Онлайн газет



МЕМЛЕКЕТ ПЕН ДІН АРА-ҚАТЫНАСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҮЛГІСІ

Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Қазақстан Республикасы елдің экономикалық дамуындағы ғана емес, сонымен қатар, азаматтардың діни-мәдени өміріндегі басымдықтарды да күрделі өзгертті. Еліміз конфессионалдық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатта әлемдік тәжірибеде ең тиімді болған, көпұлтты елімізге оңтайлы зайырлылық ұстанымын таңдап алды. 1995 жылы қабылданған Конституциямыздың 1 бабының 1 тармағында:  «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады..» деп атап көрсетіп, мемлекет пен дін қатынастары зайырлылық қағидаттары шеңберінде реттеліп, индивидтердің діни-сенім бостандығы қамтамасыз етілетіндігін паш етті. Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «...Қазақстан – зайырлы мемлекет. Сондықтан біздің дін саласындағы саясатымыз конфессияаралық татулық пен тағаттылықты нығайтуға бағытталған. Бізде діни сенім бостандығына Конституция кепілдік береді»,-деп ұстанған бағытымызды айқындай түсті.
Алдымен еліміздің дін мен мемлекеттің қатынастарын реттеуде сенім білдіріп, бағдар ретінде ұстанған зайырлылық, зайырлы мемлекет ұғымдарына қысқаша тоқталып өтейік. «Зайырлы» сөзінің түбірі араб тіліндегі «сыртқы» деген мәндегі «захир» сөзінен келіп шығады. Ал батыс әдебиеттерінде зайырлылықты «лаицизм» сөзі арқылы, яғни «діни емес адам», «діни адамнан өзге халық» деген мағына беретін латын тілінен шыққан «laicus» ұғымы арқылы анықтайды. Зайырлы мемлекетте мемлекеттік билік дін және діни бірлестіктерден бөлінген. Мемлекет дін ісіне, ал дін және діни бірлестіктер мемлекет ісі мен саясатқа араласпайды. Зайырлылық адамның діни сенімге бостандығын мойындап, діндарлықты адам болмысына тән сипат ретінде айқындайды. Қазіргі уақытта әлемнің көптеген елдерінде осы принцип арқылы мемлекет пен дін қатынастары реттелуде. Оның үлгілері де, шарттары да сан алуан. Мысалы, еуропалық үлгі сенушілердің санына, сол елде жайған тарихи тамырына және әлеуметтік маңызына қарай белгілі бір діндерге оңтайлы жағдай жасауға құрылады. Мұны Еуропаның жекелеген елдерінің мысалдарынан көруге болады.
Мысалы, Бельгияда мемлекет қаржылай көмек көрсететін алты дін  (католик, протестантизм, иудаизм, ислам, православие, англиканство) ғана бар. Бұл діндер мемлекеттік оқу орындарында оқытылады.
Грекияда Православие шіркеуі мемлекеттен қаржылай көмек алады. Италияда мемлекет тек алты христиандық діни бірлестіктермен ғана әріптестік келісім-шартқа отырды. Осы діни бағыттардың ғана діни пәндерін оқытуға рұқсат етіледі.
Францияда католик, ислам және иудаизм жетекшілерін мемлекеттік органдар тағайындайды. Діни  қоңыраулар жергілікті муниципалдық биліктің рұқсатымен ғана қағылады. Чехияда тарихи шіркеулер мемлекеттік дотациялар алып отырады. Португалия мектептерінде негізінен католиктік пәндер енгізілген.
Жоғарыда аталған елдердің бәрі дамыған, өркениетті, зайырлы мемлекеттер. Бірақ біз бұл елдердің ешқайсысының үлгісін дәлме-дәл көшіріп қоя алмаймыз. Бізде әлемдік тәжірибенің барлық тәуір жақтарын бойына сіңірген, өзіміздің тарихи, этникалық, рухани ерекшелігімізге сай қазақстандық модель болуға тиісті. Қазақстанның 2030 жылға дейінгі стратегиялық дамуына қатысты Елбасы Н.Ә.Назарбаев былай деп атап айтты: «Біз – өзіндік тарихы және өзіне ғана тән келешегі бар евразиялық елміз.  Сондықтан біздің модель басқа ешкімдікіне ұқсас болмайды. Ол өзіне түрлі өркениеттердің жетістіктерін сіңдіреді».
