Онлайн газет



АУЫЛ ӘКІМДЕРІН САЙЛАУ - САЯСИ МАҢЫЗДЫ НАУҚАН

Жұманғали ҚҰМҒАНБАЕВ,
аудандық Қоғамдық кеңесінің төрағасы.

Баршаңызға мәлім, 25 шілде күні еліміздің тарихында алғаш рет аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдар мен кенттердің және ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауы болып өтті. Бұл Мемлекет басшысы айтқандай, қоғамымыздың демократиялық даму жолына нық қадам басқанының көрінісі деуге болады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа бастамасының бірнеше ерекшелігі бар. Бұған дейін ауыл әкімдері жанама дауыс беру арқылы, яғни, жергілікті мәслихат депутаттарының шешімі арқылы сайланып келген. Енді елді мекеннің басшысын тұрғындар тікелей дауыс беру арқылы анықтады.
Дамыған елдерде мұндай тәжірибе көптен бері қолданылып келе жатқанын білеміз. Жалпы, тарих парақтарын ақтарсақ, «сайлауға» қазақ қоғамының айрықша мән бергені жайлы көп айтылады. Ұлы Абай шығармаларында «Болыс сайлауы», Алаш арыстарының жазбаларында «Дума сайлауы» туралы кең түрде жазылып, сайлауға білімді де білікті, халық алдында беделі бар тұлғалардың қатысқаны туралы деректер келтіріледі.
Қазір де қоғамымыз сайлау алдында тұрғанда қарапайым сайлаушылардың мүдделері жеке мүддеден басым түсері сөзсіз. Елімізде қордаланған әлеуметтік-тұрмыстық мәселелердің оңтайлы шешілуі, ұлттық экономиканың дамуы, өңірдің өркендеуі осынау сайлаудың қорытындысына тікелей тәуелді. Бұны біз, ауданның тұрғындары айқын сезініп отырмыз. Халық жайлы да  қауіпсіз, тыныш қоғамда өмір сүргісі келеді және оған толықтай құқылы да деп санаймын.
Біздің ауданда үш бірдей ауылда, атап айтар болсақ, Көктал ауылы мен Сарыкемер және Ынтымақ ауылдық округтерінде әкімдікке сайлауға тоғыз үміткер қатысты. Оның арасында  «Аq jol» демократиялық партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Қазақстанның халық партиясы», «Nur Otan» партиясы атынан ұсынылған кандидаттар мен  өзін – өзі ұсынған үміткерлер де бар.
Сайлаушылардың тікелей қатысуымен және де дауыс беруімен ұйымдастырылған бұл жолғы саяси додадан жергілікті халық зор үміт күткені анық әрі десе оның әділ өткеніне сенім де мол. Менің ойым, өткізілген саяси шарада сайлаушылар қолынан іс келетін, білімді, ойын ашық айтатын, қоғамға пайдасы тиетін үміткерлерді таңдады деп есептеймін. Соларға қарап, халық мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне қатысты түсінігін қалыптастыратыны анық қой. Қалай болғанда да, жаңа тұрпатта алғаш рет өткен сайлаудан электораттың көп үміт күтері кәміл.

