Онлайн газет



ЖАҚАШТЫҚТАР АУЫЗБІРШІЛІГІНІҢ НӘТИЖЕСІ

Қазақта «Ауылына қарап, азаматын таны»,- деген тәмсілді Кеңес одағының Батыры Ақәділ Суханбаев есімін иеленген ауылдық округ тұрғындарына қарата айтсақ құп жарасары анық. Биылғы жылы бұрыңғы Қарасу атындағы елді мекенге жарты ғасыр жаумен жағаласқан батыр бабамыз Қосы Сәмбетұлының есімі беріліп, ауылға кіреберісте еңселі қақпа бой көтергені  белгілі. Осындай тағылымды істің жалғасы іспеттес күні кеше Жақаш ауылында тағы бір қақпа (арка) және ауылдық округтің төлқұжаты салтанатты түрде ашылды.
Үстіміздегі жылы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластыра бой көтерген қақпа жақаштық ағайынның ауызбіршілігінің нәтижесі деуге болады. Осындай өнегелі істері арқылы аталған округтің тұрғындары өзгеге үлгі болуда.
Барлық санитарлық талаптарға баса мән беріле отырып өткізілген шараға аудан әкімі Бақыт Қазанбасов, оның салалық орынбасарлары, аудандық мәслихаттың хатшысы Бақтияр Ақбаев, Талас аудандық мәслихатының хатшысы Кәдірбек Садубаев, аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шолпан Байтақова, Тараз мемлекеттік университетінің ардагерлер алқасының төрағасы Болат Үсенбаев, тағы бірқатар қонақтар мен ауыл тұрғындары қатысты.


Шара алдымен ауылдық округке бұрылар тұста бой көтерген «Ауылдық округтің төлқұжаты» алдынан бастау алды. Онда аудан басшылығына ауылдық округ әкімі Рашид Қойлыбаев түсінік беріп, алдағы жоспарлары жайында баяндады. 
Қақпаның салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген аудан әкімі Бақыт Алпысбайұлы: «Бүгін ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Суханбаев ауылдық округінің Жақаш елді мекенінде үлкен қуаныш болып жатыр. Ауылдың сәнін келтіріп тұрған келісті арканың  ажарына үлес қосқан «Ауылдық округтің төлқұжаты» да орнатылып отыр.
«Ауылымыз жарқырап тұрсын», - деген ниетте  жасалынған тірліктер кейінгі өсіп келе жатқан жастарға жұғысты болады деп  ойлаймын. Бірлесе істеген жұмыста қашанда береке бар. Ауылды  алтын бесік санап, игілікті іс атқарған, осы істің басы-қасында жүрген атпал азаматтардың еңбегінен өзгелер үлгі алатын болады», - дей келе, мұндай үлгі болатын игі істің өзге де ауылдық округтерде жалғасатынына сенімін білдірді. Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» жобасы аясында, ауылды абаттандыруға және көркейтуге үлестерін қосқан Қосай Сұлтанқұлов, Мұстафа Жақашев, Ерғали Нұрғожаевты аудан әкімінің Алғыс хатымен, Ғалымжан Шатиев, Еркеғали Әбиев, Айдар Қабылов, Бақберген Сағынбаев, Бақытжан Биторсықов, Қайнар Жапсарбековті «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының Алғыс хаттарымен марапаттады.
- Мына бүгінгідей шараға атсалысқан барша ағайынға айтар алғысым шексіз. Ауылда игі істер көп бола берсін, – деді Бақыт Қазанбасов марапаттарды табыстап тұрып.

Жасұзақ Момбаев, ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы:
- Осыдан екі ай шамасында Қарасу ауылына Қосы батыр атамыздың есімі беріліп, осындай қақпа ашылған. Сонда мына ауыл жастары ақылдаса отырып, Сейітжан азаматымыз бас болып, осы істі қолға алған болатын. Міне, сол жастардың күш біріктіруінің нәтижесін бүгін көріп отырмыз. Ауыл азаматы Рашид Қойлыбаев осында әкім болып келгелі бірқатар оңды істер жүзеге асуда. Сондықтан, ауыл әкіміне, оны қолдаған аудан басшылығына тұрғындар атынан ризашылығымызды білдіреміз.

