Онлайн газет



РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ– ТАБЫСТЫ ЕЛ БОЛУЫМЫЗДЫҢ КЕПІЛІ

Рухани жаңғыру – қазақстандықтардың салт-санасы мен дүниетанымын өзгертетін қозғаушы күш. Елбасы Нұрcұлтан Назарбаевтың мақаласын оқып шығып, осындай ой түйдім. Бұл ұлттық құндылықтарымызды ұмытпай, жаһандық жаңашылдыққа жетелейтін жол.
Қазіргі қоғам көзқарасы қалыптасқан зерделі де, зерек тұлға тәрбиелеуі тиіс. Ол үшін ілім-білімге ұмтылып, жан-жақты жетілген жөн. «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», - деген жолдардың астарында үлкен мағына жатыр. Шынында да рухы биік азаматтары бар елдің

іргесі мәңгілік болары хақ. Елбасының жыл басындағы халыққа Жолдауында Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталды деп жарияланды. Қайта жаңғырудың екі процесі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға алып жатыр.  Осы жұмыстарды жүзеге асыру үшін әрқайсымыздың санамыз ісімізден озып жүруі, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Шындығында  ұлттық рухы, руханияты жоғары, мәдениетті озық ел көп нәрсеге қол жеткізетіні анық. Және ұлттық бірегейлікті сақтау ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін қажет етеді. Ұлттық мәдениетті сақтай отырып жаңғыру және ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту қажет екенін қазақстандықтардың түсіне білуі керек екендігін баса айтады. «Туған жер» бағдарламасын қолға алу ұсынысы жас ұрпақты тәрбиелеуге дәл және уақытында айтылған нақты тапсырма деп білемін. Әрбір адамның жүрегінде кіндік қаны тамған жеріне, өскен ауылына, туған жеріне деген сүйіспеншілік, құрмет болмайынша – Отан деген Ұлы ұғымға адал қызмет ету, жан дүниесімен беріле сүю екіталай. «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де, бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы».
Расында, жастайынан дін мен дәстүрімізді, тағылымды тарихымызды оқып, сусындап өскен ұрпақ теріс ағымдар мен жат мәдениеттің жетегінде кетпейді. Салт-дәстүрі мен тарихына ерекше мән берген елдің тұғыры биік, іргесі берік болмақ. Неғұрлым тұтастыққа жету үшін елді айшықтап тұрған ұлттың танымдық, тәрбиелік маңызға бай әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері қажет. Кез келген халықты өзінің төлтума рухани құндылықтары мен ізгі қасиеттері ғана біріктіре алады.
«…Жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады…Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу». Бұл – тектен тек айтыла салынған жүрек қалауы емес, бүгінгі өркениетті, озық технологиялы, жаһандық ықпалдасудан, керек десеңіз, түрлі қауіп-қатерден қорғану жолы. Осы орайда ұлтымыздың белгілі ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Қасыңнан да, досыңнан да бірдей сақтан», – деген сөзі ойға оралады. Сақтанудың басы – өзіңе қатысты рухани құндылығыңды түгендеп, кейінгіге мұра етіп қалдыру. Әр халық ел болып ғұмыр кешуі үшін жастардың санасына ұлттық құндылықтарын сіңіріп, рухани болмысымен өмір сүруге баулиды.
«…Қазақ «Туған жерге туыңды тік», - деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі».  Расында, өзінің туған жерінің, туған өлкесінің көркеюіне үлес қоса білген азамат бүкіл елдің игілігі үшін қызмет ете алады. Міне, патриотизм дегеніміз туған жерге деген сүйіспеншіліктен басталады. Туған жерді қорғау, туған еліңе қызмет ету білімнің көптігінен емес, елдік санаға, туған еліңе деген махаббатқа байланысты екен. Алаш арысы Әлихан Бөкейхан: «Халыққа қызмет ету – білімнен емес мінезден», - деп бекер айтпаса керек. Осынау парасатты пікір Абайда да бар: «Атаның баласы болма, адамның баласы бол». Бұл – ұрпақтан-ұрпаққа алмасып отырған «елдік сана» желісі. Сонымен қатар, «Туған жер» бағдарламасы еліміздегі жомарт жандардың өзінің туған еліне шарапатын тигізіп, қайырымдылық іс-шараларға үлкен үлесін тигізуге ықпал етеді деген сенімдеміз. Кез келген қоғам ұзақ уақыт бойы жинақталған тәжірибені келесі ұрпаққа ізгі дәстүрінсіз жеткізе алмайтынын есте сақтағанымыз абзал. «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», – деп кез келген қоғамдық, әлеуметтік үдеріске қазақы салт-санамен бейімделу қажет. Егер халықтың дәстүрі болмаса қалай дамып, қалай өрістейді? Өткеннің тәлімді тәжірибесін алмай, алға қадам басуға бола ма? Ұрпақ сабақтастығы деген халық болып ұйысып өмір сүру мүмкіндігі, жекешілдік емес, ұжымдық, елдік үрдіс болғандықтан ұлттық құндылықтарымызды дінімізбен сабақтастыра жаңғыртудың маңызы өте зор. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қозғалған мәселелер мен қолға алынатын бастамалар дін қызметкерлерінің де жұмыс бағытын тағы да бір нақтылап берді. Бұл жаңа заманның өткеліне табан тіреп тұрып, имандылық қалыптастырған бұрынғы тамырымызды тектілікпен бекемдеп, жүйелеу жолындағы өзекті бастама деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, Елбасы өз мақаласында жастарды тектілікке тәрбиелеудің жолдарын нұсқап, тұжырымды ой айтты. Жалғасын табатын жарқын істердің жүзеге асуына Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жыл басындағы халыққа Жолдауында айтылған Қазақстанның үшінші жаңғыруы бағдарламаларымен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы бағыт-бағдар болатыны сөзсіз.

 

Назира Тілеубердіқызы,
Жамбыл ауданаралық Әділет басқармасының басшысы.

Обновлено 15.09.2021 10:45
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін338
mod_vvisit_counterКеше846
mod_vvisit_counterОсы аптада3697
mod_vvisit_counterӨткен аптада3822
mod_vvisit_counterОсы айда9883
mod_vvisit_counterӨткен айда14054
mod_vvisit_counterБәрі1476412

Серіктестер