Онлайн газет



ИСЛАМ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫН НАСИХАТТАУДЫҢ ҚАҒИДАЛАРЫН БІЛЕМІЗ БЕ?

Дін - құндылық. Адам баласы жаратылғаннан бері дінсіз өмір сүрген емес. Ислам сөзінің түп-тамыры “салима”, “юслиму”, “ислам”, яғни, бейбітшілік, аманшылық  деген сөздерден бастау алатыны белгілі. Алла Тағаланың “Салам”  деген көркем есімімен сабақтас. Ал шариғаттағы мағынасы “Алла Тағалаға толық мойынсұну”, “Алланың алдында парыздарды орындау” деген ұғымдарды білдіреді екен.
Ислам -Aлла Тағаланың Жəбірейіл періште арқылы сүйікті әрі соңғы  пайғамбары  Мұхаммедке (с.ғ.с) жіберген ең соңғы діні. Ол адам баласына осы дүниеде және ақыретте бақытты өмір сүруге жетелейтін қағидалар жиынтығы.
Тәуелсіз ел тарихы мен мәдениеті көптеген ғасырлар бойы Ислам дінімен тығыз байланыста дамып келе жатқаны мәлім. Алла Тағала тарапынан келген соңғы дін ислам болғандықтан, ол жөнінде Алланың кітабы Құран Кәрімде: «Алланың қасында шынайы дін - Ислам» делінген.
Жақыныңды дінге шақырғанда уағыз айтушының бойында хикмет, сабырлық тағы басқа мұсылмандықтың  сипатын білдіретін қасиеттер болғаны жөн. Алла Тағала Құран Кәрімнің “Нахыл” сүресі, 125-аятында: «Адамдарды Раббыңның жолына даналық және көркем үгіт арқылы шақыр...» дейді.
Адамдарды жақсылыққа үндеу, қоғамға пайдалы іспен шұғылдануына ұйытқы болу, игілікті істерді қолдаудың маңызы зор. Алла Тағала  Құран Кәрімнің «Зарият» сүресінің 55-аятында: «Үгітте! Өйткені үгіт мүміндерге пайда береді» дейді. Сонымен қатар,  «Әл-ағлә» сүресінің  9 аятында «Пайда беретін болса, насихат ет» делінген.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с)  адамдарға насихат айтқан кезде, дініміздің құндылықтарын дұрыс жеткізудің маңыздылығын атаған. Алладан еліміздің, жұртымыздың аманшылығын, бейбітшілігін тілеуіміз - мұсылмандық міндетіміз.
Алла Тағала Құранда айтылатын: «Расында, бір қауым өзін-өзі өзгертпейінше, Алла оны өзгертпейді» дегеннен ілімді әмірмен, күшпен қарумен емес, даналықпен, біліммен жаю керектігін меңзейді.
Уағыз айту - адамдарға дінді жеткізудің бір жолы. Адамдарға насихат айтқан кезде, уағыз - насихат олардың жүрегінен орын алуы  үшін  әуелі өзі дінді, дінге қатысты мәселелерді жетік біліп, Құран Кәрімді, пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өмірін,  хадис шәріптері және сахабаларының іс-әрекетін, ислам тарихын жетік білу міндетті. Кейде адамдар дін насихатшысын тыңдамай жатқан кезде, қазіргі ғылым мен техниканың жетістігіне де сүйене отырып, адамдардың рухани мұқтаждықтарын өтеуге үлкен мән беруіміз айтарлықтай табысқа алып келеді. Осылайша адамдарға қолдау көрсету арқылы  өзімізге көмектесе аламыз.
Тыңдаушының жүрегіне жол таба білу де - өнер. Сыйлық беру, оның маңызды мәселесін шешуге көмектесуге ұмтылу да жақсы әдіс. Мұның барлығы тыңдаушының жүрегін жаулап алуға, сонымен қатар, онымен жеке адамдық достықты қалыптастыруға кәдімгідей жол ашады.
Тыңдаушының деңгейімен санасу, дінге қатысты мәселелер төңірегінде соның  тілінде сөйлеу,  туындаған таластан бойды аулақ ұстау, дін насихатында тыңдаушыға сенімділік ұялату арқылы әр мәселеде Құран мен сүннетке сүйену де  пайдалы. Сонымен қатар, барлық істі шынайы адал ниетпен жасау, адамдар тарапынан туындаған сауалдарға  тиянақты да нақты жауап беру, жасандылықтан  аулақ болу, айтқан насихаттарын әуелі өзі орындауы да үлкен рөль атқарады. Сондықтан өзгелерге насихат айтушы Алла елшісі жасағандай, айтылған барлық нәрсені өзінің жасауы да  маңыздырақ.