Болат Үсенбаев, Тараз мемлекеттік университеті ардагерлер алқасының төрағасы:
- Мына аркамыз құтты болып, елдің игілігіне жарасын. «Қосы батыр» қоғамдық қорының төрағасы Дәулетбай ағаның атынан аудан басшылығы мен ауылдық округ әкімшілігіне,  атымтай ауыл азаматтары Сейітжан мен Қосай бауырларымызға және барша ауылдастарға шынайы алғыс айтамын.
Болат Үсенбаев «Қосы батыр» қоғамдық қорының атынан бірқатар азаматтарды Алғыс хаттармен мадақтап, «Автомобиль жолдары және оларды жетілдіру» атты кітапты ауыл әкіміне табыс етті.

Өмірбек Бүтінбаев, ауданның Құрметті азаматы, еңбек ардагері:
- Ағайын, ауылда бірінен кейін бірі қуаныштар болып жатыр ғой. Оны жасап отырған осы ауылдың азаматтары. Бұл 25-35 жастағы ауыл жастарының ынтымағының арқасы деп білемін.  Осы істің бастамашысы болған Сейітжан мен Қосайға, аркадағы ауыл атауының жазуына үлес қосқан Айдар баламызға үлкен рахмет.

Тұрсынхан Толқынбаев, еңбек ардагері:
- Осы ауылдың азаматы ретінде қаламның күшімен осы ауылға Жақаш Мамыров атауын беруге үлес қосып едім. Бұл 1988 жылы болған оқиға еді. Сол кезеңде «Aq jol» газеті «Еңбек» болып аталатын. Арғынбай Бекбосын аға бар, обкомда хатшы болған Әлмахан Исақов ағалардың ықпалымен көлемді мақала жазғанмын. Сол кездегі облыс басшысы Өмірбек Байгелдінің 1992 жылғы №6 шешімімен осы ауылға Жақаш Мамыровтың есімі және Көкөзек ауылындағы орта мектепке Төребек Ақбозовтың есімі берілді. Содан бергі отыз жылда ауыл келбеті өзгеріп, көптеген жұмыстар атқарылуда.

Кәдірбек Садубаев, Талас аудандық мәслихатының хатшысы:
- Бүгін өзім туып-өскен ауылда осындай шара болады дегенді естігенде іштей толқыныс сезімде болдым. Атақты Шал ақынның «Береке, бірлік, келісім – ең асыл бақыт ел үшін» деген керемет сөзі бар. Береке ырысқа, ынтымаққа барамын дейді. Сол үшін бүгінгі Жақаш ауылындағы ашылғалы отырған төлқұжат пен қақпа ағайынның ынтымағы бар екеніне айқын дәлел. Ауыл жастары әрдайым игі істердің бастауы бола берсін.
Назым Қуанышбаева, ауданның Құрметті азаматы, еңбек ардагері:

- Әркімнің қолынан келе бермейтін үлкен іске бүгін куә болып отырмыз. Барлық игі шаралар құтты болсын. Сонымен қатар, осы ауылдың тарихын, Сәмбет ұрпақтарының шежіресін жазуда сүбелі үлес қосып жүрген Тұрсынхан Толқынбаевқа ризашылығымды білдіремін.

Қақпаның ашылуына арналған лента қию рәсімін аудан басшысы Бақыт Қазанбасов пен Ұлы Отан соғысының ардагері Өнербай Молдабаев орындады. Ақ жаулықты аналар шашу шашып, ақ сақалды қариялар баталарын берді.
Ізгі шараның барысында басқа да азаматтарға «Қосы батыр» қоғамдық қоры мен Суханбаев ауылдық округі әкімінің атынан Алғыс хаттар табысталды.

Мұхтар Шалғынбай.

Обновлено 15.09.2021 11:15
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін330
mod_vvisit_counterКеше846
mod_vvisit_counterОсы аптада3689
mod_vvisit_counterӨткен аптада3822
mod_vvisit_counterОсы айда9875
mod_vvisit_counterӨткен айда14054
mod_vvisit_counterБәрі1476404

Серіктестер