Онлайн газет



ҚАРТ ТҰРҒЫНДАР САНАҚТАН ӨТКІЗІЛДІ

Еліміз бойынша Ұлттық санақтың екінші кезеңі, яғни, үстіміздегі жылғы 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында негізгі халық санағы өткізіліп жатқаны белгілі. Осыған орай, кеше аудандық статистика басқармасының басшысы Дамир Нұрабаев пен аудан әкімі аппаратының бас инспекторы  Жасұлан Үсенбаев ауданның қарт тұрғындарын аралап, халық санағы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп қайтты. Алдымен топ мүшелері Суханбаев ауылдық округінің Жақаш елді мекеніне ат басын бұрып, Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері, ІІ топтың мүгедегі Өнербай Молдабаевтың отбасында болды. Өздерінің келу мақсатын түсіндірген топ мүшелерін бүгінде 96 жастың табалдырығын аттаған қарт майдангер жылы шыраймен қабылдады.
- Туған жердің бостандығы мен азаттығы үшін қолына қару алып, жауына оқ болып атылған ардагерге құрмет көрсету - бүгінгі ұрпақтың міндеті, - деген Дамир Темірбекұлы, ел

Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі қарсаңында өткізіліп жатқан халық санағы туралы түсінік беріп, азық – түлік себетін тарту етті.
Ал, санақ жүргізуші интервьюер Қайрат Тұрлыбаев планшет арқылы соғыс ардагерінен тиісті мәліметтер алып, санақ есебіне кіргізді. Отан үшін от кешіп, ерлікпен шайқасқан, туған жеріне аянбай тер төгіп, өлшеусіз еңбек сіңірген Өнербай ата 1939 жылы Тегістік ауылындағы орта мектептің төртінші сыныбын бітіріп, енді ғана еңбекке араласқан кезде Ұлы Отан соғысы бұрқ ете түседі. 1944 жылы желтоқсанның 21-і күні Свердлов (қазіргі Байзақ) аудандық әскери комиссариаты арқылы 17 жастағы Өнербай аға әскерге шақырылған бір азаматтың орнына кете барады. Алғашында Семей қаласында әскери дайындықтан өтеді. Содан кейін №209 запастағы атқыштар полкінің жауынгері, кейіннен пулеметші ретінде сұрапыл шайқастарға қатысады. Әсіресе, 1944 жылдың наурызында, Кенигсберг қаласын жаудан азат ету кезінде, жаңбырдай жауған оқ пен үздіксіз жарылған снарядқа қарамастан Өнербай аға «жау ұясының» үнін өшіру жөнінде берілген тапсырманы мүлтіксіз орындап, жауынгерлерге жол ашады. Осы шайқаста көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін «Қызыл жұлдыз», кейіннен ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен наградталады.
Бұдан соң Берлин бағытындағы сұрапыл шайқаста арқасынан, тізесінен ауыр жарақат алып, №12 Киров госпиталінде бес ай жатып емделген соң, 1946 жылы елге оралады.  Соғыстан кейін елге келісімен шаруашылықты қалпына келтіруге құлшына кіріседі. Жамбыл облыстық біржылдық мал емдеу курсын аяқтап, Суханбаев атындағы колхозда 1955 жылға дейін мал дәрігері және осы ұжымның егіс, мал фермасының бригадирі болып, зейнетке шыққанға дейін мінсіз атқарады.
Зайыбы екеуі 4 ұл, 5 қыз тәрбиелеп, олардан тараған немере, шөберелерінің ортасында қарапайым ғұмыр кешіп, тектілігін  сақтаған майдангер  өсіп келе жатқан жас ұрпаққа бейбіт күннен артық бақыт жоқ екендігін, оның қадірін білудің маңызын айтудан жалықпайды.
Қарт майдангер өзінің өмір жолы туралы сыр шерте келе, өзіне көрсетілген құрметке шынайы ризашылығын білдіріп, аталық ақ батасын берді.
- Халық санағы – бұл елдің шежіресі, оның тарихы емес пе? Халық санағы мемлекет үшін де, халық үшін де қажет. Сондықтан, барша аудан халқын айтулы шараға белсене атсалысуға шақырамын, - дейді Жақаш ауылы, Қылышбай Ұшанаев көшесі №34 үйдің тұрғыны Өнербай ата.
*     *     *
Бұдан соң топ мүшелері Түймекент ауылы, А.Л.Нахманович бұрылысы, №6 үйдің тұрғыны, қарт кейуана Түймекүл Шоланованың отбасына барды.
104 жасты бағындырған ауылдың қарт тұрғынына елімізде өткізіліп жатқан халық санағы жайында түсіндірген Дамир Нұрабаев азық-түлік салынған себетті сыйға тартты. Ол халық санағы - елдегі халық өмірінің экономикалық, демографиялық және әлеуметтік аспектілері бойынша, оларды экономикалық болжау, жұмыспен қамту саласындағы саясатты айқындау, әлеуметтік бағдарламалар құру үшін, сондай-ақ мемлекеттік билік органдарының функцияларын орындау, бүкіл қоғамды ақпараттық қамтамасыз ету үшін пайдалануға болатын ауқымды деректер алуға мүмкіндік беретін айтулы және ауқымды іс-шара екенін жеткізді. Өз кезегінде интервьюер Қайрат Тұрлыбаев планшет арқылы ғасыр жасаған ананы санақтан өткізді.
Сонау 1917 жылы Аймантөбе ауылында өмірге келген қарт ана Түймекент ауылына тұрмысқа шығыпты. Жұбайы екеуі саналы ғұмырында мал шаруашылығымен, кейіннен егін алқабында қант қызылшасын баптаумен айналысыпты.
- Отбасында екі ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірдік. Аллаға шүкір, 27 немере, 48 шөбере көрдім. Шөберемнің ең үлкені қазір 27 жасқа келді. Енді шөпшек сүйсем деген арманым бар, - деген Түймекүл Берікқарақызы аналық ақ батасын берді.
Ұлттық санағын жүргізу кезінде топ мүшелері отбасы мүшелерінің саны, жынысы, құрамы, білімі, көші-қоны, неке жағдайы, тууы, жұмыспен қамтылуы, күнкөрістің негізгі қаражат көзі, тұрмыс-тіршіліктің шектеулеріне қатысты сұрақтар қойғанын айта кетейік.

 

Обновлено 13.10.2021 12:43
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін353
mod_vvisit_counterКеше894
mod_vvisit_counterОсы аптада4564
mod_vvisit_counterӨткен аптада7386
mod_vvisit_counterОсы айда18996
mod_vvisit_counterӨткен айда18737
mod_vvisit_counterБәрі1503836

Серіктестер