Сондай-ақ, уағыз айту барысында уағыздың тақырыбы тыңдаушының жағдайына қарап айтылуы,  уағыз кіріспесінде жалпы мазмұндағы  ғибратты мысалдар келтіру, Құран мен Сүннетте келген қиссаларды келтіру, уағыз тақырыбын ғибратты уақиғалармен, салт-дәстүр қағидаларымен, шешендік сөздермен, нақылдармен қуаттау,  тыңдап отырғандарға жалпақ тілмен, қысқа, дауыс көтермей жеткізу, тыңдаушымен байланысты үзіп алмау адамдарға дінді жеткізудің бір жолы десе де болады.
Хадистерде де насихат айту керектігі туралы сөз болады. Бір сөзінде ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Дін дегеніміз насихат» дейді. Сахабалар «Кімдер үшін насихат?» деп сұрағанда, «Алла және  елшісі, кітабы, мұсылман басшылар және бүкіл мұсылмандар үшін» деген жауап естіген.
Имам Ғазали «Насихат айту − дініміздегі әуелгі міндет» деп түсіндіреді. Сондықтан жақынымыздың  жақсылығына себеп болудың өзі  үлкен сауап болып табылатындығын ұмытпайық.
Жалпы алатын болсақ, ислам діні ізгіліктің жаршысы екені баршамызға белгілі. Жүрегіне иман нұры қонған адам жамандық атаулыдан іргесін аулақ ұстауға тырысатыны сөзсіз деп білеміз. Өйткені ол ешқашан да санасын жаман ойлармен улауға жол бермейді. Жүрегін ылғи да кісіге тән бір жылылық жылытып тұратыны аян. Ондай адамдар кісінің ала жібін аттамауға талпынады, тырысады. Адал жолдан ауытқымау үшін бар күшін сарқа жұмсайды. Мұның бәрі оның Раббысына деген адалдығын, жүрегінің тазалығын көрсете түссе керек-ті.
Бір анығы Ислам - тазалықтың діні. Теріс ағымдағылардың айтағына еріп, жетегінде кеткендер қанша жерден асыл дінімізді жаман қылып көрсеткісі келгенімен, олар өздері ойлаған мақсаттың  үдесінен шыға алмақ емес.Өйткені біз деструктивті дін ағымды таратушылармен қоғам болып күресіп келеміз. Күресе де береміз. Бұл істе біз жұдырықтай жұмыла түскеніміз абзал. Неге десеңіз жат ағымның насихатын жүргізетін ниеті бұзық адамдар ең алдымен жастарымыздың санасын улауға бар күшін жұмсайтынын баршамыз жақсы білеміз. Сол арқылы олар өздерінің қатарын толықтыруға талпыныстар жасайтыны мәлім. Сондықтан да әрбір отбасының үлкендері үйіндегі жасөспірімдерді қадағалағаны дұрыс.
Иә, радикалды діни ағымның жетегіне ергендер өз насихаттарын ғаламтор арқылы жеткізуге тырысып бағатыны айқын. Әлбетте тиісті құзырлы органдар арқылы жыл сайын көптеген қоғамға қауіпті сілтемелер бұғатталып жатады. Бұл құптарлық іс екені сөзсіз. Осылайша олардың арам пиғылдарына тосқауыл қойылып жатқаны қуантады.
Әйтсе де олар өздерінің насихаттарын интернет арқылы жүргізуін толастата қояды дегенге сену қиын. Көптеген әлеуметтік желілерді пайдаланудың нәтижесінде ойы бұзықтар алдымен жастарды өздерінің насихаттарына сендіруге тырысып бағатыны айқын. Сөйтіп, олар идеологиялық майданға шығады. Қоғам осыдан әбден сақ болғаны жөн. Неге десеңіз жастарымыздың бұғанасы бекіп, қабырғасы қатая қойған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, жат ағым насихатшыларына қарсы, әсіресе, жасөспірімдеріміздің бойында иммунитет қалыптаса қоймады. Сол себепті де үлкендер жағы үйдегі балаларын үнемі қадағалағандары жөн. Өйткені жүрегі таза жастарымыз еліміздің ертеңі. Олардың болашақта мемлекетіміздің өркендеуіне қосатын үлестері зор екендігі анық. Тек біз сол жастарымызды көзіміздің қарашығындай қорғай  білуіміз керек.

Рамиз қажы Азизов,
«Байзақ баба» мешітінің бас имамы.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін244
mod_vvisit_counterКеше1558
mod_vvisit_counterОсы аптада5895
mod_vvisit_counterӨткен аптада10587
mod_vvisit_counterОсы айда1802
mod_vvisit_counterӨткен айда45913
mod_vvisit_counterБәрі2253471

Серіктестер