Онлайн газет



Мәжіліс депутаттары ауданымызда

А.Шотбасова,
«Ауыл жаңалығы».

Апта басында ауданымызға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары А.Мурадов пен Б.Смағұл келді. Халық қалаулылары аудандық әкімшіліктің мәжілістер залында белсенділермен кездесіп, жиын өткізді. Оны ашып, жүргізіп отырған аудан әкімі М.Шүкеев қонақтармен таныстырып болғаннан кейін, іс-сапарға шыққан мәжілісмендердің өңірімізге ат басын бұрудағы негізгі себебін ауызға алды.

Жиында алдымен ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан түскен

 

Ахмет Мурадов сөз сөйледі. Ол Елбасымыздың үстіміздегі жылы жарияланған «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын негізге ала отырып,  оны орындау жолында Мәжіліс мақұлдаған басты заң жобалары туралы әңгіме өрбітті. Өсіп-өркендеген еліміздің бүгінгі жағдайы мен «Нұр Отан» партиясы қабылдаған жаңа Доктрина, оның ұстанымдары және бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу мәселелеріне айрықша мән берді. Ахмет Сейдрахманұлы әсіресе, Ассамблеяның алға қойған мақсаттарын, Қазақстандағы халықтар достығын, бірлік пен береке – басты байлық, ал толеранттылықты сақтау - өмір талабы екендігін ерекше атап өтті.
Келесі кезекте мінбеге көтерілген Б.Смағұл тарихы терең Тараз – таланаттар туған қасиетті мекен, Байзақ жері – батырлар Отаны деп сөз бастады. Мәжіліс депутаты қалаларды былай қойғанда, елдімекендер күннен-күнге көркейіп келе жатқанын, Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен қолға алынған бағдарламалардың жүзеге асырылып,  ел игілігіне берілген ауруханалар мен балабақшалар ерекше мақтаныш сезіміне бөлейтіндігін жеткізді. Ол сонымен қатар, дәстүрлі дініміз бен ұлттық құндылықтарымызды сақтау, жат ағымдардан аулақ болу, жастарға тура жол көрсету мәселелеріне тоқталды.  Бақытбек  Смағұл ауған соғысы ардагерлері қауымдастығының төрағасы ретінде, осы санаттағы жауынгерлердің қоғам алдындағы міндеті жөнінде айтып өтті. Ақынжанды азамат Тараз өңіріне арнап шығарған тамаша жырын оқып, отырғандарды бір серпілтіп те тастады. Жиынға қатысушылар халық қалаулыларына сұрақтарын қойып, жазбаша жылы лебіздерін білдірісіп жатты. Өңірімізге арнайы келген ҚР Парламенті Мәжілісінің  депутаттарына Мұратхан Жүнісәліұлы да аудан тұрғындары атынан алғыс айтып, өлкеміздегі оңды істерді қысқаша баяндады.
Халық қалаулыларымен болған жылы жүздесуден кейін, жеке қабылдау ұйымдастырылды. Депутаттардың алдына келген Сарыкемер ауылының тұрғыны Б.Байболатов республикалық емдеу мекемелерінде  квотамен емделу мәселесі,  зейнеткер Т.Есалиев бүгінде сөз болып жүрген көлік салығының ставкалары туралы, ал, аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, аудандық ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы С.Сыздықов ауған соғысы ардагерлерінің статусы жөніндегі сұрақтарын алға тартып, тиісінше жауаптар алды.
Мұнан кейін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары А.Мурадов пен Б.Смағұл ауданымыздың бір топ белсенділерімен бірге былтыр пайдалануға берілген 600 орындық «Сарыкемер» орта мектебінде болды. Оқу ошағының жанынан ашылған шағын орталықтан бастап, мектеп іші - кітапхана, асхана, спорт залды аралап көрген депутаттар ұстаздармен кездесіп, балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету, кітапханадағы кітап қоры жайында сұрастырып-білді. Кездесу барысында халық қалаулылары ұжымға игі тілектерін айтты. Әсіресе Бақытбек Смағұлдың жастарға арнап оқыған мына өлеңіне риза болған үлкен-кіші ыстық ықыласпен шапалақ ұрды.

Бауырларым, інілерім, ұлдарым,
Қандай ғажап қазақ болып туғаның.
Қасиетін қашырма деп бабаңның,
Басыңды иіп, алдыңа кеп тұрғаным.

Туған жердің гүлдеріндей гүл бар ма?
Туған елдің құшағында туғанда.
Не қыласың өзгелердің жасығын,
Өз атаңның асыл діні тұрғанда!

Тас бүркеніп өзіңді-өзің қинадың,
Айналайын иман жүзді ибалым.
Қымтамаған қазақ халқы ешқашан,
Ару, көркем қыздарының дидарын.

Іріткішіл ағымға ырық бермеңдер,
Адаспаңдар алдағанға сенбеңдер.
Заман өзі тұрған жоқ па көрсетіп,
Не боларын жалған дінге ергендер.

Соны айтып өздеріңе шертем мұң,
Соны ойлап, уайымдап өртендім.
Сендер бұлай тоз-тоз болып жүрсеңдер,
Ие болар, мына елге ертең кім?

Ерлік тұнған менің мынау өлкемде,
Ойға батам, көңіл күйін шертем де.
Киесі бар мына ұлы даланың,
Иесі бар сақтап қалар ертеңге.

Уа, жас ұрпақ – жанартауы сенімнің,
Жұлдызына айналыңдар көгімнің.
Сендерсіңдер тәуелсіздік жемісі,
Көк байрағын асқақтатар елімнің.

Уа, жас ұрпақ – жарқылдаған жасыңдар,
Рухсыздық індетінен қашыңдар.
Аманаттап кетті сіз бен біздерге,
Бұл даланы Бауыржан мен Қасымдар.

 

Тәуелсіздік таңын талай ғасырдан,
Алашым деп азаттыққа бас ұрған.
Оның зарлы, оның заңды жалғасы,
Желтоқсанның қаны судай шашылған.

Ата-баба салтын берік сақтаған,
Ел сендерге қарап тұрып мақтанар.
Ұланы бол егеменді еліңнің,
Отаным деп өлсе кірпік қақпаған.

Ағымдардан абай болып қаптаған,
Оқу оқып, білім алып, баққа оран.
Шұбырынды болса дағы ақтабан,
Қазақ дінін ешқашанда сатпаған.

Отан-Ана тәуелсіздік төрінде,
Қандай бақыт ана сүтін ақтаған!


Осылай жұртшылыққа ерекше әсер қалдырған әдемі кездесу биыл бой көтерген 280 орындық, екі қабатты «Астана» балабақшасында жалғасын тапты. Сәбилер үйінің жағдайымен танысқан халық қалаулылары, Елбасының қолдауымен - болашақ егелеріне жасалып жатқан қамқорлықтарды өз көздерімен көріп, риза болды. Бүлдіршіндердің әннен-жырдан шашуын тамашалады. Мәжілісмендер балаларға сый-сияпаттарын да ала келіпті. Сыйлықтарды жеке-жеке үлестірген халық қалаулылары, кішкентай ұл-қыздарға ұзақ өмір, зор денсаулық тіледі. Мемлекетіміздің мерейін үстем етер азамат болып өсіңдер деген ақ баталарын берді.

Обновлено 10.12.2013 11:05
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін636
mod_vvisit_counterКеше1876
mod_vvisit_counterОсы аптада6653
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда32220
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2202950

Серіктестер