Онлайн газет



«ТУҒАН ЖЕРІМ - ДАРХАН ДАЛАМ»

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай, Тараз қаласындағы «Көне Тараз»  тарихи – этномәдени кешенінің аумағында ұйымдастырылған Байзақ ауданының күндері «Туған жерім – дархан далам» тақырыбына арналды.

Тараз қаласымен іргелес орналасқан байзақтықтардың берекелі де мерекеге толы күндеріне келген қала тұрғындарына ауа – райының қолайсыздығы да кедергі бола алмады. Аудан күндері бағдарламасына сәйкес, шаһар тұрғындарына аудан дихандарының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі, ұлттық этномәдени орталықтар мен қол өнер шеберлерінің көрмелері ұйымдастырылып, ұлттық спорт түрлерінен көрсетілімдер және де аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасы ұсынылды.

 

Алдымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне шығарылған өнімдер базар бағасынан 20-30 пайызға дейін төмен саудаланып, қала тұрғындарына ұсынылды.
Мысалға айтар болсақ, күнбағыс майының бір литрі – 560 теңге, қант пен макаронның келісі – 220 теңге, бірінші сұрыпты ұнның келісі – 143 теңге, қой еті екі мың, сиыр еті екі мың екі жүз, жылқы еті екі мың үш жүзден саудаланса, тауық етінің бір келісі 900 теңге, ал, жұмыртқасы 300 теңгеден сатылып жатты. Күнделікті тұтынатын пияздың келісі 80 теңге, картоптың келісі 110 теңге, сәбіздің келісі 120 теңгеден саудаға шығарылса, алма мен қызанақ 300 теңгеден, қияр 200 теңге,  қырыққабат 93 теңгеден өткерілді. Қалалықтар төмен бағада өздеріне керекті азық-түліктерді саудалап, ризашылықтарын білдіріп жатты.
Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйытқы болуымен өткізілген аудан өнерпаздарының кеші құт – береке дарыған, байрақты Байзақ елінің ақындар мен сазгерлер мекені екенін паш етті. Талай өнер тарландарымен танымал болған аудандық өнерпаздардың өрелі кеші шараға шырай берді.

Кеш «Тойбастар» биінен бастау алып, композициялық қойылыммен өрілді. Көрермендер «Шолпан» халық ән-би ансамблінің өнеріне тәнті болса, кәріс және өзбек билері мен қырғыз, моңғол, халық әндеріне ыстық ықыластарын көрсетті. Сонымен қатар, өнерсүйер қауымға «Байзақ жері», «Шырқа дауысым», «Ой тербеу», «Кел еркем, Алатауыңа», «Байзақ елім – байтағым», «Жасасын өмір», «Туған жерім өз елім», «Тәуелсіз қазақ қызымын», «Қанекей, тілім сөйлеші», «Алға», «Қазақ елі», «Құтты ұям», «Қазағым-ай» әндері көпшіліктің қошеметіне ие болды. Концерттік бағдарлама соңында мәдениет саласының үздігі Алмахан Исабаевтың шырқаған жергілікті ақын-сазгер Қасқырбай Нарбатырдың «Мақтанышым Отаным» әнін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та тыңдады. Аудан өнерпаздарына ризашылығын білдірген аймақ басшысы: «Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан күні бойы Тараз қаласы тұрғындарының көңілін көтеріп, жақсы ән-күй сыйлағандарыңыз үшін мың да бір рахмет.
Өздеріңізге белгілі, әлемдегі індетке байланысты мұндай іс-шараны уақытылы өткізе алмадық. Кейінгі кезде індеттің төмендеуі мен науқастар саны азаюына байланысты осындай аудан күндерін өткізуді қолға алып отырмыз. Осы айтулы шараны ұйымдастырып отырған аудан әкімі Бақыт Алпысбайұлына, осынау іске атсалысқан барша ұжымдарға үлкен алғысымды айтамын. Бүгінгі Байзақ ауданының Тараз қаласындағы күні құтты болсын. Баршаңызға денсаулық, отбастарыңызға амандық, құт-береке тілеймін», - деді. 
Бұдан соң облыс басшысы бастаған топ көрме залында орналасқан ұлттық этномәдени орталықтары мен қол өнер шеберлерінің көрмелерімен танысуға ұласты. Бердібек Машбекұлын «Шолпан» халық ән-би ансамблі Құрманғазының «Адай», «Балбырауын» күйлерін күмбірлете қарсы алған соң, Ю.Гагарин және №6 орта мектептері мен №4 мектеп-лицейі, балалар шығармашылық орталығының «Макеттер қалашағын»,  Н.Киікбаев, Сарыкемер мектеп-гимназиялары мен Ю.Гагарин, Н.Ақшабаев орта мектептерінің «Робототехникасын», №1 мектеп-гимназиясы мен Бурыл орта  мектебі және балалар шығармашылық орталығының қол өнерлерін, №3 Байзақ колледжі «Дәнекерлеу ісі» мамандығы студенттерінің жұмыстарын, көркем сурет мектебінің «Қуыршақтар әлемін», Берікқара орта мектебінің кілем тоқу өнерін тамашалап, жоғары баға берді. Сондай-ақ, қалдық заттарға екінші өмір сыйлаған №4 мектеп лицейі жасаған «Бурабай тауы» макетіне де көңіл аударып, Сарыкемер және Н.Киікбаев мектеп-гимназиясының қазақы киіз үйінен дәм татты. Сонымен қатар, мектепке дейінгі білім беру мекемелері, «Балауса», «Салтанат», «Балдырған», «Жансая», «Гүлсім», «Айгөлек», «Дариға апа», «Қарлығаш» балабақшалары дайындаған «Гүлдер қалашығын» аралады.
Шығармашылық жұмыстарға оң бағасын берген соң облыс әкімі ұлттық спорт түрлерінен көрсетілімдерді тамашалады. Онда ұлттық спорттың асық ату, ләңгі тебу, құмай тазымен серуендеу, 24 келілік гір тасын көтеру, қошқар көтеру түрлері көрсетілді. Соңынан аудандық тарихи өлкетану музейінің көрмесі ұсынылып, ондағы тарихи жәдігерлер таныстырылды.
Осылайша, бау-бақша, аймақ-аумағы, киелі Байзақ ауданының күндері Тараз қаласының тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, олардың құрмет - қошеметіне бөленіп қайтты.

Мұхтар МАНЕКЕЕВ.

Обновлено 13.10.2021 12:47
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1132
mod_vvisit_counterКеше1876
mod_vvisit_counterОсы аптада7149
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда32716
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2203446

Серіктестер