортаға шығып билеп кеткендері де болды. Бұл істе аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Шырын Қапарова ұйымдастырушылық қабілетін танытты.
Аталған іс-шара ардагерлердің спорттағы шеберлігін арттыру, ардагерлерді дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту, спорттық нысандардың қолжетімдігін арттыру және ардагерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткізілгенін айта кеткен жөн. Ауданымыздағы 16 ауыл, ауылдық округтен 100-ден аса спортшы қатысқан спартакиада спорт мерекесіне айналды. Онда спортшылар спорттың волейбол, үстел теннисі, шахмат, дойбы, асық ату, тоғызқұмалақ, дартс түрлері бойынша сынға түсті. Қайсыбір спорт түрлері болмасын өте тартысты өтті.
Алты команда қатысқан волейбол ойынындағы жан алысып, жан беріскен кездесулерде ұтқандардың еңселері көтеріліп, қуаныш құшағында болды. Соңғы шешуші ойында Қызыл жұлдыз ауылдық округі командасын жеңген Ынтымақ ауылдық округі волейболшылары бірінші орынды иеленді. Ал Түймекент ауылдық округінің командасы үшінші орынды қанағат тұтты. Жекелеген ойыншылар арасынан қызылжұлдыздық Айтбай Ревшеновтің қақырата соққан доптары талайды тамсандырды.
Ұлылардың ойыны саналатын шахмат жарысына 13 ардагер қатысып, олардың арасындағы түймекенттік Руслан Төлегеновке ешкім шақ келмеді. Ал мырзатайлық Сейітқазы Толымбеков пен бурылдық Сұңғат Қожағұлов екінші, үшінші орындарды бөлісті.
Дойбы ойынына 9 спортшы қатысып, ботамойнақтық Тұлғабай Ниязымбетов барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтса, сарыкемерлік Естұрлы Мұстафаев екінші, көптеректік Ғалымжан Ақбердиев үшінші орынға қол жеткізді.
Үстел теннисі жарысына да 9 спортшы қатысты. Олардың арасынан қызылжұлдыздық Фарит Кабиров ешкімге дес бермеді. Көптеректік Ғалымжан Ақбердиев екінші, түймекенттік Нұрлан Тойбаев үшінші орынды иеленді.
Асық ату жарысына қатысқан спортшылардың ішіндегі ең үлкені 82 жастағы түймекенттік Насыр Кенесариев қария екен. Насыр аға асық ату ғана емес кір тасын көтеруде талай мәрте аудан абыройын қорғап, облыстық жарыстарда жүлделі орындарды иеленіп жүрген абзал азамат. Насыр аға бүгінгі өткен аудандық спартакиададаға ең жасы үлкен қария болғанын да айта кеткен орынды болар. Асық ату ойынына қатысушылар көп болды. Олардың арасында балалық кездерін еске түсіріп, өздерінің мергендігімен көзге түскен ботамойнақтық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Бекбауов бірінші, жаңатұрмыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдібек Байділдаев екінші, бурылдық Жәкен Жайханов үшінші орындарды иеленді.


