Онлайн газет



ҚАҚПА – АУЫЛДЫҢ АЖАРЫ

Мерейімізді асқақтатқан ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толды. Айшықты мерекеге байланысты аудан аумағындағы игілікті істер қатары толыға түсуде. Соның бірі  - Түймекент ауылдық округінде жаңа бой көтерген еңселі қақпа (арка) мен ауылдық округ төлқұжатының салтанатты түрде ашылуы.
Өнегелі істері арқылы өзгеге үлгі болған шараның салтанатына аудан әкімінің орынбасары Болат Сағынбеков, аудандық мәслихаттың хатшысы Бақтияр Ақбаев, ауылдық ардагерлер кеңесі мен тұрғындар қатысты.
Шара алдымен ауылдық округке бұрылар тұста бой көтерген «Ауылдық округтің төлқұжаты» алдынан бастау алды. Онда аудан басшылығына ауылдық округ әкімі Қанат Смағұлов түсінік беріп, алдағы жоспарлары жайында баяндады. 
Қақпаның салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Болат Мырзаханұлы: «Бірнеше күннен соң жаңа 2022 жыл да келіп жетеді. Тәуелсіз еліміздің қойнауына еніп бара жатқан 2021 жыл еліміз үшін де, ауданымыз үшін де табысты жыл болды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өттік. Облыс аудандары арасында Байзақ ауданы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші бойынша екінші орынды иеленді. Бұл жетістікке түймекенттіктердің де қосқан үлесі зор. Міне, бүгін Сіздердің ауылда жергілікті тұрғындардың және демеушілердің қолдауымен бой көтерген айшықты арканың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бірлесе істеген жұмыста қашанда береке бар. Ауылды  алтын бесік санап, игілікті іс атқарған, осы істің басы-қасында жүрген атпал азаматтардың еңбегінен өзгелер үлгі алатын болады», - дей келе, үстіміздегі жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында аталған округте атқарылған толымды тірліктерге тоқталды.
Өз кезегінде сөз алған Түймекент ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Жомарт Мұхаметжанов ағымдағы жылы ауылдағы оңды істерге тоқталып, айшықты қақпаның салынуына атсалысқан азаматтарға алғысын жеткізді. Ал, еңбек ардагері Күнтуған Ақназаров «Ауыл жастарының еңбегіне» атты арнауын оқыды. Сондай-ақ, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, Түймекент ауылына тарту ретінде ауылға кіре берісте орналасқан көпірге қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген аудандық мәслихаттың депутаты Марина Байжариковаға алғыс айтылды.
Қақпаның ашылуына арналған лента қию рәсімін аудан әкімінің орынбасары Болат Сағынбеков пен Түймекент ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Жомарт Мұхаметжанов орындады. Ақ жаулықты аналар шашу шашып, ақсақалды қариялар баталарын берді.
Бірлігі мен ынтымағы жарасқан Түймекент ауылдық округінде жасалынып жатқан істер - ауылдың дамуы үшін атқарылып жатқан тірліктер. Сондықтан ауыл келбетін көркейтуге үлес қосқан азаматтардың өнегелі ісінен кейінгі ұрпақ үлгі алады деген сеніммен мақаланы ақын Күнтуған Ақназаровтың арнауынан келтірілген шумақтармен түйіндегенді жөн көрдік.

Намысы мен абыройын сақтаған,
Қайда жүрсе ел сенімін ақтаған.
Ақ ниетті, адал жанды көрейік,
Түймекентке кіріп - шыққан қақпадан.

Шығып жатыр қошеметшіл жақтасы,
Тұр жанында төлқұжаттың тақтасы.
Ауылымда бірлік, елдік нығайған,
Бұл Ерлік пен Тәуелсіздік қақпасы.

Мұхтар МАНЕКЕЕВ.

Обновлено 31.12.2021 11:09
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін620
mod_vvisit_counterКеше732
mod_vvisit_counterОсы аптада1841
mod_vvisit_counterӨткен аптада2859
mod_vvisit_counterОсы айда6263
mod_vvisit_counterӨткен айда19846
mod_vvisit_counterБәрі1555433

Серіктестер