Онлайн газет



КӘСІПКЕР БАСПАНА САЛЫП БЕРДІ

Қасиетті Рамазан айында әлеуметтік жағынан аз қамтылған, 2 баланың анасы  Назгүл Райымқұлова баспаналы болды.
Жаңатұрмыс ауылдық округіне қарасты «Жібек жолы» ауылында тұратын Назгүл Сауранбайқызы бірнеше жылдан бері «Отырар» мейрамханасында нан пісіруші болып еңбек етіп келеді.
10 жыл бұрын жолдасынан айырылған ол  баспананың машақатын көп көреді. Назгүлдің  кәсібіне деген адалдығы мен еңбекқорлығын байқаған мейрамхана басшысы Ердос Иманқұлов 2020 жылы «Жібек жолы» ауылынан 30 сотық жері бар, екі бөлмелі  кішілеу үйді сатып алып береді. Өкінішке орай, өткен жылы Қайнар  әскери бөлімшесінде орын алған жарылыстан тұрғын үйдің терезесі шытынап, қабырғасына зақым келген. Жалғызбасты ананың тұрып жатқан жайына алаңдаған жас кәсіпкер анасы Ләззат Келдібекқызымен ақылдасады. Сөйтіп іскер азамат өз қаржысы есебінен жалғызбасты анаға 5 бөлмелі  баспана салып берді.
Жаңадан бой көтерген тұрғын үйдің ашылу салтанатында  аудан әкімі Бақыт Қазанбасов құттықтау сөз сөйледі. Рамазан айында үлкен сауапты іс атқарып, мәрттік пен жомарттықтың үлгісін көрсеткен Ердостың өнегелі тірлігі жұртты жақсылық жасауға жұмылдыратындығын жеткізді. Барымен бөлісіп, кіндік қаны тамған туған жері мен ауылынан қамқорлығын аямайтын, көмекке зәру жандарға қолұшын созатын азаматты  Алғыс хатпен марапаттады. Бұдан соң тұрғын үйдің лентасы қиылып, шашу шашылды. Қонақтар жаңа баспананың ішін аралап, құтты болсын айтты. Ауылдық ардагерлер алқасының мүшесі Бейсен Жүзгенбаев игі іске ұйытқы болған  кәсіпкерге батасын берді.
- Ұзақ жылдар бойы  ұлым мен қызымды жетелеп жүріп, баспана тауқыметін тарттым. Біраз жерде жұмыс жасадым. Мейрамханада алғашында жұмысшы, кейіннен даяшы болып жұмыс жасадым. Қазір наубайханада нан пісіремін. Тұрып жатқан үйіміздің жарамсыздығын ескерген Ердос Асқарбекұлы жаңа баспана тұрғызып, қажетті жиһазбен қамтып, сыйға тартқанда қуанышымда шек болмады. «Өз үйім – өлең төсегім» дегендей, баспанаңның болғанына не жетсін. Жүрегі мен пейілі кең азаматқа аналық алғысымды айтамын. Ердос секілді жақсылық жасайтын, қайырымды  да үлкен жүректі ілкімді жастарымыз  көп болсын, - деді Назгүл Райымқұлова.
Тұрғын үй жарықпен қамтылған, газ жүйесі жүргізілген. Үй айналасы евроқоршаумен көмкерілген.

Р.S. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер»  бағдарламасы аясында үстіміздегі жылы алғашқы баспана пайдалануға берілді.

Гүлшахар Әбдіқұлова.

Обновлено 20.04.2022 10:48
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін195
mod_vvisit_counterКеше366
mod_vvisit_counterОсы аптада851
mod_vvisit_counterӨткен аптада2114
mod_vvisit_counterОсы айда1664
mod_vvisit_counterӨткен айда13201
mod_vvisit_counterБәрі1673286

Серіктестер