Онлайн газет



АҢЫЗҒА ТОЛЫ АҚТӨБЕ МАЗАРЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын ұлт пен ұрпақтың санасына сіңіру мақсатында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты жобаны қолға алуды тапсырған болатын. Осы орайда киелі Әулиеата жерінің рухани төлқұжатына айналған тарихи орындар мен талай уақыт тасады жатқан киелі жерлердің тізімі жасалып, жоғымыз жауһарлармен толықты. Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының деректері бойынша аймақта тарихи оқиғалар орын алған, бабалардың ізі қалған жерлерді назарда ұсынуды жөн көрдік. Тарихты тұлғалар жасайтынын ескерсек, ендігі кезекте тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті орындарға тоқталып өтпекпіз.
Ақтөбе мазары Байзақ ауданы, Абай ауылының солтүстік-батысында 6 шақырым және Мәдімар ауылынан 15 шақырым қашықтықтағы жазықта орналасқан. Мазар XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың басына жататын жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енген.
Ескерткіш нысанда 1936 жылдан бастап әр кезеңдерде ғылыми-зерттеу, жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген.
Кесененің шаршы тәрізді аумағы 6,2х6,2 метрді құрайтын бір бөлмелі құрылыстан тұрады. Құрылыстың негізгі қабырғасы күйдірілген кесектен қаланған. Төбесі көлемді келген биік барабанды күмбезбен жабылған. Ішкі жақтаулары төртбұрышты күмбез, асты желкенге бекітілген. Қасбеті төртбұрышты портал түрінде өрілген, биіктігі – 8 метр. Кіреберіс босаға ішке қарай айтарлықтай жақындай түскен және сыртқы жиектері «П» тәріздес шығыңқы етіп қаланған жиектеулермен безендірілген. Қабырғасы сыланып, әк қоспасымен әктелген. Бастапқыда алебастрланып, аңшылық көріністері, тұрмыс пен қару-жарақ құралдары салынған қолтаңбалар болғанға ұқсайды. Қабір үсті құрылысы байқалмайды, едені топырақпен тегістелген.
Ақкүмбез (Құлан – Бұлан) халық арасында әулиелі жер, киелі мекен ретінде кең танылған. Ертеректе басында шырақшысы болғандығы да айтылады. Күмбездің қабырғалары мен төбесінде арабша жазулар, әртүрлі суреттер: байлаудағы жылқылар, ұзатылған қыздың көріністері бар бейнелер болған. 1970 жылдары қабырғалары мен күмбезі айтарлықтай бұзылып, 1980 жылы жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілгенде суреттер мен жазулар жойылып кеткен. Күмбездің астында үңгір болған дейді. Күмбездің солтүстік жағында 30 метрдей жерде ақыр түрінде ойылған үлкен қызыл тас болған. Оны Құлан төренің атақыры деп атаған. Ол тас екінші дүниежүзілік соғыс жылдарына дейін сақталып келген, кейін белгісіз себептермен жоғалып кеткен.
Сол кездердегі Тараз өңірінде Құлан төре Аспандияр ханның ұрпағы, халық арасында өзінің әулиелік қасиетімен, діндарлығымен ел басқарып, үлкен беделге ие болған адам.
Кейін басына тұрғызылған күмбезге де халық көптеп келіп, мінажат ететін орынға, әулиелі, киелі жерге айналады. Кеңестік кезеңнің алғашқы жылдарында хан тұқымының ордасы деп, халық көп келетін жерді санадан өшіру үшін коммунистердің сол күмбезді бұздыруға барған тракторы аударылып, адамы сол жерде мерт болған. Осыдан кейін оны бұзуға ешкімнің дәті бармай, күмбез аман қалған. Айналасындағы ел-жұртты күштеп басқа жаққа қоныс аударуға мәжбүрлеген.
Халық арасында таралған аңыз-әңгімелерінде Ақтөбе мазарында Құлан деген өзі төре, өзі би болған адам жерленген (кейбір әңгімелерде мазарда екі ағайынды Құлан және Бұлан деген төрелер жерленгені айтылады) делінеді.
Құлан XIX ғасырдың 30-жылдары ұлы жүздің руларын басқарған сұлтан болған. Қытай билеушілерімен тығыз байланыста болғандығы және Қытай деректерінде Құланды қоқандықтар қанша өздеріне икемдеп, қол астына тартса да, ол көнбей, мұны императорға хабарлап, сый-сияпат алғаны айтылады. Аңыздарда Құлан бидің атының үзеңгісіне у жағып жіберілген, ол осы Ақтөбе деп аталатын жерге келіп қайтыс болған делінеді.
Бүгінгі таңда жергілікті тұрғындар кесенеге келіп мінажат етіп, қасиетті мекен ретінде құрметтейді.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ,
«Arai» газеті.

Обновлено 25.02.2021 10:40
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін1280
mod_vvisit_counterКеше1876
mod_vvisit_counterОсы аптада7297
mod_vvisit_counterӨткен аптада10080
mod_vvisit_counterОсы айда32864
mod_vvisit_counterӨткен айда25735
mod_vvisit_counterБәрі2203594

Серіктестер