Онлайн газет



Сурет әлеміне саяхат

Ұлтымыздың ұлық өнері - биде халықтың тұрмыс-тіршілігі көрініс тапса, өлеңде - ақындар арман-тілектерін жырмен жеткізеді. Тағы бір тамаша шығармашылық сала, ол – сурет өнері. Бұл өнер өзгелерден бөлек. Суретшілер өмірдегі сан түрлі құбылыстарды қолындағы қылқаламға

жан бітіре бейнелейді. Табиғаттан бастап, тіршіліктегі қым-қуыт сәттер, адамзат баласының болмыс-бітімі, көңіл күйге байланысты туған дүниелер осылайша ақ парақ бетінде түрліше өрнектеледі.
Облысымызға белгілі қылқалам шеберлерінің туындылары жуырда аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің фойэсіне қойылды.  Жамбыл облысы суретшілерінің «Уақыт бейнелері» атты жылжымалы көрмесінің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Байзақ ауданы әкімі аппаратының бас инспекторы С.Иманова сурет өнерінің қоғамдағы рөлін аша айтып, оның адамзат баласына берер тағылымдық тәрбиесі туралы түсіндіріп өтті. Аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы С.Сыздықов  өткізіліп отырған шараның маңыздылығын сөз етті. Ауданға арнайы келген өнер майталмандарына алғыстарын жеткізіп, шығармашылық шабыт тіледі.
Өз кезегінде ҚР Суретшілер Одағы Жамбыл облыстық ұйымының төрағасы А.Сихаев іс-шараның наурыз айынан бастау алып, өзге өңірлерде өткізілгендігін ауызға алды. Оның мақсаты, көкейкестілігі жайында әңгіме қозғады. Бейнелеу өнерінің адамның көркемдік ойын ұштауға, эстетикалық сезімін оятып, рухани дамуға тікелей әсер ететіндігін атап өтті. Өзі бастап облысымызға белгілі бейнелеу өнері шеберлері салған картиналарға жеке-жеке тоқталып, түсінік берді.
Бұл күні көрмеге бас-аяғы 61 жұмыс, оның ішінде живопись, графика, мүсін және қолданбалы қолөнер туындылары көрермен назарына ұсынылды. Қылқалам шеберлері Б.Ткаченко, Н.Денисов, С.Момышев, А.Сихаев, М.Паншаев, Г.Тянь, Б.Хусайнов, Қ.Аманкосов, Р.Сапаралиева, В.Матюшков, Р.Сәукімбаев, Д.Ахметова, В.Сизенцев, Б.Шеримов, Г.Коспакова, Д.Оразханов, Т.Мүсірепбеков, О.Макеев, С.Копуловтың өнер туындылары үлкен-кішіге ерекше әсер қалдырды. Әсіресе, «Жылан тұғыр», «Шымшық ұстаған қыз» скульптуралық шығармалары жиылған қауымды бей-жай қалдырмады. «Батырлар» картинасы ерліктің ерен үлгісін әдемі әспеттей білсе, бүгінгі күннің көкейкесті проблемаларын шынайы көрсете білген «Запуталась», «Мои тараканы» шығармалары кім-кімді де ойлантпай қоймады. Сурет әлеміне саяхат жасатқан шара соңында онымен танысқан аудан тұрғындары “тілек кітапшасына” тілектерін қалдырды. Көрме 10 күні бойы ел назарына ұсынылды.

 

 

Обновлено 23.12.2013 16:15
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1782
mod_vvisit_counterКеше1540
mod_vvisit_counterОсы аптада5923
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда31490
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2202220

Серіктестер