Әйелдер арасындағы дойбы ойынында Шәрия Әбдіраманова (Қызыл жұлдыз) бірінші, ал оның әріптесі Раушан Сарыбаева (Түймекент) екінші орынға қол жеткізді. Стол теннисіне жалғыз әйел Фарида Кабирова (Қызыл жұлдыз) қатысқандықтан жеңіс оның атына жазылды.
Дартс ойынына да қызығушылық басым болды. Бұл жерде ер-азаматтар арасында Әрубек Көпжасаров (Суханбай) мергендік танытып, бірінші орынды иеленсе, Мамыр Бозғұлов (Ботамойнақ) пен Бөлебай Қанаев (Көптерек) тиісінше екінші, үшінші орындарды жеңіп алды. Ал әйелдер арасында бірінші орынға қол жеткізген Гүлзабира Байкекиева (Суханбай) мен екінші орынды жеңіп алған Сара Қырықбаева (Қызыл жұлдыз) ауданымыздың мерген қыздары атанды.
Бес азамат қатысқан тоғызқұмалақ ойынында Болатбек Ашимов (Темірбек) барлық қарсыласынан басым түсіп, бірінші  орыннан  көрінді.  Ал Сыдық Қашағанов (Көктал) пен Нұрлан Қашқынбаев (Мырзатай) екінші, үшінші орындарды бөлісіп, өз командаларына ұпай қосты. Әйелдер арасындағы тоғызқұмалақ жарысына  қатысқан түймекенттік Айжамал Көшековаға ешқандай қарсылас шықпай жеңіс оңай-ақ беріле салды.
Аса тартысқа толы, тәрбиелік мәнге ие болған жарыстың жалпы қорытындысы бойынша командалық есепте Түймекент ауылдық округінің командасы (ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жомарт Мұхаметжанов) бірінші орынға ие болды. Ал одан шамалы ғана төмен ұпай жинаған Қызыл жұлдыз ауылдық округінің командасы (ауылдық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Асылбек Өмірзақов) екінші орынға тұрақтаса, Ботамойнақ ауылдық округінің командасы (ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Бекбауов) үздік үштікті қорытындылады.
Жекелеген спорт түрлері бойынша жарыс жеңімпаздары атанған спортшыларға тиісінше аудан әкімдігінің денешынықтыру және спорт бөлімінің медалі мен дипломдарын бөлімнің бас маманы Сағынбек Жүнісбеков тапсырды. Ал командалық есепте жеңімпаз атанған командаларға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ермеков тиісті диплом мен арнайы кубоктарды салтанатты жағдайда табыс етті.
Спартакиада барысында ардагерлерді қолдап отыратын жанкүйерлер көп болды. Олардың арасында Түймекент, Қызыл жұлдыз, Ынтымақ, Ботамойнақ ауылдық округтерінен арнайы келіп қолдау жасаған жерлестеріне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Сол секілді барлық командалар арасында Қызыл жұлдыз ауылдық округінің командасы ғана арнайы форма киіп, алаңға шыққаны басқа ауыл командаларына үлгі болса игі. Аталған форманы сол ауылдың азаматы, облыстық мәслихаттың депутаты Берік Тлебаевтың демеуші ретінде сатып әпергенін білдік. Міне мұндай қолы ашық, жүрегі жомарт жанға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Аса тартысты өткен аталған спартакиадаға Қостөбе, Сазтерек ауылдық округі командаларының (ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағалары Мамед Сүлейменов, Рысбай Телеуов) қатыспай қалғаны өкінішті. Олар алдағы болатын спорттық жарыстарға қатысады деп сенеміз.
Бір күн бойы дүбірлеп өткен аудандық ардагерлер арасындағы спартакиадасында барлық ауыл, ауылдық округтерден жарысқа қатысқан ардагерлер бір сәт бойларын сергітіп, спорттың денсаулыққа тигізер пайдасын жастарға тағы бір үлгі етті.
Ауданымыздан жеңімпаз болған командалар мен жекелеген спортшылар облыс әкімінің қолдауымен 6 мамыр күні Тараз қаласында өтетін облыстық ардагерлер арасындағы спартакиадада аудан намысын қорғайтын болады. Біз ардагер спортшыларға сәттілік тілей отырып, аталған үлкен додаға дайындық, жаттығу жұмыстарын бастап та кеттік.

Серік Кенбаев,
аудандық ардагерлер кеңесі жанындағы спорт, мәдениет және жастар ісі жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы.

Обновлено 22.04.2022 10:59
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін192
mod_vvisit_counterКеше366
mod_vvisit_counterОсы аптада848
mod_vvisit_counterӨткен аптада2114
mod_vvisit_counterОсы айда1661
mod_vvisit_counterӨткен айда13201
mod_vvisit_counterБәрі1673283

Серіктестер