*   *   *

Гүлнар ДАВЛЕТБАЕВА,
аудандық мәслихаттың депутаты, «Жадыра» шаруа қожалығының жетекшісі:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында қоғамдық пікір сауалдамалары ауыл әкімдерінің сайлау арқылы қызметке келуіне қатысты сұраныстың артқанын көрсетіп отырғандығын, енді бұл мәселені кейінге қалдыруға болмайтынын және 2021 жылы ауыл әкімдерін тікелей сайлауды өткізуге болатындығын айтты. 
Сайлау туралы заңнамаға жуырда енгізілген өзгерістерге сәйкес енді ауыл, кент, аудандық маңызы бар қала және ауылдық округ әкімдерін тұрғындар тікелей сайлайтын болып, нәтижесінде жексенбі күні ауыл әкімдерінің сайлауы өткізілді.
Осы тұста назар аударуға тұрарлық ерекшеліктерге тоқталсақ. Біріншіден, әкімдерді сайлаудың кезең - кезеңмен өтуі. Бірінші болып өкілеттілігі аяқталатын әкімдер сайланады. Содан кейін біртіндеп өкілеттіліктері аяқталуына байланысты келер жылдарда қалғандарын халық таңдайды. Белгілі бір ауылдарда эксперимент үшін өткізілген сайлауларды есептемегенде, бұл деңгейде өткізілетін алғашқы тікелей сайлау болғандықтан, кемшіліктер білінсе, оларды алдағы кезде реттеп отыруға мүмкіндік туады.
Екіншіден, ауыл әкімдігіне кандидаттарды ұсынудың жаңа тәртібі. Бұрын үміткерлерді аудан әкімі ұсынатын. Ал, енді кандидаттарды ұсынудың бірнеше жолы бар. Талаптарға сәйкес келетін үміткерлер өзін-өзі ұсына алады немесе оларды партия ұсынады. Өзін-өзі ұсынатындар қолдаушылар қолын жинауы қажет. Ал партияларды ауылға жақындатудың қадамы – осы ауыл әкімдерінің сайлауы. Ауылдағы әкім сайлауына партиялар үміткерді алыстан емес, осы ауылдан іздейтіні анық. Бұл партиялар ауылдардағы беделді тұлғаларға арқа сүйейді деген сөз. Тіркелген партиялар ауылда тұратын 40 пайыз электоратпен қоян-қолтық жұмыс істеу мүмкіндігін қолдан шығармайды деп ойлаймын.

*   *   *

Болат БАСЫҒАРАЕВ,
№ 1 мектеп - гимназиясының мұғалімі:

Күні кеше өткізілген аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар және ауылдық округтер әкімдерінің сайлауы халықтың дауыс беруі арқылы ұйымдастырылды. Мұндай өзгерістер саясат пен тұрғындар арасындағы байланысты нығайта түсетіні анық. Қарапайым тілмен айтқанда, жолдардың сапасы, жұмыс орындарымен қамтамасыз ету, әлеуметтік саланы дамытудағы әкімдердің қызметіне жергілікті тұрғындар өз ұсыныстарын айта алады.
Халықтың әкімді өздері сайлауы ауылдық округ әкімінің жұмысының жақсаруына әкеледі. Қалай болғанда да, қоғамда оң өзгерістер орын алады деп ойлаймын.
Биыл ел тарихында тұңғыш рет ауылдық округ әкімдері тікелей сайланды. Бұл сайлаушыларға өз таңдауын жасауға мүмкіндік берді. Әр дауыстың маңызды екендігін ауыл тұрғындары түсініп, таңдауын жасап, осы арқылы өздерінің конституциялық сайлау құқығын іске асырды.

*   *   *

Ағын АБДУАЛИЕВ,
Ж.Үшкемпіров атындағы №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы:

Менің ойымша, Мемлекет басшысының Жолдауы арқылы жүзеге асырылып жатқан қанатқақты шара - әкімдерді тікелей сайлаудың өзіндік артықшылықтары бар.
Алдымен, сайланатын әкімдердің халық алдындағы жауапкершілігі артатын болады. Халық сенім білдіріп сайлағандықтан, әкім жоғарыда тұрған билік органдарына емес, енді жергілікті тұрғындарға тәуелді болады. Яғни, халықтың жергілікті билікті қалыптастыруға ықпалы күшейеді деуге болады. Халықтың көпшілігі дауыс беріп сайлағандықтан, «Бұл қайдан келген әкім?» деген сұрақ қойылмасы анық. Әкімнің қызметіне бағаны сайлау арқылы тұрғындар беретіндіктен, алдағы уақытта әкімдердің қызметі жанданып, мұның өзі ауылдың жағдайын жақсартуға септігін тигізері сөзсіз.
Бұған қоса, тұрғындардың сайлау мәдениеті одан әрі көтеріле түседі. Халық өзі тікелей дауыс беретіндіктен, жергілікті басқару үдерісіне қатысу белсенділігі артатын болады деп ойлаймын. Біз бұған дейін ауыл әкімін мемлекеттік биліктің атқарушы тармағының өкілі деп қарастырып келсек, енді жергілікті өзін өзі басқарудың өкілі, яғни, халықтың өкілі деп қарастыратын боламыз.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін337
mod_vvisit_counterКеше846
mod_vvisit_counterОсы аптада3696
mod_vvisit_counterӨткен аптада3822
mod_vvisit_counterОсы айда9882
mod_vvisit_counterӨткен айда14054
mod_vvisit_counterБәрі1476411

Серіктестер