Онлайн газет



КІТАП – САРҚЫЛМАС РУХАНИ ҚАЗЫНА

«Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тиылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік».
Ғабит Мүсірепов.

Кітап таңдап, талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсеріңді  өмірлік қажетіне жарата білу – әрбір адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайтын алғышарттардың бірі екені даусыз.

Кеше, аудан орталығындағы №1 мектеп – гимназиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен мектеп кітапханаларына қоғамның назарын аудару мақсатында қолға алынған «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында ұйымдастырылған «Кітап – сарқылмас рухани қазына» байқауы өз мәресіне жетті.
Үш күнге созылған білім бәсекесіне аталмыш мектеп-гимназияның 4-10-сынып аралығындағы оқушылар байқау шарты бойынша оқуға ұсынылған көркем шығармаларды оқып, талдап берген болатын. Төменгі сыныптар, орта және жоғары буын оқушылары арасында өткен байқауға 57 оқушы қатысып, әділқазылар алқасының шешімі арқылы жеңімпаздар іріктелді. Ең алғаш рет білім беру мекемесіндегі тәрбие орталығы бастамасымен кітапханашылар ұйымдастырған байқаудың әр буын оқушыларына бағалы сыйлықтар демеушілер және мектеп түлектері тарапынан алынды.
Қорытынды марапаттау салтанатында мектеп – гимназия директоры Гүлпаш Жаманова сөз алып, айтулы шараның маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, мектепте тың бастама ретінде жүзеге асырылып жатқан игі істің дәстүрлі түрде өз жалғасын табатындығына сенім білдіріп, ауқымы кеңейіп, талабы күшейген байқау қатысушыларына сәттілік тіледі. Шарада 9-сынып оқушысы Әсем Жұмахан әуелете ән салса, 8 «в» - сынып оқушысы Зейінбек Бекназарұлы күмбірлете «Аққу» күйін орындады. Сахна төріне байқауға қолдау көрсеткен демеушілер мен ұстаздар, әділқазылар алқасы мен ата-аналар ретімен шақырылып, ізгі тілектерін білдіріп жатты. 
Байқау нәтижесінде, әділқазылар шешімімен 4,5-сынып арасында 4 «д»-сынып оқушысы Жазира Рахат мен 5 «г» - сынып оқушысы Ақбота Қыдыр үшінші орынға лайық деп танылса, 5 «а» - сынып оқушысы Ибрахим Назарбай жүлделі екінші орынды иеленді. 4 «г» - сынып оқушысы Мерей Тазабек бірінші орынға табан тіресе, 5 «г» - сынып оқушысы Іңкәр Телмахан бас жүлдеге лайық болды.
6, 7 - сыныптар аралығында үш бірдей үшінші орынға 7 «г» - сынып оқушысы Мөлдір Базарымбет, 6 «е» - сынып оқушысы Жанат Оразбаева, 6 «б» - сынып оқушысы Назерке Қасқырбай ие болса, екі бірдей екінші орынға 7 «ә» - сынып оқушылары Дияна Мырзахан мен Мирас Дәулетбай лайықты деп танылды. Тиісінше, бірінші орын 7 «а» - сынып оқушысы Алина Дүйсеноваға және бас жүлде 6 «г» - сынып оқушысы Ұлпан Сүндетке берілді.
Ал, 8,9,10 - сынып оқушылары арасында өткізілген кезеңде 8 – сынып оқушылары белсенділік танытты. Атап айтқанда, бас жүлдеге 8 «г» - сынып оқушысы Альфия Абзал, бірінші орынға 8 «а» - сынып оқушысы Қарасай Батихан ие болды. Жүлделі екінші және үшінші орындар 8 «б» - сынып оқушысы Диана Еркебайға, 10 «ә» - сынып оқушысы Құралай Қанатова мен 8 «ә» - сынып оқушысы Сезім Мақұлбайға бұйырды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер демеушілер тағайындаған бағалы сыйлықтарға, атап айтар болсақ, велосипедтер, гироскутер, тоғыз құмалақ, шахмат, монополия, тақта, тағы да басқаларға ие болды. Одан бөлек, баға жетпес байлық саналатын М.Әуезовтың «Абай жолы» 4 томдығы, А.Құнанбаевтың «Сен де бір кірпіш дүниеге...», «Қалың елім қазағым», Ы.Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылық», Ж.Жабаевтың «Халық менің шын атым», Ш.Айтматовтың «Жамила», Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар», Ү.Битенованың «Балабақшадан басталған...» шығармалары табыс етілді.
Марапат соңы 11-сынып оқушысы Мадина Бекназарованың орындауындағы «Қазақстан, алға!» әнімен қорытындыланып, салтанатты шара қатысушылары естелікке суретке түсті.   
Кітап – білімнің қайнар көзі, онсыз ХХІ ғасырда өмір сүру мүмкін емес. Жаһандану заманында компьютер тілін жетік меңгерген де дұрыс. Бірақ, кітаптың жөні бір бөлек екені анық. Ғаламтордағы сапасыз ақпарларды ақтарғанша, кітапты парақтап, дәстүрлі түрде білім алған әлдеқайда ұтымды.
Мектеп - гимназия кітапханасының қабырғасында өткізіліп жатқан осындай шараның жастарға берері мол. Олардың назарын кітапқа бұрып, қызығушылықтарын оятуға сеп болады. «Кітап – сарқылмас рухани қазына» байқауының негізгі мақсаты да сол.

Халипа СЕРІКБАЕВА,
№1 мектеп – гимназиясының кітапхана меңгерушісі.

Обновлено 01.04.2021 10:01
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін389
mod_vvisit_counterКеше620
mod_vvisit_counterОсы аптада1460
mod_vvisit_counterӨткен аптада4450
mod_vvisit_counterОсы айда6938
mod_vvisit_counterӨткен айда22211
mod_vvisit_counterБәрі1416468

Серіктестер