Онлайн газет



ҮЛКЕН ӨЗГЕРІСТЕРГЕ БАСТАЙТЫН ҚАДАМ ЖАСАЛДЫ

Ауыл әкімдерін сайлау - бұл маңызы зор саяси реформа. Ел тарихында алғаш рет өткізілген саяси додаға аудан көлемінде үш елді мекен, Көктал ауылы мен Сарыкемер және Ынтымақ ауылдық округтерінің тұрғындары қатысты. 
Кезекті сайлау ауданның он сайлау учаскелерінде таңертеңгі сағат 07.00-де салтанатты түрде ашылып, аудан тұрғындары тиісті сайлау учаскелеріне келіп, өздері сенім артқан, әкім болуға лайық деген кандидаттарға белсенді түрде дауыс берді.
Біз алдымен сағат 06.50-де Сарыкемер ауылдық округінде орналасқан №128 сайлау учаскесіне келдік. Мұнда сайлау учаскесі салтанатты түрде ашылып, мемлекеттік Гимн орындалды. Аталмыш сайлау учаскесінің төрағасы Мұхит Нәметқұлов құттықтау сөз сөйлеп, алғашқы дауыс берушілерге сый - сияпат табыс етті.
Сайлауға алғашқы болып келген дауыс берушілердің бірі, ауыл тұрғыны Қанат Сәтенов өз таңдауын жасағанын, сайлауға түскен кандидаттарға сәттілік тілеп, халықтың үмітін ақтайды деген сенімін білдірді.
Сайлау учаскесінде санитарлық талаптар барынша мұқият сақталған. Әрбір таңдаушының дене қызуы тексеріліп, медициналық бетперденің болуы қадағаланды. Бұдан соң сайлаушылар қатары молая түсіп, сайлау науқаны жалғасып жатты.

*   *   *
2 890 дауыс берушілері бар әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде орналасқан №126 сайлау учаскесі де қарбаласқа толы. Сағат тілі 9.30-ды көрсеткен сәтте таңдаушылардың белсенділігіне куә болдық. Сондай-ақ, пандемия кезіндегі саяси науқанда санитарлық талаптардың қатаң сақталуы басты назарда екен.
№126 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Сәкен Сыздықов митингіні кіріспе сөзбен ашып, учаскелік сайлау комиссиясы мен мүшелерінің  міндеттері туралы қысқаша хабарлама жасады. Одан кейін ардагерлер мен алғаш рет дауыс беруші жастар сөз сөйлеп, Мемлекет басшысының Жолдауы арқылы жүзеге асырылып жатқан қанатқақты шара - әкімдерді тікелей сайлаудың өзіндік артықшылықтарына тоқталып, өз таңдауларын жасайтындықтарын мәлімдеді. Алғаш рет сайлауға дауыс беруге келген Жамбыл жоғарғы медициналық колледжінің 3 - курс студенті Балнұр Шалғынбайды сөзге тарттық.
- Бүгін елімізде тұңғыш рет өткізіліп отырған ауылдық округ әкімі сайлауына алғашқы мәрте дауыс беруге келдім. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы  жылы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көрсетілген міндеттердің бірі осы ауыл әкімдерінің сайлауы десек, аталмыш сайлауда мен де таңдауымды жасағаныма қуаныштымын. Шараға сайлаушылар белсене атсалысып, өздері қалаған кандидаттарға дауыс береді деп ойлаймын, - деді.
Сайлау учаскесіндегі қарбалас жалғасып жатты.

*   *   *
Аталмыш саяси шараға аудан әкімі Бақыт Қазанбасов та қатысып, өз таңдауын жасады. Бақыт Алпысбайұлы Сарыкемер ауылында орналасқан әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде №126 сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді.
Жергілікті атқарушы органдардың басшылары саналатын әкімдер мемлекеттің басты міндеттерінің бірі – отандастарымыздың тұрмыс сапасын арттыру мәселесін шешуде негізгі рөл атқаруға тиіс екенін айтқан аудан әкімі сайланған кандидаттың бәрі өзі ісінің маманы болатынына және халықтың үмітін ақтай алатынына сенім білдірді.

*   *   *
№1 мектеп-гимназиясының ауласында мерекедегідей әсем әуен шалқиды. Мұнда орналасқан №127 сайлау учаскесінде дауыс беру уақытысында салтанатты жағдайда басталған. Мерекедегідей көңіл - күймен келіп дауыс беріп жатқан жұртшылықтың бюллетень алуына, кабинаға кіріп - шығуына еш кедергі жоқ. Кәмелет жасына толып, алғаш дауыс берген жастарға естелік сыйлықтар тапсырылған.
Учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері бұрынғы сайлаулардан жинаған тәжірибелері бойынша сағат 10.00-ден әрі қарай белсенділік арта түсетінін айтты.
- Өздеріңіз көріп тұрғандай, сайлаушылардың белсенділігі жоғары. Егде жастағы кісілер отбасыларымен келіп, көпке үлгі болуда. Солардың қатарында ардагерлер  Сұлтанкерей Мәжібаев пен Мавлюд Бекиров бар, - дейді бізбен әңгімесінде учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Шырын Қапарова.
Мұнда сағат 10.00-ге дейін 2155 сайлаушының 700-і, яғни 32 пайызы дауыс беріп үлгерген. Сайлау учаскесіне келген азаматтардың дене қызуы өлшеніп, еденде белгіленген жолақ бойымен дауыс беруге өтіп жатты. Әр сайлаушы алфавиттік тәртіппен өз аты-жөнін тізімнен тауып, сайлау бюллетендерін алып, таңдауларын жасады. Саяси партиялар, партиялық емес ұйым өкілдері мен сенімді өкілдер дауыс беру барысын қадағалап отырды.

