Онлайн газет



ҚОСЫ БАТЫРДЫҢ ЕСІМІ БЕРІЛДІ

Өткен сенбіде, Cуханбаев ауылдық округіне қарасты қарасу елді мекеніне қазақ халқының алмағайып тарихында осынау ұланғайыр даланы ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғаған батырлардың бірегейі - Қосы батыр Сәмбетұлының есімі берілді.

Қазақ - жоңғар соғысының айтулы қаһарманы, он бес жасынан шайқасқа қатысып, жиырма бесінде «ақ сауытты, алмас қылышты хас батыр - Қосы батыр» атанған Қосы Сәмбетұлы ұлттың тұтастығы мен жеріміздің бүтіндігі үшін күрескендігі белгілі. Оның елу жыл аттан түспей, жауына жасындай жарқылдаған, алпыс жасында «Аңырақай» шайқасында қалмақпен болған ұрыста ерліктің ерен үлгісін көрсеткені, мыңбасы, мәмілегер елші болғаны тарихтан аян.
Халқының нағыз қаһарман перзенті атанған Қосы бабамыздың ескерткіші еліміз тәуелсіздік алған жылдары Қарасу ауылының кіреберісіне орнатылып, мешіт салынды. Есімі кіндік қаны тамған туған жеріндегі ауыл, аудан көшелеріне берілген болатын.
Ту ұстаған баһадүр батырдың кіндік қаны тамған, бүгінде оның ұрпақтары тұратын Қарасу ауылын айбыны асқақ, кескіні зор, сом тұлғалы Қосы батыр атымен атау туралы ұлтымыздың аяулы перзенттері, айтулы мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, жергілікті мәслихат депутаттары тиісті органдарға бірнеше мәрте қайырылып, көтерген мәселесі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында оң шешімін тапты. Маңызы зор, мәртебесі биік іс нәтижесінде батырды ұлықтап, баба рухы асқақтап, Сәмбет ұрпағының мерейі тасыды. Осылайша, бүгінгі Қарасу ауылына кешегі қиянда халқының басына ауыр күн туғанда қол бастап, жоңғар шапқыншыларына қарсы қаһармандық ерлік көрсеткен, аты аңызға айналған Қосы батырдың есімі берілді.
Іс-шара ауылға кіреберіске жаңадан тұрғызылған айшықты қақпа (арканы) ашу рәсімінен бастау алды. Бұл қақпа «Қосы батыр» қорының ұйытқы болуымен, батыр ұрпақтарынан жиналған қаржыға қысқа мерзімде тұрғызылған болатын. Пандемияға байланысты  шақырылған адам саны шектеулі болып, барлық сақтық шаралар ескерілді.
Қосы батыр ауылына кіреберісте жаңа қақпаның (арка) ашылуы салтанатында «Қазселқорғау» мемлекеттік мекемесінің төрағасы Кәрім Көкірекбаев, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек, Байзақ ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Өмірбек Бүтінбаев, «Қосы батыр» қорының төрағасы Дәулетбай Есімбеков, аудан әкімі Бақыт Қазанбасов ретімен сөз алып, жүрекжарды жылы лебіздерін білдірді.


