Онлайн газет



ШАҒЫН ФУТБОЛ АЛАҢШАСЫ - САРМАНҚҰЛҰЛДАРЫНЫҢ ТАРТУЫ

«Туған елге туыңды тік» - демекші, Темірбек ауылдық округіне қарасты Тегістік елді мекеніндегі «АС» шаруа қожалығы, яғни, ағайынды Сарманқұлұлдарының өскен өлке еншісіне елеулі дүниелерді тартулап келе жатқанын ыстық ықыласпен айтуға болады. Соның нақты бір дәлелі – өткен сенбіде Тегістік ауылында ел игілігіне ұсынылған шағын футбол алаңшасы. Жас ұрпақтың шыңдалуына жол ашып, ауыл жастарына есігін айқара ашқан «АС» шаруа қожалығы иелерінің бұл игі шарасы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып, оған ағайындылар арасында дүниеден ерте қайтқан, ішкі істер қызметінде ел тыныштығы күзетінің ардагері, марқұм Елдос Сарманқұлұлының есімі берілгенін айту ләзім.

Ойын алаңшасының салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Болат Сағынбеков, аудандық мәслихаттың хатшысы Бақтияр Ақбаев, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Салтанат Иманова, облыстық білім басқармасы Байзақ ауданы білім бөлімінің басшысы Нұрболат Мамырбаев арнайы қатысып, ауыл тұрғындарының қуаныштарымен бөлісті.
Шарада сөз алған аудан басшысының орынбасары Болат Мырзаханұлы: «Спорт – денсаулық кепілі, денсаулық адам өмірінің негізі. Халқымыз ежелден денсаулықтың қадірін жете түсініп,

оны басты байлыққа балаған. Тегістік ауылындағы Амировтар отбасы өз қаражаттары есебінен жалпы сомасы сегіз миллион теңгеге бүгінгі күні барлық жағдайы жасалынған заманауи шағын футбол алаңшасын «Туған жерге туыңды тік!» қағидасын ұстанып, ауыл тұрғындарына сыйға тартып отыр.
Бұл игі істер жалпы халықты дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту мақсатында жасалынып отыр. Ел игілігі жолындағы сауапты істі спорт арқылы атап өтіп, халықты спортқа тартып жатқандығына зор алғыс айтамын, - дей келе, аудан әкімі Бақыт Алпысбайұлының атынан ризашылығын білдірді.
Сондай-ақ, Темірбек ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Елемес Есімов, «АС» шаруа қожалығы атынан ағайындылардың үлкені, белгілі композитор, ұстаз, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Есжан Әміров құттықтауларын жеткізді.
Лента қию рәсімін аудан әкімінің орынбасары Болат Сағынбеков, ауыл қариясы Мұхаметжан Садырқұлов, Темірбек ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Елемес Есімов қиып, шашу шашылды.
Салтанатты лента қию рәсімінен кейін алаңда ауыл жастары арасында футболдан жарыс ұйымдастырылды. Алаңда алты команда бақ сынасып, “Шахан” командасы бірінші, ағайынды Сарманқұлұлдарының құрамасы жүлделі екінші орынға ие болды. Тиісінше қалған командаларға да жүлделер берілді.
Футболды жақсы көретін ауыл жастары үшін бұл тамаша сыйлық. Бұдан былай шынығамын, шыңдаламын деген ауыл жастары үшін бұл алаңшаның есігі әрдайым ашық болмақ.
Редакциядан: «АС» шаруа қожалығы атымен Темірбек ауылдық округінде жүзеге асқан жарқын істерді атап өтейік. Сонау ауыртпалығы мол кезеңде ауыл көшесіне жарық  тартқызып, имандылық ордасы мешіт үйін салып беруі, Ұлы Отан соғысына қатысқан жерлестерге обелиск тақтасын орнатуға демеушілік жасағаны, кіреберістегі ауыл қақпасы, зират төңірегінің темір шарбақпен қоршалуы да ағайындылардың қолдауымен қолға алынған істер.
Ал, осы ауылдың топырағында туып-өскен, Алашқа танылған айтыс  ақыны Әзімбек Жанқұлиевтің өмірден қайтқаннан кейін есімі аталудан қалып бара жатқан тұста, марқұм ақынның атына алғаш рет үлкен демеушілікпен айтыс ұйымдастыруы ағайынды Сарманқұлұлдарының сана биіктігін танытары хақ.
Ағайынды азаматтардың ұйытқысымен осылайша өмірге енген Әзімбек Жанқұлиев атындағы айтыс кейінгі жылдары облыстық және республикалық деңгейдегі аламанға айналды.

 

Мұхтар ШАЛҒЫНБАЙ.

Обновлено 13.10.2021 12:40
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін466
mod_vvisit_counterКеше894
mod_vvisit_counterОсы аптада4677
mod_vvisit_counterӨткен аптада7386
mod_vvisit_counterОсы айда19109
mod_vvisit_counterӨткен айда18737
mod_vvisit_counterБәрі1503949

Серіктестер