Онлайн газет



ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРТТАРДЫ ҚҰТТЫҚТАДЫ

Шығыс халықтарына ортақ үлкен мейрам Наурыз – бірліктің, татулықтың, ізгіліктің, бақыттың мерекесі келіп жетті. Ақтың молаятын, жарықтың ұзаратын, нұрдың молығатын, тіршіліктің жаңаратын, өмірдің жаңғыратын, пейілдің түзелетін, көңілдің кеңейетін кезеңі – Наурыз мейрамы Байзақ ауданында да өз дәрежесінде аталып өтілді.
Ұлыстың ұлы күнінде аудан әкімі Нұржан Нұржігітов пен аудандық мәслихат хатшысы Бақтияр Ақбаев Диқан ауылдық округі, Аймантөбе ауылының тұрғыны, 85 жастағы қазыналы қария Шайдозым Көлбайдың отбасына барды. Бүкіл өмірін қажырлы еңбекке арнаған қарттарға құрмет көрсеткен Нұржан Молдиярұлы сый-сияпат тарту етті. Амандық - саулық сұрасудан басталған жүздесу мағыналы әңгімеге жалғасты.
– Шырағым, бүгінде 85 жастың биігінде тұрмын. Осында туып, осында өстім,  ешқайда кеткем жоқ. Колхоз бен совхозда бел шешпей жұмыс істедім. Қазіргі таңда, 120 мың теңге зейнетақым бар. Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен теңестірілген «Еңбек ардагері» деген атаққа ие болдым. Жағдайым жақсы, бала-шағаның арқасында шапқылап жүрміз,-деген қария өткен күннен естелік айтты.
«Соғыс кезінде 9 жастағы бала едім. Ол уақытта масақ тереміз, қызылшаға барамыз. Таңғы сағат алтыда барамыз да атқа жегілген культиваторға отырамыз. Содан бел жазбай еңбектенеміз. Осылайша, бала күнімізден еңбекке ерте араласып, көптеген қиындықтарды жеңе білдік. Содан жасым 48-ге келгенде «Еңбек ардагері» атандым. Құрмет тақтасында суретім тұратын. Ол да атқарған тынымсыз еңбектің өтеуі», - дейді.
– Мереке құтты болсын, апа екеуіңізге ұзақ өмір, отбасыға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін, - деп ізгі ниетін білдірген аудан басшысына қария ақ батасын беріп, елеп-ескеріп келгендігі үшін ризашылығын жеткізді.

*   *   *
Бұдан соң аудан әкімі Нұржан Нұржігітов, аудандық мәслихат хатшысы Бақтияр Ақбаев, аудан әкімі аппаратының басшысы Еркін Заурбеков Қостөбе ауылдық округі Талас ауылының тұрғыны, 83 жастағы қарт Бинали Фазлиевтың отбасында болды.
Өздерін Ұлыс күнімен құттықтай келген аудан басшылығына рахметін білдірген қария өмірбаянын айтып, емен-жарқын сұхбат құрды.
Сонау 1944 жылы, сұрапыл соғыс кезінде Грузиядан Қазақстанға анасы Алмас екеуі жер аударылып келген Бинали Фазлиев сол кезде бар-жоғы жеті жаста болған екен. Содан, арада екі жыл өткенде анасы қайтыс болып, жетім қалады. Ел басына түскен қиын кезеңде “Трудовой пахарь” колхозында (қазіргі Түймекент) соғыста елге оралған Кеншібай есімді кісі асырап алады.
– Туған анам тоғыз ай ішінде көтеріп, жеті жыл бақты. Ал, кейіннен бала қылып асырап, ешкімнен кем қылмай он тоғыз жыл бағып – қаққан кісілерді қалай әке-шешем демеймін. Орта жүздің Тарақты руынан, одан Тоқтамыстан тарайды. Сондықтан, мен де қазақтың бір баласымын. Арғы атам түрік болса да, қазақ-түрік бір туған. Бұл Талас ауылына 1961 жылы келгенмін. Содан бері осында тіршілік етудемін. 41 жыл еңбек етіп, зейнетке шықтым, - дейді қария ағынан жарылып. 
Аудан басшысы әр ісi ізеттілік пен үлгi-өнегеге толы қадiрмендi қариялардың елге сiңiрген ерен еңбегі ұрпақ санасында мәңгі сақталарын жеткізді.

Мұхтар МАНЕКЕЕВ.

 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін885
mod_vvisit_counterКеше1876
mod_vvisit_counterОсы аптада6902
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда32469
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2203199

Серіктестер