Онлайн газет



Бурылда балабақша ашылуға таяу

Бүгінде аудан аумағындағы қай елдімекенге қарасаң да құрылыс жұмыстары жүргізілу үстінде. Қатар-қатар тізбектелген жаңа тұрғын үйлер, заманауи үлгіде бой көтеріп жатқан зәулім ғимараттар көздің жауын алады. Тіпті, қарапайым тұрғынның өзі тұрғылықты жерін қалыпқа келтіріп, шаңырағының іші-сыртын әрлеп, абаттандыруда.


Елідемкенімізде білім, денсаулық сақтау нысандары салынып жатқандығы туралы газетіміздің өткен сандарында айтқан болатынбыз. Бүгін осындай тағы бір құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан нысан жайында сөз қозғамақшымыз. Ауданымыздағы Бурыл ауылдық округінде қолданысқа берілген балабақша ғимараты күрделі жөндеуден өтуде. Оған  бюджеттен 35900, 0 мың теңге қаражат бөлініп, маусым айынан бастап қолға алынған іс нүктесі тамыздың соңында қойылады деп күтілуде. Жалпы, ауданымыз үшін күз айы қуанышқа толы сәттермен есте қалмақшы. Өйткені осы мезгілде өңірімізде бірден бірнеше нысанның ашылу салтанаты өтіп, ел игілігіне беріледі. Әңгімемізді басынан бастап айтайық.
Бурыл ауылдық округіне - Бурыл, Құмжота ауылдары кіреді.  Мұндағы халықтың саны 10 мыңнан асып жығылады. Ауданымыздағы ең көп ұлттың тұрғындары шоғырланған мекенде бала саны жыл санап емес, күн өткен сайын көбеюде. Сол себептен де болар, бүгінде балаларын балабақшаға берем деушілер саны 300-ден асады. Ал, негізінде мұнда бүгінге дейін «Дәулет», «Балауса» балабақшалары мен мектеп жанынан ашылған шағын орталық жұмыс жасап келеді. Алғашқы екеуінде 90 баладан тәрбие алып жатса, шағын орталықта 50 бүлдіршін қарауға алынған. Бурылдағы тұрғындардың кейбірі көрші Көктал елдімекеніндегі «Саялы» балабақшасына да қатынайтын көрінеді. Осының өзінде балабақшаға тізімге тұрушылардың саны азаяр емес, қайта күннен-күнге артып келеді. Осыны ескерген ауылдық округ әкімшілігі өздері отырған ғимаратты босатып, балабақша иелігіне берді. Балабақша 150 орынға арналған. Маусым айының басында жүргізілген тендерді «Тараз Элит Строй» ЖШС-і ұтып алып, бүгінде 14 жұмысшы екі қабатты ғимараттың ішіне жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Көптен тозығы жеткен ескі ғимараттың шатырынан бастап еденіне дейін ауыстыру, жаңадан сылақ жүргізу, есік, терезелерін орнату кезек күттірген мәселе болатын. Қазір сол жұмыстармен қатар, кіреберістегі бөлме кафельденіп, терезелер тегіс пластиктен қойылуда. Қажетінше бөлмелер кеңейтіліп, жылытқыш батареялар, газ, су кіргізетін құбырлар тартылуда. 2 бөлмеге жаңа заман талабына сай «жылы еден» жылытқышы қойылса, ғимараттың ішкі электр сымдары да толығымен жаңартылған. Ал, нысан шатыры черепицадан  орнатылмақшы. Былайша айтқанда, мұнда балалар үшін барлық жағдай туғызылады. Тіпті, қол жуатын және әжетхана бөлмелері де ішке қойылуда.
Жөндеу жұмыстары іште құз-құз қайнап жатқан мезетте, сыртта да бірнеше іс қолға алынуда. Орындықтар орнату, қазандықты сылап, әрлеу, пеш қою, ғимаратқа жылу, су жеткізу істеріне жауапты «Темір Айбархан» ЖШС-нің бөлімшесі «Еңбек Тараз» құрылысшылары біз барған күні істің «біссіміләсін» бастап жатыр екен. Екі мердігер ұжымы өздеріне тиесілі жұмыстарды ай соңына дейін бітіріп, нысанды мерзімінде тапсырамыз дейді. Ендеше, еңбек рәтті болсын! Ел ертеңі – балалардың бал күлкісіне толған балабақшаның ашылуы бурылдық тұрғындар үшін қуанышты күн болмақ.

 

А.Шотбасова,
«Ауыл жаңалығы».

Обновлено 08.08.2012 18:06
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін239
mod_vvisit_counterКеше1876
mod_vvisit_counterОсы аптада6256
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда31823
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2202553

Серіктестер