Онлайн газет



МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ ЖАСАЛҒАН КҮН

Жексенбі, 10 қаңтар күні елдің мүддесі мен мұраты ескеріліп, алдағы жылдардағы бағыты мен бағдары айқындалған маңызды қадам жасалды. Осы күнге тағайындалған Қазақстан Республикасы  Парламенті Мәжілісі және мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауы Байзақ ауданының барлық отыз тоғыз сайлау учаскелерінде таңертеңгі сағат 07.00-де салтанатты түрде ашылып, аудан тұрғындары өз сайлау учаскелеріне келіп, белсенді түрде дауыс берді.

Біз алдымен сағат 06.50-де Бурыл ауылдық округінде орналасқан №139 сайлау учаскесіне келдік. Мұнда сайлау учаскесі салтанатты түрде 07.00-де ашылып, мемлекеттік Гимн орындалды. Аталмыш сайлау учаскесінің төрайымы Жібек Сәдірмекова құттықтау сөз сөйлеп, алғашқы дауыс берушілерге сый-сияпаттар табыс етті. Сайлауға алғаш дауыс берушілердің бірі, ел ағасы Төлеген Наурызбаев таңдау жасауға отбасымен келіпті. Сайлауға түскен партияларға сәттілік тілеп, халықтың үмітін ақтайды деген сенімін білдірді.
Саодат Умарова, Бурыл ауылының тұрғыны, ұстаз:
- Бүгін мен де өз таңдауымды жасап, дауыс беруге келдім. Біздің ауылдық округте бірнеше ұлт өкілдері тату-тәтті тірлік кешуде. Осындай сәтте қазақ халқына айтар алғысымыз шексіз. Бүгінгі саяси додада партияларға сәттілік тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.
Жанбай Еркебұлан, алғаш дауыс беруші, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті:
- Мен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Бүгін мен үшін қуанышты әрі маңызды күн десем артық болмас. Себебі, алғаш рет Мәжіліс пен жергілікті мәслихаттардың сайлауына қатысып, өз дауысымды бердім. Бұл менің азаматтық борышым деп санаймын.
Сайлау учаскесінде санитарлық талаптар барынша мұқият сақталған. Әрбір таңдаушының дене қызуы тексеріліп, медициналық бетперденің болуы қадағалануда. Бурыл ауылдық округінде 2 890 адам дауыс береді деп күтілуде. Өзге ұлт өкілдері де татулығын білдіріп, белсенділік танытып жатты.
*   *   *
Қостөбе ауылының тұрғындары да саяси науқанның өту барысында белсенділік танытты. №120 сайлау учаскесінде қостөбелік сайлаушылар саны 1 390 адамды құраса, сағат 09.00-ге дейін 300 тұрғын өз таңдауын жасап үлгерген. Таңғы сағат 07.00 - ден бастап сайлау учаскесінде патриоттық әндер қойылып, сайлаушыларға мерекелік көңіл - күй сыйлауда. Қауіпсіздік шаралары да қатаң сақталып, келушілердің дене қызуы тексеріліп, бір реттік бетпердемен қамтылуда.


Ауданға арнайы келген Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының байқаушылар миссиясы  осы сайлау учаскесінен өз жұмыстарын бастады. Өзбекстан Республикасынан келген бақылаушылар сайлау талаптарының сақталуын қадағалады. Сонымен қатар, сайлауға келген ауыл тұрғындарының белсенділігіне ризашылықтарын білдірді. 
Клара Фазилова, қысқа мерзімді халықаралық бақылаушы:
- Мен Өзбекстан Республикасының Сырдария облысынан халықаралық бақылаушы есебінде келіп отырмын. Бүгінгі сайлауға халық белсенділік танытып, жақсы келіп қатысып жатыр. Барлық талаптар сақталғанын көрдік. Сырдария облысынан келген делегация Тараз қаласынан өз жұмысын бастаған болатын. Барлық сайлау учаскелерін аралап жатырмыз. Сайлау барысы қалыпты өтуде. 
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының байқаушылар миссиясы бұдан кейін әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде орналасқан №126  сайлау учаскесінде және Ғани Мұратбаев атындағы гимназиядағы №128 сайлау учаскелерін аралап, оң бағасын берді.
*   *   *
2 890 дауыс берушілері бар әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде орналасқан №126 сайлау учаскесі де қарбаласқа толы. Сағат тілі 10.30-ды көрсеткен сәтте таңдаушылардың белсенділігіне куә болдық. Сондай-ақ, пандемия кезіндегі саяси науқанда санитарлық талаптардың қатаң сақталуы басты назарда болды.
Кіреберісте келген таңдаушылардың алдымен дене қызуы өлшеніп, бетпердесі жоқтарға бетперде және қаламсап үлестіріліп жатты. Дауыс беруші арақашықтықты сақтай отырып, жеке куәлігі мен өз бет-бейнесін көрсетіп, тиісті бюллетеньдерді алғанын растап қол қойған соң жеке кабинаға кіріп таңдауларын жасады. Учаскедегі сайлау барысын саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер, Қазақстанның азаматтық Альянсы, кәсіптік одақ өкілдерінен құралған бақылаушылар қадағалап отырды.
№126 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Сәкен Сыздықов митингіні кіріспе сөзбен ашып, учаскелік сайлау комиссиясы мен мүшелерінің  міндеттері туралы қысқаша хабарлама жасаған. Одан кейін аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Жұманғали Құмғанбаев, еңбек ардагері Сайлаубек Наурызбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Бесбаев сөз сөйлеп, егемен еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму және өркендеу кезеңдері туралы, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салалары бойынша атқарылып жатқан іргелі істерге тоқталып, өз таңдауларын жасайтындықтарын мәлімдеді. Мерекелік көңіл күйде отбасымен сайлауға келген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Бесбаевты сөзге тарттық.


