Онлайн газет



ОБЛЫС БАСШЫСЫ АУДАНЫМЫЗДА

А.Шотбасова,
«Ауыл жаңалығы».

Жамбыл өңіріне жаңадан тағайындалған  басшы Кәрім Көкірекбаев жұмыс іс-сапарымен облысымыздың бірқатар аудандарында болып, ел-жұрттың әлеуметтік-экономикалық  жағдайымен етене танысып жүргені белгілі. Ал, кеше облыс әкімі Байзақ жеріне табан тіреді.

Кәрім Нәсбекұлы алдымен Қызыл жұлдыз елдімекенінде орналасқан ұн өнімдері мен түрлі кеспе, жайма, макарон дайындап шығаратын  «ROLA -7» ЖШС-нде болып, өндіріс орнының жұмысымен танысты.
Таң азанмен-ақ тірлік қыза түскен ұжымды басқарып отырған Тұрсынбек Нұрбаев ресми қонақтарды күтіп алып, жұмыс барысын баяндады. Жүзден аса жұмыскері бар серіктестікте бүгінде

15 макарон түрі, 7 түрлі кеспе өнімдері өндірілуде. Мұнда қызметкерлерге де қажетінше жағдай жасалынған. Бір мезгіл ыстық тамақ, айына кем дегенде 45 мың теңге жалақы уақытылы беріліп тұрады. Есесіне еңбек те нәтижелі. Өз өңірімізді қоспағанның өзінде, серіктестіктің өндірген өнімдеріне Оңтүстік Қазақстан облысы мен Алматы, Астана қалаларында сұраныс жақсы.
Серіктестік ғимаратында сонымен қатар, жеке кәсіпкер Лесняктың сүттен жасалған өнімдері, жеке кәсіпкер М.Есенбаевтың шағын май өндіру цехынан шыққан «Алтын-Ай» майы,  мал шаруашылығы, етті өңдеумен айналысатын «Ақ ниет» шаруа қожалығының шұжық, «Жамбыл құс» фабрикасының жұмыртқа өнімдері көрсетілді. Аталмыш өнімдермен жеке-жеке танысып шыққан Кәрім Нәсбекұлы,  кәсіпорын жетекшілерімен емін-еркін пікірлесіп, жетістіктері жайында, туындап отырған проблемалар төңірегінде сұрастырып-білді.
Өңіріміздегі өндірісі өрге домалаған кәсіпорындардың өнімдерінен бөлек, мұнда аудандағы ауылшаруашылығы саласына қатысты көрсеткіштер, «Сыбаға» бағдарламасының орындалуы және шешімін күткен бірқанша мәселелерге аудан әкімі М.Шүкеев осында орналастырылған көрнекілік құралдары арқылы ақпар берді.
Осы және өзгеде мәселелер жайында әңгіме өрбіген өндіріс орнының басында әкім жұмысшылармен естелік суретке түсіп, ісі өрге домалаған “ROLA”-ға оң бағасын берді. Баршаны жаңа жылмен құттықтап, табыстар тіледі.
Одан ары қарай басшылар бастаған керуен Көктал ауылына ат басын бұрды. Облыс әкімінің аудандарды аралаудағы басты мақсаты халықтың хал-жағдайын біліп, барынша қолдау көрсету екендігі белгілі. Аталмыш елдімекенде құрылысы бітпеген білім ошағын пайдаға асыру осы кезге дейін сөз болған-тұғын. Мұндағы ел-жұрттың да сұрауы сол. Мектептің құрылысы негізінен 1985 жылы басталған. Кейін елде тоқырау кезеңдер орын алған кезде ғимарат талан-таражға түсіп, жекешелендірілген екен. Бүгінгі күнге дейін қаңырап бос тұрған нысан күл-қоқыс төгетін орынға айналған. Оның үстіне ауылдағы жалғыз мектепте (Көктал орта мектебі) бала санының артуына байланысты кезінде басталған құрылыс бүгінде аяқтауды қажет етіп тұр. Елдімекенде жаңадан жай тұрғызып жатқан жастар мен қоныстанушы халық саны да күн сайын артып келеді. Сондықтанда жаңа мектеп, жайлы білім ошағы көкталдықтардың бүгінге дейінгі басты мәселесі ретінде Кәрім Көкірекбаевтың назарына ұсынылып, таныстырылды. Білім саласына қатысты басқа да сұраныстар сөз болды.
Аталмыш ғимаратты өз көзімен көрген басшы мектеп құрлысына қажетті қаржы соммасын есептеуді, осы негізде жұмыстар атқаруды тиісті сала басшыларына тапсырды.
Мұнан кейінгі кездесу ауданымызға қарасты Мырзатай ауылдық округіндегі «Әулие Ата Феникс» ЖШС-де жалғасты. Құс етін өндіруді көздеп отырған кәсіпорында бұл күнде үлкен құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған барлығы 102 жұмысшы тартылған. Құны 1166,0 млн. теңгені құрайтын жоба сәтті жүзеге асса, болашақта қосымша 100 жаңа жұмыс орны ашылып, өзімізден таза әрі сапалы құс еті өндіріле бастайды.
