Онлайн газет



ҮЛГІЛІГЕ АУЫЗ СУ КЕЛДІ

Су – тіршілік көзі екені белгілі. Қоғамдағы барлық тіршілік салалары үшін су ресурстарының маңыздылығын айтып жатудың өзі артық болар. Сондықтан, мемлекеттік қолдау шараларының арқасында аудан аумағында ауыз су мәселесі жыл өткен сайын оң шешімін табуда.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Жаңа жыл мерекесіне орай, Үлгілі ауылдық округінде су қабылдау ғимараттары мен су құбыры желілерінің құрылысы аяқталып, жергілікті халықтың игілігіне ұсынылды.
Осы жылдың тамыз айында аудан әкімдігі тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысы негізінде жүзеге асқан құрылысқа «БАҚ-INDUSTRY» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігер атанған болатын. Жалпы сомасы 563,3 млн. теңгені құраған құрылыс барысын «Құрылыс және техникалық зерттеу дирекциясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі техникалық, ал, «Каспий маңы құрылыс басқармасы-Шымкент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі авторлық тұрғыдан қадағалаған.
Шараның салтанатты ашылуына қатысқан аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов жергілікті жұртты құттықтады.
- Күні кеше ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын кеңінен атап өттік. Осы Тәуелсіздік жылдары елімізде көптеген оңды істер жүзеге асырылды. Оның ішінде, ауданымызда да бірқатар игі жұмыстар қолға алынып, нәтижесінде жаңа нысандар пайдалануға ұсынылуда. Соның бірі бүгін Сіздердің ауылда ашылғалы тұрған су қабылдау ғимараттары мен су құбыры желілерінің құрылысы. Биылдың өзінде ауданда төрт елді мекенде таза ауыз су жүйесі іске қосылды. «Су – тіршілік көзі, жердің нәрі», — деген дана халқымыз. Сондықтан, жаңа нысан ел игілігіне қызмет етуіне тілектеспін. Қуаныштарыңыз құтты болсын, - деді Дәуір Рысбайұлы.
Ауыл тұрғындары атынан еңбек ардагерлері Нағима Даусариева мен Әділхан Садуақасов та ізгі тілектерін білдіріп, ақ баталарын берді. Қариялар ауыл тұрғындарының көптен бері таза ауыз суға қолы жетпей жүргенін, аудан басшылығы осы мәселені оңды шешілуіне ықпал еткенін алға тартып, аудан басшылығы мен мердігерге ризашылықтарын жеткізді. 
- «БАҚ - INDUSTRY» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауылға су қабылдау ғимараттары мен су құбыры желілерінің құрылысын жүргізіп, мерзімінен бұрын ұсынып отыр. Осы құрылыс жұмыстарына бөлінген 563,3 миллион теңге қаржы толық игерілді. 23 шақырымды құрайтын су құбыры қазылып, 301 құдық орнатылып, 1 055 абонентке сапалы ауыз су берілді. Сонымен қатар, 200 метрлік екі құбыр қазылып, одан насос арқылы су шығарылып, 500 кубтық екі резервуар мен екі дана насос стансасы салынды. Бүгінгі қуаныштарыңызбен барлықтарыңызды құттықтаймын, - деді мердігер Мақсат Сулейманов.
Салтанатты шарада лента қию рәсімі орындалып, оған қатысушылар жаңа нысанның ішін аралап, ондағы құрылғылардың атқаратын қызметімен танысты.
Бұдан соң аудан әкімінің орынбасары бастаған топ ауылдағы Жақыпбай көшесі тұрғынының үйіне барды.
-Міне, бүгін үйімізге сапалы әрі таза ауыз келіп, қуанып жатырмыз. Қаншама жылдар бойы таза ауыз суға қол жетпеп еді. Енді, міне су құбырлары үйдің ішіне дейін тартылды. Судың сапасы да жақсы. Бұл – мемлекеттің халыққа көрсетіп отырған қамқорлығының көрінісі деп білемін, - деп ағынан жарылды үй иесі.

Мұхтар МАНЕКЕЕВ.

Обновлено 11.01.2022 10:32
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін887
mod_vvisit_counterКеше1876
mod_vvisit_counterОсы аптада6904
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда32471
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2203201

Серіктестер