Онлайн газет



ҚҰРБАН АЙТ- ҰЛЫҚ МЕЙРАМ

Құрбан айт ораза айттан соң 70 күннен кейін басталып, үш күнге созылады. Биылғы жылы Құрбан айт 20, 21, 22 шілде күні тойланады.
Құрбан – араб тілінде “жақындау” дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы “шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау” дегенге келеді.
Құрбан айт – Алла разылығы үшін мал шалынатын мұсылмандардың айтулы мерекесі. Қажылық өтеушілер Қағбаға жүзін қаратып, Арафатта жалбарынып, дұға жасайды. Исі мұсылман баласы пайғамбарлардың (с.ғ.с.) ісін қайта жаңғыртып, Алла жолында құрбандық шалу арқылы бір-бірін дінді берік ұстануға шақырады.
Құлшылық жасаудың басты мәні – Жаратушының жарлығына бағыну, разылығына ұмтылу, сауап жинау. Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.
Құрбан шалу- Ибраһим (ғ.с.) пайғамбарымыздан жалғасып келе жатқан сүннет. Аллаһ Тағаланың Құран Кәрімде: “Намаз оқы және құрбан шал” деп бұйыруы құрбан шалудың уәжіптігін білдіреді.
Құрбан шалу белгілі бір адамға уәжіп болуы үшін мына шарттар керек:
•мұсылман болу;
•Құрбан айт уақытында жолаушы болмау;
•негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу.
Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки құнына тең келетін ақша. Нисап мөлшерінде артық қаражаты болмаса да, кедей мұсылман кісінің құрбан шалуына болады.
Жалпы Ханафи мәзһабында құрбан айтта шамасы жеткендерге құрбан шалу – уәжіп.
Құрбан шалудың уақыты Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні күн батқанға дейін жалғасады.
Құрбандық шалғанда, ең алдымен, құрбан шалынатын жердің таза болуына көңіл бөлу маңызды. Малды соятын жерге ұрмай-соқпай апарып, оны құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызады. Сосын “Иә, Алла Тағалам, Ибраһим мен Мұхаммед пайғамбарлардан қабыл алғаныңдай менің де құрбандығымды қабыл ала гөр!” деп бата жасалады. Сосын “Аллаһу акбар!” және “Лә иләһа иллаллаһ” деп айтылып тұрады.
Малды қинауға болмайды, сол үшін оны өткір пышақпен бауыздайды. Пышақты малдың көзінше қайрауға тыйым салынады. Құрбан шалғаннан кейін малдың қан-жынын далаға қалдырмай, көміп тастаған жөн. Бұл – құрбандық малына әрі құрбан құлшылығына деген құрметтің белгісі.
Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе  секілді малдар жарамды.Қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен, алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса құрбандыққа жарамды. Ал, ешкі міндетті түрде бір жасқа толған болуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады.
Түйе мен сиырды 7 адам бірлесіп немесе бір адам жеке шала алады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек.
Құрбандыққа бір немесе екі көзі соқыр мал, құрбан шалу орнына өз бетінше жетуіне шамасы жетпейтін ақсақ мал жарамайды. Тісінің көбі жоқ, мүйіздерінің бірі сынған мал құрбандыққа шалынбайды. Тым әлсіз мал мен құйрығының жартысынан көбі жоқ және құлағы жоқ мал сойылмайды. Лас нәрсемен тамақтанып жүрген мал да құрбандыққа жарамсыз.
Құрбандық шалған отбасы еттің бір бөлігін өзіне қалдырып, екінші бөлігін ағайын-туыс, көршілерге, ал үшінші бөлігін мұқтаж жандарға үлестіргені абзал.Шалынған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға да болады. Құрбан шалғанда пенделердің ниетінің негізге алынатындығы Құран Кәрімде былайша баяндалған:”Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаһқа жетпейді. Оған жететін жалғыз нәрсе- жүректеріңізге ұялаған тақуалық, Аллаһқа деген құрмет” (Хаж сүресі, 37 аят).
Айт - араб тілінде “мейрам” деген мағынаны білдіреді. Айт намазын оқудың уәжіптігі Құран мен сүннетте айтылған. Біріншісі - Рамазан айты, екіншісі-Құрбан айт. Айт намазына баратын адамдар сол күні ертерек тұрып, ғұсыл алып, таза киім киіп, хош иісті әтір сеуіп, үйінен көтеріңкі көңіл-күймен шығады. Құрбан айтта, керісінше, нәр татпай шыққан дұрыс. Өйткені пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) сол күнгі оразасын жаңа сойылған құрбан етімен ашқанды құп санаған.
Сондай-ақ Ораза айтта пітір садақасы берілсе, Құрбан айтта жай садақа беріледі.
Құрбан айт-мұсылмандардың ұлық мерекесі. Хадистерде жылдың ең қадірлі күні Құрбан айттың алғашқы күні екендігі айтылған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл жайында: “Аллаһ үшін күндердің ішіндегі ең ұлығы-Құрбан айттың бірінші және екінші күні,- деген. Құрбан айттың бірінші күнінің артықшылығы мен ерекшелігі сол күні Аллаһ Тағаланың разылығына бөленуге сеп болатын ең маңызды амалдың істелетіндігінде.
Ұлық мерекеміз - Құрбан айт мүбәрак болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Келе жатқан Құрбан айт мерекесі құтты болып, шалғалы жатқан құрбандықтарыңыз қабыл болғай!
19 шілде-Арапа күні.
20 шілде-Құрбан айттың бірінші күні. Айт намазы таңертеңгі сағат 6.30-да  “Байзақ баба” мешітінде оқылады.
Пандемияға байланысты Құрбан айтта сақтық шараларын қатаң сақтау, мешітке бетперде тағып  келу, жайнамазын өзімен бірге алып келу,  арақашықтықты сақтау талап етіледі.
Ескерту: Айт намазы оқығаннан кейін құрбан шалу міндеттеледі.

Рамиз Азизов,
“Байзақ баба” мешітінің бас имамы.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін84
mod_vvisit_counterКеше333
mod_vvisit_counterОсы аптада84
mod_vvisit_counterӨткен аптада2343
mod_vvisit_counterОсы айда84
mod_vvisit_counterӨткен айда10287
mod_vvisit_counterБәрі1452559

Серіктестер