Онлайн газет



“АЙТЫЛМАҒАН СӨЗ ЖЕТІМ”

1998 жылдан 2016 жылға дейінгі аралықта аудандық “Ауыл жаңалығы” - “Сельская новь” газетінің редакторы қызметін мінсіз атқарған, қарымды журналист,  іскер басшы болған Сапар Нұрмаханұлы Қалмұратов дүниеден өтер алдында редакцияға “Айтылмаған сөз жетім” атты мақаласын әкеліп тапсырған болатын. Бүгінгі күннің өзекті мәселесі көтерілген мақаланы оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Редакция ұжымы.

“Айтылмаса сөз жетім” деді атам қазақ. Бүгінгі таңдағы сан түрлі құбылысты, күрмеуі мүшкіл қиын заманда болашақ жас ұрпақ тәрбиесі ақсап тұрғаны ешкімге де жасырын емес. Тәрбиенің басы отбасынан басталатыны, оған қоса ата-бабаларымыз ұстанып келген ұлттық салт-дәстүріміз, ғұрып-әдетіміз ғасырлар бойы үндесіп келе жатқан діни түсінігіміздегі: ...көре тұра, біле тұра айтпау, тіл қатпай үнсіз қалу да күнәға жатады деген ұғым қолға қалам алуға мәжбүр етті.
Сондағы басты көздеген мақсат – көкірегі ояу, көзі ашық, ел болашағы – жастарымыз тәрбиесіне жан-тәнімен алаңдайтын азаматтар назарын бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің біріне, нақтылай түскенде, монша мәдениетіне аударып, көпшіліктің талқысына салу.
Тазалық – денсаулық кепілі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде: «Тазалық – иманның жартысы» деген. Бүгінгі жан-жақты өркендеп, дамыған заманымызда моншасыз өмірдің өзін елестету қиын.
Жалпы моншаның пайда болу тарихына үңілер болсақ, оның қалай және қашан пайда болғандығы туралы нақты дерек жоқ болғанымен қажеттілігіне орай, оны алғашқы болып мұсылман қауымы ойлап тапқан көрінеді. Тіпті кешегі патша сарайларының өзінде монша болмаған кездің өзінде, Ибн Сина, Рази, Абдулқаһир, Сахир ибн Насруллаһ сынды мұсылман ғалымдардың сабынды ойлап табуы өз алдына, моншаның адам денсаулығына қаншалықты пайдалы екендігін зерттеп те үлгерген екен. Қоғам өмірінің кез келген саласында сол елдің ұлттық салт-дәстүрі, ғұрып – әдетіне сәйкес қалыптасқан мәдениеті, әдебі (діни тілмен айтқанда – үкімі) болары заңдылық. Мысалға, мұсылман қауымының моншаға түсу әдебі мен үкімдерінің бірінде: «Ер кісілер де, әйел кісілер де өзара бірнеше адам болып моншаға түсетін болса, бір-бірлерінің әурет жерлерін көрмеулері қажет, көрген күнде ол харамға жатады. Әурет жерін ашып шомылатын болса, күнәһар болады» делінсе, келесі бір үкімде: «Егер бір кісі жалғыз өзі шомылғанда жалаңаштанса харам болмаса да, мәкруһке жатады. Оның әурет жерін  жауып шомылуы сүннетке жатады. Жалаңаштанған жағдайда да құбылаға қарап тұрмауы қажет» делінген. Жоғарыда айтылғандай, бұл діни тұрғыдағы қасиетті Құран аяттарынан негіз алып туындайтын дін ғұламаларының үкімдері. Олардың әрбір адам баласын, жалпы адамзатты атты жамандықтан, ұят қылықтардан арылту, дұрыс бағытта тәрбиелеу арқылы қоғам өмірін дамытуға, өркендетуге бағытталғандығын дәлелдеп жатудың қажеттілігі жоқ деп ойлаймыз. Олай болса, “Ұлы сөзде ұят жоқ», демекші бүгінгі таңдағы біздің моншаларымыздағы көріністерді бір сәтке көз алдымызға келтіріп көрейік.
Жасыратыны жоқ, кез келген қоғамдық немесе жанұялық моншада әке мен баланың немесе атасымен немерелерінің тыр жалаңаш емін-еркін, бір-бірінен тартынбай шомыла беретіндері бүгінде көз үйреншікті жағдайға айналғаны қашан. Меніңше, бұл келеңсіз көрініс, “қазаннан қақпақ кетсе, иттен де ұят кетедінің”, яғни әке мен баланың, ата мен немеренің, аға мен інінің арасындағы адам баласына ғана берілген (өзге тіршілік иелеріне берілмеген) ең қымбат, ең нәзік саналатын – ар, ұят, намыс сияқты қасиеттердің біртіндеп жойыла басталуына әкелетіндігі анық. Бұл кешегі ата-бабаларымыз ұстанып келген салт-дәстүрден, ғұрып-әдеттен ауытқып, өзге жолға түсіп кету деген сөз.