Алматы қаласынан келген құрметті қонақ, облыстың бұрынғы әкімі Кәрім Насбекұлы ауылға  қазақ халқының атақты батырының есімі  берілуімен құттықтап, батыр бабалары алдындағы ұрпақтық парыздарын өтеп келе жатқандарға рахмет айтты.
Ел - жұрттың тілегін ескеріп,  рұқсат берген  аудан, облыс әкімдеріне деген шынайы ризашылығын білдіріп, Дәулетбай Есімбеков басқарған қоғамдық қордың үлкен істер атқарғанына тоқталды. Бүгінгі шараға жер шалғайлығына қарамастан Алматы қаласы мен Шу өңірінен келген қонақтар мен ауыл азаматтарына алғысын білдірді.
Қонақтар өз сөздерінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы барша отандастарымыздың көңілінде жүрген дүниелерді дөп басып, алға қарай жүрудің жолын көрсеткенін, ұлт Көшбасшысының тарихи еңбегіндегі «Туған жер» бағдарламасы – елдік пен бірліктің отын жағып, өткен тарихымыздың жаңа дәуірдегі жаңа биіктерін айқындап, топырағы киелі, туған жермен байланысты бекіте түскенін тілге тиек етіп, өсіп келе жатқан өскелең ұрпақ соңғы демі таусылғанша елін қорғаған, жерінің тыныштығын сақтауға аянбай атсалысқан батыр бабаларының есімдерін білуі, оны қадір тұтып, құрметтеуі бүгінгі қоғам алдында тұрған аса жауапты іс екенін жеткізді. Дәулетбай Есімбеков батыр ұрпақтары құрған  қордың  бұрын-соңғы  атқарған  істеріне тоқтала келе, елге еңбегі сіңген азаматтардың аттарын атады.
Толқыныс сезімге толы шарада Қосы батыр ауылы қақпасының (аркасы) лентасын қию рәсімін Кәрім Насбекұлы, Дәулет Жамаубайұлы, Дәулетбай Дасырұлы жасады. Сондай-ақ, бірқатар азаматтар «Рухани жаңғыру» жобасы аясында, Қосы батыр ауылын абаттандыруға қосқан үлесі үшін аудан әкімінің Грамотасы және Алғыс хатымен, аудандық мәслихаттың Алғыс хатымен марапатталды. Атап айтар болсақ, қақпа құрылысына басшылық жасаған Арыстанбек Найзабеков аудан әкімінің Грамотасын, ал, құрылыстың жақсы жүруіне үлес қосқан Айдар Молдабаев пен Сейітжан Желдікбаев аудан әкімінің Алғыс хаттарын алды. Сондай-ақ, Бахтияр Сәтқұлов, Жамбылбек Нұржаубаев, Мәжит Бұралхиев аудандық мәслихаттың Алғыс хаттарымен марапатталды.
Ал, қазақ-жоңғар соғысының айтулы қаһарманы, мыңбасы Қосы батыр Сәмбетұлы бабамыздың ерліктері мен атқарған істерін насихаттау шараларына белсене қатысып, оның есімі берілген ауылға кіреберіске үлкен де айшықты қақпаның (арка) тұрғызылуына қолдау көрсеткен бірқатар атпал азаматтар қатарында облыстық басылымның Бас редакторы Оралхан Дәуіт, Саян Әбиев, Жомарт Өзенбаев, Олжас Өзенбаев, Райымбек Терлікбаев, Қайсар Сәрсенбиев, Дәулет Әшірбеков «Қосы батыр» қоғамдық қорының Алғыс хаттарына ие болды. Марапаттау рәсімін аудан әкімі Бақыт Қазанбасов пен «Қосы батыр» қоғамдық қорының төрағасы Дәулетбай Есімбеков жасады.
Шу ауданынан келген Жамбыл облысының Құрметті азаматы Тұрсынбай Халық сөз алып, Байзақ ауданының басшылығы мен  жұртшылығына алғыс сөзін арнады.
Салтанатты шара соңында оған қатысушылар аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйі көркем өнерпаздарының концерттік бағдарламасын тамашалады.
Тағылымды іс-шараға қатысушылар бұдан кейін Қосы батыр ескерткіш - кешенінде болып, батыр баба рухына тағзым етті. «Байзақ баба» мешітінің имамы Рамиз қажы мен «Қосы батыр» мешітінің имамы Баку қажы оқыған Құранға қол жайды. Шара соңында қонақтар Қосы батырдың ұрпағы, мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы, ақын, драматург, аудармашы Арғынбай Бекбосын ағамыздың қабіріне зиярат етіп, әруағына құран аяттары бағышталды. 

ТҮЙІН: Біз ғасырлар бойы аңсап, еркіндікке қолы жеткен, арман-мұраты ізгілікпен өрілген, сайын даласынан салтанаты тарқамаған, тайқазаны ортаймаған қазақ деген байтақ ел, дария көңіл, текті де дана халықпыз. Сондықтан Тәуелсіздікпен бірге тыныстаған елдік дәстүр мен мемлекеттік мәдениетті, рухы биік руханият пен қажырлы еңбек үлгісін қалыптастырдық. Төрткүл дүниені ат тұяғымен дүбірлеткен даңқты бабалардың «Мәңгілік Ел» мұратын жаңғыртып, жібек жіптей жалғасқан ұрпақтар сабақтастығын қайта жалғадық. Шын мәнісінде, осындай игі істер ұлт егемендігінің жемісі мен жетістігі.

Мұхтар МАНЕКЕЕВ.

Обновлено 09.06.2021 11:14
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін5
mod_vvisit_counterКеше499
mod_vvisit_counterОсы аптада987
mod_vvisit_counterӨткен аптада3455
mod_vvisit_counterОсы айда6612
mod_vvisit_counterӨткен айда18529
mod_vvisit_counterБәрі1435183

Серіктестер