Облыс әкімі К.Көкірекбаев іс-сапар барысында Ынтымақ топтастырылған су жүйелері жұмысымен де танысты. Мұнда аудан әкімінің орынбасары Ә.Қилыбаев аталмыш су жүйесіне қосылған елдімекендер, келешекте тіршілік нәрімен қамтылуы тиіс ауылдар жайында және аудандағы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасының жемісі,  тұрғындарды газбен қамтамасыз ету, көлік инфрақұрылымы туралы толық мәлімет беріп өтті.
Түске жақын қонақтар аудан орталығы Сарыкемерде жаңадан бой көтерген жеке кәсіпкер  Жұмаев Ысқақтың   “Әдемі” тігін цехына келді. «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы аясында үстемелік 7 пайызбен «Еуразиялық» банкіден 7 млн. теңге несие алып кәсібін ашқан кәсіпкердің қол астында 11 адам қызмет етеді. Негізгі жұмыс түрі – ұлттық киімдерді тігу, тігілген бұйымдарды сол жердегі дүкенде сатылымға шығару. Тігін цехының қыз-келіншектері мұнымен шектеліп қалмай, ұлттық нақышта тігілген естелік сыйлықтар, тойға қажетті сый-сияпаттар дайындап шығарады екен. «Цех өз жұмысын жақында бастаса да сұраныс деңгейі жоғары» - дейді кәсіпкер Ы.Жұмаев.
Қазақы ою-өрнектермен өрнектелген көз жайнатар камзолдар, шапан, бас киімдер мен тойбастарлар шындығында да көпшілікті ерекше қызықтырды.
“Әдемі” десе - әдемі. Тіпті, облыс басшысының өзі сүйсіне қарап, киім-кешектердің бағасын сұрастырып жатты. Он саусағынан өнер тамған ісмер шеберлерге дән риза болып, цех тігіншілерімен жолықты. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап жүрген Жұмаевтар жанұясы, жалпы ұжымның бұл бастамасын мақтанарлық іс деп бағалады.
Іс-сапар нәтижесі  аудандық әкімшілікте өткен жиында қорытындыланды. Белсенділер бас қосқан айтулы кездесуде облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев отырғандарға жұмыс сапарының басты мақсатын түсіндіріп, аралаған әрбір нысан турасында өз ой-пікірін ортаға салды. Туындаған проблемаларды шешудің жолдары қарастырылатындығын сөз ете,  кемшіліктерді жоюда біріге жұмыс істеуге шақырды. Әсіресе, әкім - шағын кәсіпкерлікті қолдау, құс өсіру, жұмыртқа шығару жұмыстарын одан әрі жандандыру, ауыз су мәселесі, білім сапасын арттыру, ем-дом қызметін жақсарту, ауылшаруашылығына қатысты кейбір кемшін жағдайлардың орнын толтыруды баса айтты. Соңғы үшеуі бойынша тиісті мамандардан жауап алынса, аудандағы қылмыстың алдын алу, ашылу деңгейі туралы ІІБ-нің басшысы А.Абдезовтың және  әрбір сала бойынша атқарылған жұмыстар жайында облыстық басқарма басшыларының есептері тыңдалды. Сөз соңында Кәрім Нәсбекұлы: «Мен келе сала мына Бетпақ даланы қойға немесе Балхашты суға толтырамын деп айта алмаймын. Көтерілген проблемалар жоспарға енгізіліп, сол бойынша жұмыстар атқаратын боламыз» - дей келе, өзімен бірге еріп келген орынбасары М.Жолдасбаевқа, сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеп, жиналғандарды жаңа жылмен құттықтады. Қазақ үшін қасиетті жануар саналатын жылқы жылы республикамыз, соның ішінде облысымыз үшін жағымды жаңалықтарға толы болатындығына сенім білдіріп, баршаға сәттілік тіледі.

 

Фото: А.Алдабергенов

Обновлено 14.01.2014 16:19
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1081
mod_vvisit_counterКеше1743
mod_vvisit_counterОсы аптада2824
mod_vvisit_counterӨткен аптада6251
mod_vvisit_counterОсы айда20903
mod_vvisit_counterӨткен айда34753
mod_vvisit_counterБәрі2228289

Серіктестер