*   *   *
Бұдан кейін Нығметулла Киікбаев атындағы мектеп – гимназиясындағы №130 сайлау учаскесінде де болдық. Таңдау жасауға деген жұртшылықтың ықыласы жоғары екені анық байқалды. Келушілер үшін оңтайлы қызмет жасалған.
- Өздеріңіз көріп тұрғандай, сайлау уақыты басталғаннан бастап жұртшылық үлкен белсенділікпен келіп жатыр. Саяси науқан барысында әзірге өрескел кемшіліктер мен құқық бұзушылықтарға байланысты арыз - шағым тіркелген жоқ. Сайлау барысын жүргізуге қажетті құрал - жабдықтар толық қамтамасыз етілген, - дейді комиссия мүшелері.

*   *   *
Ынтымақ ауылдық округіндегі №116 сайлау учаскесіне 12.00-де бардық. Біз барғанда ауылдың 83 жастағы қарт тұрғыны Ильяс Көбеев ақсақал өз таңдауын жасап, дауыс беріп жатыр екен.
«Еліміздің даму тарихындағы тағы бір айтулы белес болатын демократиялық өзгеріс басталды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған ауқымды саяси реформа халықтың жан - жақты қолдауына ие болып, қоғамдық өмірде соны серпіліс туғызғаны анық. Тәуелсіз еліміздің өркендеу жолындағы мұндай жауапты науқанға жұмыла атсалысу біздің болашағымыз үшін маңызды», - дейді қарт сайлаушы.
Мұнда да сағат сайын дезинфекциялау жұмысы жүргізіліп, тұрғындарға қолайлы жағдайлар қарастырылған екен. Осы уақыт аралығында дауыс беретін сайлаушылардың басым бөлігі өз таңдауларын жасап үлгеріпті.

*   *   *
Түс мезгілінде Көктал ауылындағы мәдениет үйінде орналасқан №135 сайлау учаскесіне келушілер қатары арта түскен.
Кіреберісте келген таңдаушылардың алдымен дене қызуы өлшеніп, бетпердесі жоқтарға бетперде және қаламсап үлестіріп жатты. Дауыс беруші арақашықтықты сақтай отырып, жеке куәлігі мен өз бет-бейнесін көрсетіп, тиісті бюллетендерді алғанын растап қол қойған соң жеке кабинаға кіріп таңдауларын жасады. Учаскедегі сайлау барысын саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер және сенімді өкілдерден құралған бақылаушылар қадағалап отырды.
- Сайлау учаскесінде сағат 09.00-ден 12.00-ге дейін келіп, дауыс бергендердің қарасы қалың болды. Отбасымен, туыс-туғандарымен топ болып келгендер де бар. Сайлаушылардың көңіл-күйін көтеру мақсатында мұнда алғаш дауыс берушілерге құрмет көрсетіліп, сый-сияпат жасалды. Әрине, санитарлық талаптарға да аса мән берілді. Кіреберісте антисептикпен қол жуу, арақашықтықты сақтау, дене қызуын тексеру міндетті іс-шаралар, - дейді Аят Көшкінбаев.

*   *   *
Сонымен қатар, түс ауа барлық он сайлау учаскелерінде комиссия төраға - төрайымдарының және бақылаушылардың қатысуымен үй - жайдан дауыс беруші сайлаушылардың үйлері араланды.
Ауыл тұрғындарының бірлігін айғақтаған маңызды сайлауға дауыс беру жергілікті уақытпен сағат 20.00-ге дейін жалғасты.

АЙТА КЕТЕЙІК, 25 шілде күні аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың және ауылдық округтер әкімдерінің сайлауы аудан бойынша үш бірдей елді мекенде, Көктал ауылы мен Сарыкемер және Ынтымақ ауылдық округтерінде әкімдікке сайлауға тоғыз кандидат қатысты. Оның арасында «Аq jol» демократиялық партиясынан - 1, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан - 1, «Қазақстанның халық партиясы» - 1, «Nur Otan» партиясы атынан ұсынылған кандидаттар – 2 және өзін – өзі ұсынғандар саны 4 кандидатты құрады.

Мұхтар МАНЕКЕЕВ.

Обновлено 28.07.2021 11:27
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін335
mod_vvisit_counterКеше846
mod_vvisit_counterОсы аптада3694
mod_vvisit_counterӨткен аптада3822
mod_vvisit_counterОсы айда9880
mod_vvisit_counterӨткен айда14054
mod_vvisit_counterБәрі1476409

Серіктестер