- Бүгін аудан халқы өз таңдауларын жасап жатыр. Таңдаушылар өздері қалаған партиясына дауыс береді деп ойлаймын. Бұл кез келген азамат үшін болашақтың негізін қалауға үлес қосатын аса маңызды оқиға. Мен еліміздің одан әрі дамуға жетелейтін реформалар жолымен жүретініне сенімдімін, - дейді ардагер қария.
Аталған сайлау учаскесіне аудан әкімі Нұржан Нұржігітов пен аудандық мәслихаттың хатшысы Нұржан Тлепов бірге келіп, өз таңдауларын жасады.
Сайлау учаскесіндегі қарбалас жалғасып жатты.
*   *   *
№1 мектеп-гимназиясының ауласында мерекедегідей әсем әуен шалқиды. Мұнда орналасқан №127 сайлау учаскесінде дауыс беру уақытысында салтанатты жағдайда басталды. Мерекедегідей көңіл-күймен келіп дауыс беріп жатқан жұртшылықтың бюллетень алуына, кабинаға кіріп-шығуына еш кедергі жоқ. Кәмелет жасына толып, алғаш дауыс берген жастарға естелік сыйлықтар тапсырылған.
Учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері бұрынғы сайлаулардан жинаған тәжірибелері бойынша сағат 11.00-ден әрі қарай белсенділік арта түсетінін айтты.
- Өздеріңіз көріп тұрғандай, сайлаушылардың белсенділігі жоғары. Егде жастағы кісілер отбасыларымен келіп, көпке үлгі болуда. Солардың бірі – Д.Қонаев көшесі №179 үйдің тұрғындары Еспенбетовтер отбасы - дейді бізбен әңгімесінде учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы, осы мектеп-гимназияның директоры Күлпаш Жаманова.
Сайлау учаскесіне келген азаматтардың дене қызуы өлшеніп, еденде белгіленген жолақ бойымен дауыс беруге өтіп жатты. Әр сайлаушы алфавиттік тәртіппен өз аты-жөнін тізімнен тауып, сайлау бюллетеньдерін алып, таңдауларын жасады. Саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен тәуелсіз байқаушылар дауыс беру барысын қадағалап отырды.
*   *   *
Бұдан кейін Нығметулла Киікбаев атындағы мектеп – гимназиясындағы №130 сайлау учаскесінде де болдық. Таңдау жасауға деген жұртшылықтың ықыласы жоғары екені анық байқалды. Келушілер үшін оңтайлы қызмет жасалған.
- Өздеріңіз көріп тұрғандай, сайлау уақыты басталғаннан бастап жұртшылық үлкен белсенділікпен келіп жатыр. Әзірге ешқандай арыз - шағым тіркелген жоқ. Сайлау барысын жүргізуге қажетті құрал - жабдықтар толық қамтамасыз етілген, - дейді №130 сайлау  учаскесі комиссиясының төрағасы Нұрсұлтан Қошанов.
Ал, өз таңдауларын жасауға келген Қарасу көшесі №8 үйдің тұрғындары, жас отбасы Марат Акчалов пен Асылзат Өсерқызы тұрақтылық үшін дауыс бергендерін айтады.
*   *   *
Жамбыл орта мектебінен орын алған №143 сайлау учаскесіне түс ауа жолымыз түсті. Өзін комиссия төрағасы деп таныстырған Нұрлан Сатқұлов Жетібай ауылында сайлаушылар саны 1 282 адамды құрайтынын, олардың 850-і өз таңдауларын жасап қойғанын, үй – жайдан дауыс беретін 22 тұрғыннан өтініштері алынып, дауыс беріп жатқанын жеткізді.
- Сайлау учаскесінде сол сағат 09.00-ден 12.00 аралығында келіп дауыс бергендердің қарасы қалың болды. Отбасымен, туыс-туғандарымен топ болып келгендер аз болған жоқ. Сайлаушылардың көңіл-күйін көтеру мақсатында мұнда алғаш дауыс берушілерге құрмет көрсетіліп, сый-сияпат жасалды. Әрине, санитарлық талаптарға да аса мән берілді. Кіреберісте антисептикпен қол жуу, арақашықтықты сақтау, дене қызуын тексеру міндетті іс-шаралар, - дейді Нұрлан Бөлекбайұлы.
Комиссия төрағасымен және бақылаушылардың қатысуымен Жетібай ауылының қарт тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Рахымжан Мамыралиевтің үйіне бардық. 96 жастағы қарт майдангер өз таңдауын жасап, дауыс берді.
- Сайлау мемлекет өміріндегі үлкен саяси оқиға. Сайлаушылар дауыс беру арқылы қоғамға деген қарым-қатынасын білдіреді. Сайлауға қатысу ел тұрғындарының азаматтық борышы, - деген қарт сайлаушы аталық ақ батасын берді.
*   *   *
Ынтымақ ауылдық округіндегі №116 сайлау учаскесіне 17.00-де бардық. Біз барғанда ауылдың 83 жастағы қарт тұрғыны Ильяс Көбеев ақсақал өз таңдауын жасап, дауыс беріп жатыр екен.
- Тәуелсіз еліміздің өркендеу жолындағы мұндай жауапты науқанға жұмыла атсалысу біздің болашағымыз үшін маңызды. Қашанда ынтымақты ту етіп, бірліктің бекем болмысын танытып келетін Байзақ елінің жұртшылығы бұл саяси науқаннан да жоғары жетістіктермен өтеді деп сенемін, - дейді ол.
Сонымен қатар, аудан аумағындағы сайлау учаскелерінде сайлауға дауыс беру жергілікті уақытпен сағат 20.00-ге дейін жалғасты.
*   *   *
Жалпы, аудан бойынша сайлаудың ашылу рәсімдеріне 1 762 адам қатысып, 78 адам сөз сөйледі. Сонымен қатар, 985 жас сайлаушы қатысып, тұңғыш рет дауыс берді. Учаскелік сайлау комиссиялары жас сайлаушыларға сыйлықтар тапсырды. Сайлау учаскелері аумағында кәсіпкерлер дайындаған ауыл шаруашылық жермеңкелері Сарыкемер, Ботамойнақ, Бурыл ауылдық округтерінде ұйымдастырылды.