Алғашқыда классикалық (laisizm) зайырлылық қағидаттарын басшылыққа алған  еліміз  кейін  келе  Қазақстан  халқының тарихи һәм діни тәжірибесі ескерілген зайырлылық үлгісін қалыптастыруды жүзеге асыра бастады. Нақтырақ айтар болсақ, 2011 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңында «...Ханафи бағытындағы исламның және православиелік христиандықтың халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлін танитынын...» мойындап, преференциялық зайырлылық немесе халықтың басым көпшілігінің діни ұстанымы ескерілген зайырлылықтың қазақстандық үлгісін қалыптастыруды қолға алды.
Жоғарыда атап өткеніміздей, соңғы жылдары еліміз тарихи және діни тәжірибені ескере келе мемлекет пен дін қатынасын реттеуде мемлекеттік және қоғамға ықпалы зор әлеуметтік институттардың белгілі бір тобына оң көзқарас танытушылықты, яғни преференциялық зайырлылықты қолдана бастады. Мұны біз   сол бағыттың кейбір атрибуттарының мемлекетіміздің дін саясатында қолданылып жатқандығынан көруімізге болады. Мысалы, Құрбан айт және Рождество сияқты діни мерекелерге ресми мемлекеттік демалыстың берілуі, Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Уақып» қорының құрылуы бұдан бөлек кейбіроблыс әкімшіліктерінің арнайы қорлар құрып, мешіт имамдарына жалақы тағайындауы, Дін істері басқармалары мен құқық қорғау органдарының діни экстремизм және терроризммен күреске мешіт имамдарын тартуы, мемлекеттік телеарналарда ислам дініне қатысты танымдық бағдарламалардың іске қосылуы және т.б шаралардан преференциялық зайырлылықтың белгілері айқын аңғарылады. Мұның  бәрі ұлттық мүдде мен дәстүрлі дінімізді мемлекет мүддесімен ұштастырып, тұтастығымызды нығайта түсуге өз септігін тигізуде.
Мемлекеттік-конфессионалдық қарым-қатынастардың қазақстандық үлгісі либералды заңдар, діни толеранттылық, дінаралық диалог және плюрализм сияқты маңызды қағидаттарға негізделген. Осы қағидаттардың жүзеге асуының бір көрінісі  елімізде қазіргі күнде 18 конфессияны құрайтын 3663 діни бірлестіктер бір шаңырақтың астында тату тәтті өмір сүруде.
Қазақстан елдің ішіндегі конфессионалдық тұрақтылықты сақтау және нығайтумен қатар, әлемдік бейбітшілікті орнатуға деген өз үлесін қосып отыр. Оған осыған дейін бес рет Астанада өткізілген дүниежүзілік дәстүрлі діндер басшыларының съезі мысал бола алады. Соңғы рет 2015 жылы өткен осы жиын көптеген әлемдік дінбасшыларының басын қосты. Діндер үнқатысуын (диалогын) қамтамасыз ету, діни төзімділікті, діни тағаттылықты нығайту – Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының шешуші басымдықтарының бірі болып табылады.Үлкен діни форумдардың бізде өтуі – біздің елімізге, қазақ халқына, біздің Президентімізге деген үлкен құрмет пен зор сенім.
Қазіргі таңда конфессионалдық мәселелерді шешуде біздің мемлекет әлемдік қауымдастыққа өз ұсыныстарын жасай алады. Болашақта да тиімді жасалынып отырған саясаттың арқасында Қазақстан осы саладағы көшбасшылардың бірі болып қалу ықтималдығы зор.

Асылхан Қалмырзаев,
облыс әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» КММ-нің инспекторы.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін844
mod_vvisit_counterКеше1876
mod_vvisit_counterОсы аптада6861
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда32428
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2203158

Серіктестер