Ұрпақ тәрбиесі жайында әңгіме қозғай отырып, шапырашты Қазыбек Тауасарұлының «Түп-тұқианнан өзіме шейін» атты тарихнама негізінде жазылған кітабынан бір көрініс (эпизод) еріксіз еске түсіп кетті.  Өз заманының қиындықтарына қарамай, әкелерінің ұйғарымымен білім алу мақсатында Самарканд, Бұқара қалаларынан бастап, сегіз жыл бойы көптеген өзге елдерді аралап, өз еліне Ресей аумағы арқылы қайтып келе жатқан бас кейіпкеріміз (аталмыш кітап авторы) және оның серік-жолдасы Өтеген екеуінің қыс мезгілі өткенше уақытша жалданып, бір орыс байдың үйінде жұмыс істей жүріп көргенін былай суреттейді: «...біз орыс елінде бес жарым ай аралап жүргенде, олардың кім екенін анық білдік. Ең алғаш біз еуропалықтар сияқты бұлар да мәдениетті деп ұғатынбыз. Осында «Пашка косой» атанатын бай орыс тұрды. Біз соған жалданып жұмыс істедік. Бір күні Өтеген Пашка  косойдың бәйбішесін боқтап, үйге кірді. Ол Пашка бәйбішесінің түрегеп тұрып дәрет сындырғанын, сөйтіп, зәрін тобығына дейін ағызып, ақыры, белдемешесімен бұтын бір сүртіп кетіп бара жатқанын көріпті. «Япырай бұл елді мен әжептеуір ел десем, әлі жабайы екен ғой», - деп налыған еді. Бұлардың ұяттарының жоқтығын тағы әшкере еткен Өтеген болды. Бір күні біз қатарлы кіші ұлы Борис бізді моншаға шақырды. Біз олардың моншасына бармайтынбыз. Жертөледе шомылатынбыз. Мен бармай қалдым да Өтеген: «Мұнысын да бір көрейін», - деп кеткен болатын. Қыстың күнінде Өтеген аяғын киюге шамасы келмей, тонын желбегей жамылып, екі етігін қолына алған бойы жертөлеге жетіп келді. «Бұлар адам емес, бұлар мал», - деп ұрсады. Өтеген кіші ұлы Борис пен моншаға бәрінен соң, ауыз үйге шешініп енді кіріп барса, Пашка  косой, оның бәйтбішесі, үлкен, ортаншы екі ұлы, үш келіні, үш қызы бәрі бірдей жалаңаш араласып шомылып, жуынып, сабаланып жатқанының куәсі болады. Сонан соң Өтеген әлгілерге қарауға дәті шыдамайды да, сыртқа тура қашады.
Міне, бұл өмірден алынған шынайы көріністі шамамен он бес, он алты жастағы қазақ бозбаларының сегіз жыл бойы өзге елдерді аралап, білім-ілім іздей жүріп, көздерімен көріп естігендерін жазып қалдырғаны. Баяндалған кішкене ғана көріністен сол тұста өмір сүрген ата-бабаларымыздың биік мәдениетінің, адами қасиеттерінің деңгейін көрсетіп отырған жоқ па? Сол естелік кітапта суреттеліп отырған көрініс біздің  бүгінгі күнделікті өмірімізге де дендеп еніп келгенін мойындауымыз керек. Сондықтан мұндай мәселеге атүсті қарамай, әрбір отбасынан бастап, әрбіріміз ұлтымыздың тәрбиелік мәселелеріне айрықша көңіл бөлуіміз маңызды.
«Уақытың кетті - нақтың кетті», - деп дана халқымыз бекер айтпаса керек. Адам баласы, (әсіресе жастар) жаман әдетке тез бейімделіп, керісінше одан арылуы қиынға соғарын үнемі қаперімізде ұстағанымыз жөн болар. Өмір дегеніміз – күрес. Ал шынайы өмірде, әсіресе ұрпақ тәрбиесінде ұсақ-түйек, майда-шүйде нәрселер болмайды. Олай болса, аға буын өкілдері әрбір іс-әрекетімізге жауапкершілікпен қарап, ұмтылайық.

Сапар ҚАЛМҰРАТОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін446
mod_vvisit_counterКеше1876
mod_vvisit_counterОсы аптада6463
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда32030
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2202760

Серіктестер