P.S. Осы күні Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан (ЕҚЫҰ) ұзақ мерзімдегі халықаралық бақылаушылар Пол Уэссон, Евгений Логинов №120, №468  сайлау учаскелерін араласа, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) миссиясынан (Өзбекстан Республикасы) тіркелген Тамара Фахриева, Клара Фазилева, Фахридин Абдусаттаров, Мухсин Саттаров №120, №126, №128 сайлау учаскелерінде болды. Олар сайлау комиссиясының жұмысымен және жергілікті тұрғындардың дауыс беру нәтижесімен танысты. Мұндағы өткізіліп жатқан сайлау барысын қадағалап, сайлаушылардың белсенділігіне жоғары баға берді.

Мұхтар МАНЕКЕЕВ,
Еламан керімбаеВ,
Дәулет ПРІМҚҰЛОВ,
Мерей САРДАРОВ.

Обновлено 13.01.2021 12:05
 

Халыққа жолдау

 

ЖАРНАМА

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterБүгін697
mod_vvisit_counterКеше592
mod_vvisit_counterОсы аптада3695
mod_vvisit_counterӨткен аптада3822
mod_vvisit_counterОсы айда8922
mod_vvisit_counterӨткен айда21298
mod_vvisit_counterБәрі1330325

Серіктестер