Онлайн газет



Тәуелсіздігіміз тұрақты болғай!

Н.Бейсенов,
ардагер ұстаз.

Тәуелсіздік ол - ата-бабамыздың мыңжылдықтардан сыңсып жеткен арманы, үміті мен сенімі. Ол егемендік пен дербестіктің самал желі, азаматтықтың алтын шуағы.
Біздің ата-бабаларымыз мойнына бұршақ салып жүріп тілегені – бостандық, азаттық, тәуелсіздік болатын.
«Тәуелсіздік», «ұлт» - қос ұғым, қашанда егіз. Бірінен-бірін ажыратуға болмайды.
Тәуелсіздік көктен түсе  қалған жоқ. Шындық шыңырауда, бостандық бұғауда жатты. Сан ғасырлар сабырын тауысып, сансыратып, бодандық пен азаттықтың арасындағы ақыреттік жолда бұл қазақ не көрмеді? Қазақ ақындары жырлағандай мың өліп, мың тірілді. Тас түнекті түріп тастайтындай, сәулелі шырақ іздеді. Қиялғажайып мифтік аңыздарда кезіп жүрді.
Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын жұмақ өңірді іздеп, аңсаған Асан қайғы, қаймана қазақтың мұң-шерін арқалап, замана керуенімен көзден таса болғалы қашан! Арада қаншама ғасыр, қаншама жылдар өтті...
Ол жағы бір Аллаға ғана аян. Азаматтығын сақтап, азаттықты, бостандықты, тәуелсіздікті аңсап, мына нұрлы жаңа ғасыр мен жаңа жылды, жаңа заманды көре алмай кеткен алаштың аяулы ұлдары мен қыздарын  қалайша еске алмаймыз, біз бүгін... Олардың аруақтарының алдында, бүгінгі ұрпақ мәңгілік бас иеді.
Тарихты қозғай берсек таусылмайды. Сонда да тарихқа назар аударайық бір сәт.
Есімхан салған ескі жол, Қасым хан салған қасқа жол, Тәуке ханның «Жеті жарғысы» тағылым түйер тұстарда тірек болып, сабырға, ақылға шақырмады ма, тура жолға жөн сілтемеді ме? Мың өліп, мың тірілген халықтың келешегін кемел, болашағын болымды қылған алаштың қайраткерлері: Әлихан Бөкейханов, Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердиев, Міржақып Дулатов тағы басқалар тәуелсіздікке апарар тура жолда туған елдің туы болып, әділдік жолында аһ ұрып, арманда кетті. Ауыр да азапты, қиянатты өмірді бастарынан өткізді, болашақ заманның жастары үшін өз жандарын қиды.Мұстафа Шоқай, Сәкен Сейфуллиндер шындықтың шырағын жақты. Бостандық, тәуелсіздік үшін «азап вагонында» отырып, халықтың сөзін сөйледі, халқы үшін түрмеде отырып, жандарын қиды.
Иә, азаттық, бостандық, тәуелсіздік оңай келе қалған жоқ. Бұл жолдарда мыңдаған, миллиондаған адамдардың қандары төгіліп, құрбандыққа шалынды.
Атап айтқанда, 1916 жылдан басталған ұлт-азаттық көтерілісі. Одан кейінгі Совет өкіметі орнаған кездегі қолдан жасалған ашаршылықтар. Бай манаптарды, қожа-молдаларды жаппай  қудалау кезеңдері. Осындай қиын да қысталаң кездерде жан сақтамақ болғандар Қытай,  Ауғанстан, Өзбекстан, Монғолия, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан елдеріне үдере көше бастады.
Осы қиыншылықтарды көрген еліміздің басына тәуелсіздікпен қоса құт орнады. Еліміз, жеріміз түгенденіп, мемлекетіміз аяғын нық басты. Қазақты, Қазақстанды бүкіл әлем таныды.
Тәуелсіздігіміз – жігіт жасы жиырмадан асып барады. Егемен еліміз үшін ең ұлық, ең мерейлі мереке – тәуелсіздік күні. Көк байрағымыз биік көкте желбірегеніне тура 22 жыл толып отыр. Бұл тарихи қасқағым сәт. Көз сүйсінер, көркем істерге толы, қуанышты кезең.
Тәуелсіздігіміз тұрақты, мәңгілік болсын ағайын! Ұлы мерекеміз ұлы істерге бастай берсін!

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін411
mod_vvisit_counterКеше1876
mod_vvisit_counterОсы аптада6428
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда31995
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2202725

Серіктестер